Батыр майдангерді мысқылдап не ұтамыз?!.

Қазір не көп? Әлеуметтік желі көп. Инстаграмм мен Вацаппен келетін хабар көп. Тіпті, өзіміз анекдот атандырған шағын әзіл-оспақ та көп. Жүйкеңіз бен жеке уақытыңыз, төзіміңіз бен ықыласыңыз жетсе, ұзақ күн бойы әрбір парақшасын ашып, диванда жайбарақат жатып, оқи беріңіз.

Күні кеше Вацап арқылы жүктелген екі адамның диалогын көзіміз шалды. Бірі прораб әлде бригадир, келесісі, қарапайым жұмысшы. Сөзбе-сөз келтірсек, прораб жұмыскерге: –Ана Рейхстагты сен алған жоқсың ба, кім алды оны? – дейді. –Білмеймін,–дейді жұмысшы.
–Отбойный молотокты кім алғанын таптық,– дейді де, прораб: –Рейхстагты точно сен алмаған болсаң, онда Рахымжан Қошқарбаев алған ғой негізі,–деп өз-өзіне жауап қайтарады. Жұмысшысы еш жауап бере алмай, тұрып қалады. Сонда Рахымжан бұл жерде кім болып тұр? Объектідегі қарапайым жұмыскер ме?! Әлде жат елден келген жалдамалы адам ба? Мүлде түсініксіз!
Жалпы, бұл әңгімеде не мағына, не мән бар? Екі әріптестің екеуі де тарихтан бейхабарлығын, ой-өрісінің тарлығын, ақылының таяздығын айшықтап, анық көрсетіп тұр-ау. Нақтырақ айтқанда, 1945 жылы небары 21 жасында шыбын жанын шүберекке түйген, қайнаған жаудың рейх кеңсесіне батылдықпен жетіп, оған алғаш ту тіккен ержүрек Батыр атамызды келемеж етіп, есімін ашықтан-ашық қорлап тұр ғой. Мағынасыз-мәнсіз бұл әңгімеден бүгінгі жастар қандай өнеге, қандай тәрбие алады? Қайда бара жатырмыз? Патриоттық деңгейіміз, жеткен жеріміз осы болды ма?
«…Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде» деген өлең жолын Абай бабамыз осындай нағыз топастарға арнаған екен-ау. Ай аман, күн ашықта осындай мақұлықтыққа салынып, майдангер батырды мысқалдағанда не ұтамыз? Өз сөзімізге өзіміз есеп бере алмай барамыз-ау. Бұған бір тыйым-тоқтау бола ма өзі?..
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Ерейментау ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *