Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы серпінді дамып келеді

Кеше Ақкөл ауданының әкімі Талғат Едігенов өңірдің 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және биылғы жылға белгіленген міндеттер туралы тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуін өткізді. Кездесуге облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин қатысты.

Аудан активіне аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, жергілікті кәсіпорындардың, ауыл шаруашылығы құрылымдарының, шағын және орта бизнес өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі баяндамасын өңір экономикасында елеулі орын алатын ауыл шаруашылығы саласының дамуынан бастады. Аграрлы ауданда егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да қарқынды даму үстінде. Мәселен, 2018 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында өндірілген жалпы өнім көлемі 14,8 миллиард теңгені құраған. Нақты көлемі индексі 100,2 пайызға жетіп, аудан бұл көрсеткіш бойынша облыста алдыңғы қатардан көрініп отыр.
– Биылғы жылы аудан диқандары агротехникалық шараларды ұтымды қолданудың арқасында егін орағы уақытында аяқталды. Гектар түсімі 13 центнерден айналып, 166 мың тонна астық жиналды, – деп атап өтті Талғат Едігенов.
Сонымен бірге, аграрлы ауданда мал шаруашылығына зор көңіл бөлініп келеді. Жыл ішінде 3,5 мың тонна ет, 17,7 мың тонна сүт және 58 мың дана жұмыртқа өндірілді. Астана қаласы айналасында азық-түлік белдеуін дамыту бағытында 7 жоба жүзеге асырылуда. Мәселен, Домбыралы
ауылында «Бекқожин» жеке кәсіпкерлігі 90 ірі қара мал, Азат ауылында «Саяси Қолғанат» жеке кәсіпкерлігі 50 ірі қара мал сатып алды. Минское ауылындағы «Бөкей ордасы» серіктестегі мен Домбыралы ауылындағы «Фермер» шаруа қожалықтары әр біреуі 100 бастан ірі қара мал, Кеңес ауылындағы «Сарыдала» шаруа қожалығы 30 бастан ірі қара мал сатып алуды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, 2019 жылы «Еңбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1200 голштин-фриз тұқымды сиырларына арналған сүтті-тауарлы фермасын ашу жобасын жүзеге асырмақшы.
Өнеркәсіп саласында да ауыз толтырып айтар оң нәтижелер баршылық. Аудан әкімі атап өткендей ауданда инвестициялық жобалар да қолға алынуда. «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында, 2018 жылы кәсіпкерлікті қолдау картасына Ақкөл ауданынан жалпы құны 6 миллиард теңге болатын 5 жоба енгізіліп отыр. Ал, жалпы, осы саладағы өндірілген өнімнің көлеміне келетін болсақ, былтырығы жыл қорытындысын бойынша 4,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіш бұрнағы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама жоғары болды. Бұған «ҚазОрман компаниясы», «Үш бұлақ-2005», «Еңбек», «SC Food» және «ТП-1» серіктестіктерінің қосып отырған үлесі зор.
Ауданда кәсіпкерлік те кең қанат жаю-
да. Өткен жылы барлығы 1769 шағын кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Ал, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге 469 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржыға Ақкөл қаласына кіре берістегі 800 метр жолға асфальт төселді. Қалаішілік 45,7 шаршы метр көлемінде жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудандық мақсаттағы 190 шақырым жолдарға қиыршық тас төселді.
Ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Осы бағытта Жалғызқарағай ауылында сумен жабдықтау жүйесін қалпына келтіру жобасы қолға алынып, оған 150 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл жобаны аяқтау үшін ағымдағы жылға республикалық бюджеттен 238 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.
Абаттандыру, санитарлық іс-шаралар, қоқыс шығару бағытында да біраз шаруаның басы қайырылған.
Кездесуде жиналған жұртшылық арасынан шығып сөйлегендер де болды. Ақкөл музыкалық колледжінің директоры Зента Цой, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Мадина Құсайынова сияқты бірқатар тұрғындар аудандық әкімдік тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды.
Жалпы, Ақкөл ауданы 2018 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы бойынша жаман жұмыс істеген жоқ. Ақмола облысы өңірлерінің арасында кейбір салалар бойынша алдыңғы легтен көрінді. Ақкөлдің елімізде алғашқы болып «Ақылды қала» атануы соның бір айғағы іспеттес.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы экономиканы одан әрі нығайтуға, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Осы орайда, ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық жағдайын саралай келіп, Жолдаудағы міндеттерді орындау бағытында биылғы жылы да өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес саласы көрсетіштерін жақсартуға, сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде анықталған жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді деген сенім мол.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *