Келінге қараған күн…

Ақмола облысында 2017 жылы 5075 жұп шаңырақ көтерсе, соның 2560-ы немесе 50 пайызы ажырасып кеткен. 2018 жылы да бұл көрсеткіш сынықсүйем кеміген жоқ. Ақ бата алып, ақ отау тіккендердің жартысынан астамының дәм-тұзы жараспады.

Психолог Жанна Темірбаеваның айтуына қарағанда, шаңырақтың шайқалуына ең алдымен әлеуметтік-тұрмыстық жағдай себепші. Баспананың болмауы, жалақының жартымсыздығы, бала бақшадағы орынның тапшылығы, өмірге келген нәрестені қайсысының анасы бағатындығы себеп. Сосынғы бір жай, қайын ене мен келіннің тіл табыса алмауы. Осы тақырыпты қаузай зерттеген психологтың айтуына қарағанда, ұлт келешегі саналатын қыздарымызды дұрыс тәрбиелей алмай жатырмыз. Ертеректе қайын ене күн көрсетпейді деуші еді, қазір керісінше, қайын енеге келін тепірешті көп көрсетуге айналған.
–Бес енем бар, – дейді Әмина әжей, – бесеуінің қасы мен қабағына қараймын деп әбден зәрезап болдым.
Әуелде бес енесін түсінбей қалғанбыз. Тіршіліктің тауқыметінен қажыған әже қате айтып тұр екен деп ұқтық. Сөйтсек, бес енесі емес, бес келіні бар екен. Әлгі бес келін асарын асап, жасарын жасаған кейуананы келінінше жұмсайтын көрінеді.
–Қазір тілім қысқарып, қолым ұзарды, – дейді кейуана,–қайсысының үйіне барсам да ас-суын дайындап, еденін жуа саламын. Қазір келінге келін болсаң ғана жағасың, шырағым.
Әлеуметтік мәні зор осы мәселені зерттегендердің пайымдауынша, бұл кесір мінез ұлттық тәрбиенің жұқарғандығында болып отыр. Үзіліп қалды деп айтуға ауыз бармайды. Рас, үлкеннің алдын кесіп өтпейтін, қайын атасы мен қайын енесін туған ата-анасындай құрметтеп, қолдарын жылы суға малып отырғандар да аз емес қой. Бірақ, қариялар бас қосқан кеңестің негізгі тақырыбы – кенеусіз кеткен келін мәселесіне келіп тірелетінін жасыра алмасақ керек.
–Ең алдымен келін тақырыбын қозғағанда, үлкендердің де тәрбиесін айтуымыз керек, – дейді Рауза Бәйкенова апай, – біз Көкшетаудағы әжелер қауымдастығын құрып, талай жыл осы мәселемен айналыстық қой. Содан бір білетінім, бұрынғы қазақтың айтқаны дәп-дәл. Мәселен, ер жеткен ұлың да, бой жеткен қызың да тәлімді тәрбиені ұшқан ұясынан алады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп тегін айтты дейсіз бе? Адуын әйелдердің еркекке үстемдігін көрген қыз жас отауға келін болып түскеннен кейін дәл солай істейді. Мен отбасының ұйытқысы емес, әміршісімін деп ұғады. Босағадан аттасымен билеп-төстегісі келеді. Егер ұлың келіннің сөзін сөйлеп кетсе, онда құлан таза жығылғаның. Ал, екеуі де есті болса, Алланың бергені. Сондықтан, ұл мен қызды қатар әлмисақтан жалғасып келе жатқан халықтық педагогика негіздерінде тәрбиелеген абзал.
Қазір облыста он екі мыңға жуық азамат перзенттеріне алимент төлейді екен. Көкек әкелердің көлемінің көрсеткіші кішігірім бір ауданның халқына жуық. Демек, осыншама шаңырақта аналар ғана тәлім-тәрбие беріп жатыр. Облыстық сот 2017 жылы алимент өндіруге байланысты 645 мәрте іс қараса, өткен жылдың алғашқы жартысында-ақ 836 мәрте осындай іс қараған. Уақытында алиментін ала алмаған жалғызілікті аналар қылтиып өсіп келе жатқан қыздарына ер адамдардың тасбауырлығын, мейірімсіздігін айтып отырады емес пе?!
–Келіндердің бойындағы кейбір жарының ата-анасына деген ілтипаттың кемитіні осы тұс,–дейді психолог Жанна Темірбаева,–оның үстіне қазіргі отбасыларында бала саны шектеулі. Жалғыз өскен баланың бойында бауырмалдық, туысқандық сезім кең өріс ала қоймайды.
Отбасындағы ыдыс-аяқтың сылдырлауы, сылдырауы ғана емес сынуы анау айтқандай шетін көрініс болудан қалды. Макинка қаласындағы қарттар үйіндегі қариялардың арасында өз ұлтымыздың үлес салмағы өте көп. Біразымен тілдестік. Көбі перзентсіз емес екен. Тіпті біреуінің бауырынан алты бірдей бала өрбіген. Әрқайсысы өмірден өз орнын тапқан, үйлі-баранды. Үлкен қызы дәрігер, біреуі селолық әкімдікте қызмет істейді. Бірақ, әжей балаларының қызмет орнын айтып, беттеріне шіркеу түсіргісі келмейді. Өз ата тегін айтудан қорынып, Айша апай десең, жетіп жатыр емес пе дейді. Айша апайдың тағдыры адам жанын тебірентерлік. Ішіне сыйған алты перзенттің біреуіне сыймай отыр. Рас, мемлекет тарапынан қарттар үйіне деген қамқорлық тамаша. Төрт мезгіл тамақ беріледі, төсек орындары тап-таза. Жиһаздары су жаңа. Ауырып-сырқай қалса, дәрі-дәрмегі тегін.
Ал, енді жетпейтін не бар? Бауыр еті балаларының ата-аналарына деген махаббаты. Олар да ай аралатып соғып тұрады екен. Жайын білу үшін емес, жиналып қалған зейнетақыларын алу үшін. Өзара осы айда мен аламын деп таласып та қоятын сыңайлы. Мұндайда қазақ «мал құлағы саңырау» дейтін. Қариялардың зейнетақысынан мұрты бұзылатын шығын жоқ. Қарттар үйінде бәрі тегін. Бұрнағы жылдары зейнетақысының жартысы осындағы тұрмыстық шығындарына жұмсалған көрінеді. Қазір бір тиынына да тиіспейді. Тіпті, балалары Ресейге көшіп кеткен бір ақсақалдың зейнетақысы миллионға жуықтап қалған екен, безбүйрек балалары алыстан ат арылтып келіп, қалтасын қағып кетіпті. Әрине, бұл жерде әкенің құны көк тиын болғанымен, есеп шотындағы есіл ақшаға қызыққандығын айтпаса да ұғады әркім. Сонда біздің мемлекеттің қаражаты безбүйрек балалардың уысына түсу арқылы шетке шығып жатқан жоқ па?
Мақаланың басында ұл-қыздарымыздың ұлағатты тәрбиесі алтын ұя шаңырағында екендігін айттық. Ондағы кем-кетікті жою үшін білім ошақтарында да осы бағыттағы белсенді жұмыс керек. Таяуда облыс орталығындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінде «Балқадиша» қыздар клубы ашылды.
–Ұлт болашағы – қыздарымызды осы клубтың жұмысы арқылы тәрбиелейміз, – дейді колледж директоры Құралай Ыдырысова,–сан ғасыр бойы келер күннің көкжиегіне адал қызмет еткен ұлттық салт-дәстүрімізді ұйытқы ету арқылы жастардың жан дүниесіне сәуле түсірмек ниеттеміз.
Шынтуайтында, дәл осындай оң қабақты іс керек бүгінгі біздің қоғамға.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *