Мемлекеттік жастар саясаты – қоғам дамуының маңызды бағыттарының бірі

Елімізде жастар саясаты Қазақстан Республикасының «Жастар саясаты туралы», «Қазақстан 2020: болашаққа жол» 2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясаты концепциясы, жастарды әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамтудың жол картасы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мен Жастар жылының ашылуы салтанатында Елбасының алға қойған міндеттері негізінде жүзеге асырылады.

Бүгінгі таңда Ақмола облысындағы жастардың саны 148996 адамды құрайды. Бұл облыс тұрғындарының 20,2 пайызына тең. Ал, ауыл жас-тары барлық жастардың 56 пайызын құрап отыр. Жастардың басым бөлігі облыс орталығы Көкшетау қаласында, одан кейін Целиноград, Бурабай аудандары мен Степногорск қаласында тұрады. Облыс аумағында ашылған 17 жастар ресурстық орталығында 95 адам еңбек етеді. Айта кетейік, Сандықтау мен Егіндікөл аудандарындағы жастар ресурстық орталықтары оңтайландырылды.
Ақмола облыстық әкімдігі жанында жастар ісі жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Бұл кеңес 2011 жылы облыс әкімінің төрағалығымен құрылған болатын. Кеңес құрамына мемлекеттік орган, кәсіподақ, бизнес, ғылым мен шығармашылық қауым, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жұмысшы мамандар, спортшылар, жоғары оқу орындарының ректорлары кіреді. Облыстың ірі кәсіпорындарында, жоғары оқу орындары мен колледждерде жастар ісі жөніндегі комитеттер жұмыс істейді. Өткен жылы олардың саны 41 болатын. Қалалық және аудандық деңгейде аудан, қала әкімдері басқаратын консультативтік-кеңестік органдар бар.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, биылғы жылдың 1 қаңтарында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш республикалық деңгейден 0,5 пайызға төмен. NEET жастарына жататын, яғни, ешқайда жұмыс істемейтін, не оқымайтын жастардың үлесі биылғы жылы 5,9 пайызды құрап, республикалық деңгейден 1,1 пайызға төмен екенімізді көрсетіп отыр.

 

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасын іске асыру аясында өткен жылы 8818 жас бағдарлама қатысушысы атанды, оның 3541-і – ауылда тұратын жастар. Әлеуметтік жұмыс орындарына – 195 жас жұмысқа орналастырылса, жастар тәжірибесіне – 733 адам жіберілді. Жалпы, еңбекпен қамту мекемелерінің көмегімен 7037 адам жұмысқа тұрды.
Жастар саясатын іске асырудың негізгі бағыттарының бірі қылмыспен күрес екенін айтпай кетуге болмайды. Үстіміздегі жылдың алғашқы екі айында жастардың қолымен жасалған 333 заң бұзушылық тіркелді. Бұл барлық заң бұзушылықтардың 38,6 пайызын, ал барлық жастардың 0,22 пайызын құрайды. Сондай-ақ, аталған мерзім ішінде жастар арасында 9 суицид оқиғасы тіркеліп, барлық жасалған суицидтердің 27,2 пайызын құрады. Жастарымыздың мұндай теріс әрекеттерге баратыны өте өкінішті. Бұл проблемалар күн тәртібінде тұрғанымен, олардың әлі де орын алатыны барлық құқық қорғау органдарына, оқу орындарына, жастар ұйымдары мен қоғам мүшелеріне бірлесіп жұмыс істеу керектігін, қылмыспен күрестің ең тиімді әдістерін ойлап табу қажеттігін аңғартып тұр.
2018 жылы облыс бойынша 4700 пәтер пайдалануға берілді. Соның ішінде 1200 пәтер Көкшетау қаласында орналасқан. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 2,3 миллиард теңге болатын 264 өтініш мақұлданды. Бағдарлама арқылы несие алушылардың жартысынан астамы – жас отбасылар. Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазанда жариялаған Жолдауы мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Қазақстан халқына Үндеуінде айтқан «әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктері» бастамасын орындау мақсатында Ақмола облысы әкімінің Жарлығымен қала, аудан әкімдеріне «Ақмола жастары» бағдарламасын бекіту және оның жүзеге асуын қадағалау тапсырылды. Аталған бағдарлама ұстаздар мен дәрігерлерге, құқық қорғау қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерге баспана алу мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған. Осы бағдарлама аясында Көкшетау қаласында 3,3 гектар аумақты құрайтын төрт жер учаскесі анықталды. Салынатын тұрғын үйлер азгабаритті, іріпанельді, тұруға жайлы бестен тоғыз қабатқа дейінгі үйлер болады.
Сарыарқа шағын ауданында 424 пәтерден тұратын алты көпқабатты тұрғын үй салу жоспарлануда. Қазіргі таңда құрылыс жобасы әзірлену үстінде. Ол аяқталғасын бірден мемлекеттік сараптамаға жіберілетін болады.
Үстіміздегі жылы «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында 231 жас маманға 874,9 миллион теңге көлемінде бюджеттік несие және 346 жас маманға 61,3 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы беру қарастырылуда. Өткен жылы 502 жас маманға 1,7 миллиард теңге көлемінде бюджеттік несие беріліп, 410 адамға 69 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленген болатын.
Студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында студенттік жатақханалар салуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Барлығы 2710 орынға лайықталған 6 жатақхана салынады. Нақтырақ айтсақ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне 1000 орынға, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетіне 340 орынға және Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжі, жоғары техникалық колледжге, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі мен Біржан сал атындағы музыкалық колледж секілді арнаулы орта білім беретін оқу орындарына арнап тағы төрт жатақхана бой көтереді.
Бүгінгі таңда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің жатақханасының жобалау жұмыстарын және құрылысын бастау үшін «Нұр Астана Құрылыс» корпорациясының «Көкшетау тұрмыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен меморандумға қол қойылды. Бұл күні 500 орынға арналған бес қабатты жатақхана құрылысы бойынша жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Жоба шамамен үстіміздегі жылдың маусым айында дайын болады деп күтіліп отыр. Ал, екінші жатақхананың құрылысы үшін инвестор тарту жұмыстары жүргізіледі.
А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті студенттеріне арналған 340 орындық жатақхананы өз қаражаттары есебінен салады. Қазіргі таңда жоғары оқу орны жатақхана құрылысы үшін университетке жақын жер учаскесін сатып алу жұмыстарымен айналысып жатыр. Қалған төрт колледждің жатақханаларына жер учаскелері анықталып қойылды. Жатақханалар құрылысының жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу, мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін облыстық бюджеттен 59,1 миллион теңге қаражат бөлінді.
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінде 300 орынға арналған типтік жобалардың болмауы салдарынан және оларды әзірлеу өте қымбатқа түсетіндіктен облыстық құрылыс басқармасы Көкшетау қаласындағы Жоғары техникалық колледж үшін жоба әзірлейтін болып отыр. Бұл жоба өзге колледждерге де жарайтын болады. Ақмола облысының құрылыс басқармасы жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге және мемлекеттік сараптама өткізуге байқау жүргізіп, Астана қаласындағы «Teva» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз деп танылды.
Бүгінде облыстың жоғары оқу орындарында 29 жасқа дейінгі 10106 студент білім алуда. Жастардың оқып жатқан мамандықтарының басым бөлігі заңгер, өрт қауіпсіздігі, қаржы салалары, шет тілдері, есеп және аудит, дене шынықтыру және спорт, педагогика және бастауыш білім беру әдістемесіне қатысты. Өткен жылы университеттерден 2742 дипломды жас түлеп ұшты. Бес әлеуметтік бастама аясында 2018 жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен жоғары білімді мамандар даярлауға 150 білім гранты тағайындалды. Оның ішінде 100 педагогикалық және 50 медициналық мамандықтар. Тағы 275 адамға облыс әкімінің атаулы шәкіртақылары берілді. Мұндай шәкіртақыларға ие болған жастардың қатарында жетім, толық отбасында тәрбиеленіп жатпаған, көп балалы отбасынан шыққан, сондай-ақ, оқуда жақсы көрсеткіштерге жеткен, қажет мамандықтарға оқып жатқан жастар бар. Өткен жылы облыс әкімінің шәкіртақысы студенттерге ғана емес, медицина факультеттерінде оқып жатқан алты резидент пен интерндерге де тағайындалды.
Арнаулы орта және кәсіби-техникалық білім беру ұйымдарында 17500-ден астам жас оқытылуда. Өз кезегінде «Worldskills» чемпионаты жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, жастарға терең білім мен тәжірибе жинақтауға зор мүмкіндік екенін айтқым келеді. 2018 жылы Ақмола облысының командасы аталған чемпионатта төрт алтын, бір күміс және екі қола медаль иеленді. Осылайша республикада жалпыкомандалық есепте жүлделі екінші орынға қол жеткізді.
Облысымызда жалпы білім беретін мектептерде 120635 оқушы білім алады. Олардың 116765-і, яғни, 96,7 пайызы мектепте күнделікті ыстық тамақпен қамтылған. Жергілікті атқарушы органдар өз елді мекендері бойынша әлеуметтік қорғалмаған және аз қамтылған отбасыларына жататын 12745 баланы 100 пайыз тегін тамақпен қамтыды.
Үстіміздегі жылдың ақпан айында өткен «Қамқорлық» республикалық акциясы шеңберінде 7821 оқушыға материалдық көмек көрсетілді. Былтырдан бері облысымызда «Нұр Отан» партиясының 9-11 сыныптардың оқушыларына ағылшын тілін тереңдеп оқытуға арналған «English for Jastar» жобасы іске асуда. 2018-2019 оқу жылында облыста «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша 1746 студент білім алуда. Олардың барлығы жатақханамен қамтамасыз етілді.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін тәмамдаған 136 түлектің жетпіс бірі облыста қалды. Олардың жиырма алтысы еңбекке араласса, қырық бесі магистратурада білімін жалғастыруда. Сондай-ақ, отыз тоғыз түлек басқа өңірлерге жұмысқа орналасып, он сегізі басқа аймақтардағы магистратурада білімдерін жалғастыруда. Ал, біреуі Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қызмет етсе, жетеуі денсаулығы мен отбасы жағдайына байланысты жұмысқа тартылды.
Ал, облыста колледж бітірген 174 түлектің 112-сі өңірімізде қалса, оның ішінде 102-сі жұмысқа орналасып, оны ЖОО-ларда оқиды. Сондай-ақ, оқу бітірген 44 түлек өз аймақтарына оралды. Оның да отыз екісі жұмыспен қамтылса, он екісі жоғары оқу орындарында үздіксіз білім алуда. Ал, біреуі бала күтіміне байланысты декреттік демалыста болса, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне он жеті жас маман жұмысқа орналасты.
Жастар жылы аясында «Студенттік бастама» жалпыреспубликалық волонтерлік қозғалысы құрылды. Оған қоса, мүгедектерге, қарттарға, жетімдерге, жалғызбастылар мен баспанасыздарға көмек көрсету үшін жас еріктілер базасы жұмыс істейді. Волонтерлікпен белсене айналысатын студенттерге 30 пайыз қосымша ақы төленеді. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелендіру жоспарланып отыр. Ол әсіресе, студенттердің жоғары концентрациясы бар қалаларда қолға алынуда.
Жоғарыда аталған базаны құруға ерікті көмекшілер және атаулы ерікті көмек алушылармен тиімді түрде байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Осы жобаның басталуы ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне жоспарланған.
Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда 3720 адам еңбек етеді. Сол жастардың кәсіпорындардағы жалақысы орта есеппен алпыс мыңнан 120 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Барлық ірі кәсіпорындарда әлеуметтік пакет бар, көбінесе жас мамандар біліктілігін арттыру курстарынан өтеді, бірқатар кәсіпорындарда қызмет көрсетуге арналған тұрғын үй берілсе, жас мамандар шет елге тағылымдамадан өтуге жіберіледі.
Республика деңгейінде 100-ден астам маман талап етілетін өндірістік және сервистік мамандықтар бо-йынша мамандарды даярлауды көздейтін «Жас маман» жобасы әзірленуде. Бұл еліміздің барлық өңірлерінде 3 жыл ішінде 200 мың жас азаматты қамтитын 20 озық жоғары оқу орындары мен 180 колледждің негізінде жүзеге асырылады.
Барлық университеттер мен колледждер «Ашық университет» жобасына қосылады. Сондай-ақ, негізгі және қолданбалы зерттеулерді гранттық қаржыландыру жылына 3 миллиард теңгеге ұлғайтылады.
Өңірімізде «Жас кәсіпкер» бағдарламасын іске асыру қарастырылған. Үш жыл ішінде 60 мыңнан астам жас азамат кәсіпкерлік негіздер бойынша білім алады. Ал, ауыл жастары үшін 15 мың шағын несие беру жоспарланып отыр.
Жастар үшін жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға 30 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінеді.
«Жас маман» және «Жас кәсіпкер» жобаларын өңірлік деңгейде іске қосу республикалық деңгейде іске асыру тетіктерін мақұлдағаннан кейін жүзеге асырылатын болады. Құрылыс компанияларында студенттік құрылыс отрядтарына квота бөлу жоспарланып отыр.
Логистика саласында (әуе, теміржол, автомобиль көлігі, байланыс және тағы басқалары) 485 жастар өкілдері жұмыс істейді. Олардың 34-і басшылық лауазымдарда. Жас мамандарға жоғарыда айтылғандай жағдай жасалған.
Сонымен қатар, облыста шағын және орта бизнес саласында 6 395 адам жұмыс істейді, олардың 544-і басшылық лауазымдарда. Бұл саладағы жас қызметкерлердің орташа жалақысы елу мыңнан жүз жиырма мың теңгеге дейін.
2018 жылы облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 56,7 мың бірлікті құрады, оның ішінде шамамен 45 мың шағын бизнес субъектісі белсенді жұмыс істейді. Төрт мыңнан астам жас кәсіпкерлер бар, оның ішінде 500 кәсіпкер заңды тұлғалардың иелері. Жас кәсіпкерлердің көпшілігі сауда саласында еңбек етеді.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру кезеңінде алты жас кәсіпкер гранттық қаржыландыру түрінде 11,7 миллион теңгенің қайтарымсыз негіздегі грантын алып, мемлекеттік қолдауға ие болды.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде облыста 2018 жылы ауыл халқын шағын несиелеу бағытында 850-ден астам кәсіпкерге үш миллиард теңге шағын несие берілді. Соның ішінде 500 миллион теңгенің 161 шағын несиесіне 30 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлер ие болды. Сонымен қатар, облыста «Бас-тау-Бизнес» жобасы белсенді түрде жұмыс жасайды, оның аясында 2018 жылы 478 жас оқытылды.
2019 жылы облыста «Zhas Project» жастарды дамыту жобасы іске қосылды, оның шеңберінде жастар өз идеяларын іске асыру үшін бір миллион теңгеге дейін грант алуға мүмкіндік беріледі.
Облыстың банк секторында 29 жасқа дейінгі 922 жас маман жұмыс істейді, оның ішінде елуге жуығы басшылық лауазымдарда. Ал, туризм саласына (кафелер, барлар, мейрамханалар, қонақ үйлер және т.б.) 1077 жас жұмысқа орналасты. Сала қызметкерлері орта есеппен отыз мыңнан 80 мың теңгеге дейін жалақы алады, олар негізінен толық әлеуметтік пакетті иеленбейді.
Қазақстан Республикасы агенттігінің Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті хабарлағандай, өңірде 29 жасқа дейінгі 764 жас мемлекеттік қызметші жұмыс істейді, олардың елуге жуығы басшылық лауазымдарда. Жас мамандардың ең көбі қаржы (75 адам), әлеуметтік қорғау (55 адам) және экономика (54 адам) саласында еңбек етеді. Олар жетпіс мыңнан 120 мың теңгеге дейін жалақы алады.
Облыстық денсаулық сақтау саласында 1500-ге жуық жас маман болса, оның 312-сі дәрігер және
1 152 мейірбике бар. Сондай-ақ, елуге жуық техникалық қызметкерлер жұмыс істейді. Денсаулық сақтау қызметкерлерінің әлеуметтік пакеті бар, жоспарлы біліктілікті арттыру курстарынан өту, жатақханада тұруды қамтамасыз ету және қызмет пәтерлер беру көзделген.
«Дипломмен – ауылға!» жобасын жүзеге асыру аясында ауылдық жерлерге барған жас мамандар 70 айлық есептік көрсеткіш немесе 175 мың теңге көлемінде жәрдемақы алды. 2018 жылы денсаулық сақтау саласында 41 жас маман көтерме жәрдемақыға ие болды. Сондай-ақ, тұрғын үй сатып алу үшін 1500 АЕК-ке немесе 3,7 миллион теңгеге дейін бюджеттік несие алуға мүмкіндіктері мол. Өткен жылы денсаулық сақтау саласында 40 адам осындай бюджеттік несие алған болатын.
Қызметкерлердің жетіспеушілігін төмендету мақсатында медициналық ұйымдардың басшылары жыл сайын елдегі медициналық ЖОО-лар өткізетін «Бос орындар жәрмеңкесіне» қатысады. Өткен жылы 123 өтінім беріліп, нәтижесінде бітірушілермен алпыс сегіз келісім жасалды. 2019-2020 жылдары отыз үш дәрігер келеді, – деп күтілуде. Бұдан басқа, гинеколог, радиолог, анестезиолог мамандары сияқты білікті медицина қызметкерлерін штаттық қамтамасыз ету мақсатында мамандар келіп қоныстанды. Оларға 2018 жылы облыста тұрғын үй салынып, 50 жас маман пәтерге ие болды. Облысқа келген 226 жас маманның отыз үші ауылға жіберілді.
Облыстың оқу орындарында 5458 жас маман жұмыс істейді. Олардың ішінде жоғары санатты алты, бірінші санатты 117, екінші санатты 1024 оқытушы бар. Жоғары оқу орындарында 29 жасқа дейінгі елу төрт маман бар. Оның ішінде үш жас маман «Болашақ» халықаралық стипендиясымен білім алса, екеуі оқуларын жалғастыруда. Жас оқытушылардың жалақысы жетпіс мыңнан 150 мың теңгеге дейін. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру саласында 452 жас мұғалім жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы алпыс мыңнан 100 мың теңгеге дейін.
2017-2018 жылдары орта мектептерге 1038 жас маман келді. Бүгінгі таңда облыста 1836 жас мұғалімдер жұмыс істейді.
Өткен жылы «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыруға 600 жасақтар қатысты. 2019 жылы бағдарламаны іске асыруға 36,9 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, «Жасыл ел» жасақтарының жабдықтарын тігу үшін 10,1 миллион теңге қаражат бөлінді.
Облыста спортпен айналысатын жастардың саны 113 мыңды құрайды. Бұл жастардың жалпы санының 75 пайызы. 4 650 жас спортшы кәсіпқой спорт түрлерімен айналысады, олардың он екісі халықаралық деңгейдегі спорт шеберлері, отыз бесі спорт шебері, 75 спортшы халықаралық деңгейдегі марапаттарға ие болса, екеуі Олимпиадалық ойындардың қатысушылары. Өңірде жиырма тоғыз спорт мектебі бар. Бөгенбай батыр атындағы облыстық мектеп-интернатында спортшыларымыз спорттың 48 түрінен жаттықтырылса, соның ішінде 14 974 спортшыны қамтитын 26 олимпиадалық спорт түрі бар. Жазда жастардың бос уақытын ұйымдастыруға арналған заманауи спорт алаңдарының жұмысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта осындай спорттық алаңдар Көкшетау, Степногорск қалалары, сондай-ақ Есіл, Ерейментау және Жарқайың аудандарында жұмыс істейді.
2018 жылы облыстың аудандары мен қалаларында 39 спорт алаңы жабдықталды. Сандықтау ауданында инвесторлар есебінен құны 150 миллион теңге тұратын жабық хоккей корты және 16 миллион теңгеге екі спорт залы салынды. Ал, Қорғалжын ауданында 30 миллион теңгеге стадион қайта жаңартылды.
Қазіргі таңда Астрахан ауданындағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды, ал, Ерейментау ауданындағы фитнес-орталықтың құрылысы жүріп жатыр.
Облыста жиырма төрт жастар ұйымы бар, олардың ішінде «Объединенный Вожатский Союз «Dream» МОО, «Феникс» волонтерлық орталығы, «Жаңа толқын» МОО, «КВН Ақмола жастар лигасының» қоғамдық бірлестігі, «Думан» Ақмола педагогикалық отряды» қоғамдық бірлестігі, «TheLegacyShow» би студиясы белсенді жұмыс істейді.
«Көкшетау қалалық студенттер Альянсы» қоғамдық қоры, «Жастар және студенттік жұмыс топтарының аймақтық штабы» қоғамдық бірлестігі және басқалар сияқты республикалық жастар ұйымдарының өкілдіктері бар. Облыста 19 720 адамды қамтыған «Жас Ұлан» және «Жас қыран» балалар мен жасөспірімдер ұйымы бар.
Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды ілгерілету мақсатында сегіз ауданда әке және ана институтын дамытуда отбасылық қарым-қатынасқа арналған клубтық құрылымдар бар. Онда 200-ден астам отбасы, 90-нан астам аналар және әкелер кеңестері жұмыс істейді. Оған қоса, «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық зерттеу орталығы бар және сегіз бірлескен коворкинг орталықтары ашылды.
Жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында облыс әкімдігі жанынан жас ақындар мен жазушылар кеңесі құрылды. Облыста жас ақындар (40) белсенділік танытуда. 2019 жылы жастардың «EL jastar» театры ашылды.
Өткен жылы «Студенттік көктем» ірі өңірлік фестивалі, «AKMOLA POWER» инновациялық идеялар мен жобалар аймақтық конкурсы, «ЖАС АҚМОЛА» облыстық жастар сыйлығы, «Тарихи тұлғалар жолымен» атты аймақтық ғылыми сайысы өткізілді.
Облыстық кәсіподақтар федерациясымен бірге Ақмола облысында жұмыс істейтін жастар форумы ұйымдастырылды. «Үш би» төртінші пікірталас турнирі, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XIV еңбек маусымының ашылу рәсімі, республикалық деңгейдегі «Зерен» жастар білім беру лагері болып өтті.
Ағымдағы жылдың 1 наурызында облыс әкімінің қатысуымен «Ұлы дала жастары» атты облыстық жас-тар форумы өтті. Онда жастар өздерінің жетістіктері және ұсыныстарымен бөлісті.
Жалпы, 2019 жылы да осындай ауқымды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Мәселен, жастарға әлеуметтік медиа маркетингінің жаңа аспектілерін үйрету мақсатында «Жоғары білім беру мектебі» жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, «Жас ұстаз – ел болашағы» атты мұғалімнің мәртебесін көтеру мақсатында Ақмола облысының жас мұғалімдерінің арасында байқау өткізіледі. Сонымен қатар, Ақмола облысының үздік әскери-патриоттық клубтарын «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жиналысына жіберу, «Жас-жалын» жаңа көшбасшыларды анықтауға бағытталған жастар арасында облыстық фестиваль өткізу, жастардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін қолдау мақсатында «Тарихи тұлғалар жолы» атты облыстық ғылыми жұмыстар конкурсын өткізу, жастар жылы аясында өңірдегі жастар көшбасшылары туралы «Ақмола облысының жас келбеті» кітабын құрастыру қолға алынады деп күтілуде.

Айна Мысырәлімова,
Ақмола облысы әкімінің орынбасары

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар