Халқының қалаулы ұлы, алдаспан намысы

Мұндай адамдар ілуде бір рет қана туады! Қайтыс болғанына жиырма жыл толуына арналған еске алу кешінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің басшылық, азаматтық, іскерлік болмыс-бітіміне жиналғандар осындай баға берді.

Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен шараға біртуар тұлғаның есімін ардақ тұтатын жерлестері көптеп жиналды. Залда туған жері – қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданы Жаңасу ауылынан келген ағайындары, басқа да туыстарымен бірге, кезінде осы бір ғажайып адаммен ел игілігі үшін қатар қызмет атқарған әріптестері, үлгі-өнегесінен көп нәрсені үйренген шәкірттері, жеке басын құрмет тұтатын, Әуелбековтей дара тұлғамен мақтанатын үлкенді-кішілі көкшеліктер отырды.
Еліне «Еркін аға дүниеден өтіпті» деген қаралы хабар жеткен сол бір қаңтардың аязды, азалы да қаралы күнін көкшетаулықтар әлі ұмытқан жоқ. Еркін десе тік тұратын қалың елдің сондағы жан күйзелісі мен жүрек күрсінісі әлі де көз алдымызда. Содан бері байқатпай, аңдатпай жиырма жыл да өте шығыпты. Сол кезде туған балалар ендігі ат жалын тартып мінер жігіт. Бұл өмірден ата-бабасының жақсы қасиетін жалғастырып, Еркін Әуелбековтей ер өткенін үлкендерден, ата-анасынан естіп білуде. Осылай ешбір уақытқа, ай-жылдарға тәуелді емес қазақтың біртуар перзентінің аяулы есімі мен өшпес даңқы келешекке бет түзеп кете береді, кете береді.
Әр жүрекке осыны тағы бір ұқтырған кеш тартымды да мазмұнды өтіп, әдеттегіден ұзай түсуімен де ерекшеленді. Бұл түсінікті де еді. Еркін Әуелбеков болмысы мен құдіреті өлшеулі бір уақытқа, әдеттегі сценарийге сыймайтындығы осы жолы тағы да жақсы байқалды. Сөйлеушілер қатары көп болып, әркім өз көкейіндегі осы бір ғаламат жанға деген ыстық ықыласы мен терең құрметін жеткізіп қалуға ұмтылды. Иә, Еркін ағамыз туралы қалай толғансақ та, ел алдындағы ерен еңбегін дөп баса алар қандай қилы сөз іздесек те, онымызға ешкім ештеңе демейді. Өнегелі өмір жолы партия қайда жіберіп, қандай міндет жүктесе де, халқына аянбай қызмет еткен қажымас нар тұлғасымен өткен ғасыр белесінде сайрап жатыр.
Мәскеу Тимирязев академиясын үздік бітіріп келгеннен кейін бірден бас агроном, МТС, кеңшар директоры. Сол кезде жиырманың бер жағында ғана. 34 жасында облыстық атқару комитетінің төрағасы, 38-інде Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. 43 жасында Социалистік Еңбек Ері. Қызмет пен атақ-даңқындағы бұл ұшқырлығы тектен тек емес. Қатарынан суырылып шығып, даралықтың туын тіккенде, ел мүддесі мен игілігі үшін бойындағы қисапсыз қабілеті ғой үздіксіз атой салған.
Өзінің туған топырағы – Көкшетау облысында жабылып қалған төрт ауданның түтінін қайта түтетіп, жаңадан үш аудан, қырыққа жуық шаруашылық ашады. Облыс астық өндіруден республикада алдыңғы орындардың бірін берік иеленеді. Қазақ ауылдарына жан бітіп, жергілікті ұлт кадрлары көбейеді. Керемет іскерлігі сол, сол тұста салынған небір іргелі ғимараттар қаланы әлі күнге көркейтіп тұр.
Бертін құрылған Торғай облысына жібергенде, «қазақ ауылдары көп мұндай өңірлерге біз бармағанда кім барады, жағдайын біз жақсартпағанда кім жақсартады?!» деген екен. Сол Торғайда қазағы көп Амангелді және Жангелдин аудандарының мұң-мұқтажын Одақтық Министрлер Кеңесі арқылы шешуге қол жеткізеді. Астық өндіру 49,9 миллион пұттан 76,5 миллион пұтқа дейін артады. Арқалық қаласының халқы екі есе дерлік өсіп, Еркін Нұржанұлының келуімен облыс өзінің ең бір табысты, қарышты жылдарын басынан өткереді.
Ал, Қызылорда! Өзі басқарған үшінші облысы – бұл өңірге де еңбегі ұшан-теңіз. «Онымен Сыр еліне әділ басшылық келді, жаңа тәртіп орнады» деп жазады өзінің естелігінде белгілі партия және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов. Арал аймағы экологиялық апат аймағы ретінде нақ осы Еркін Әуелбековтің тұсында жаһанға жария болды. Қояр да қоймай жүріп, СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің Арал туралы арнайы қаулысын қабылдатып тынды. Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту туралы осындай тағы бір қаулы қабылданып, облыс үшінші категориядан бірінші категорияға ауыстырылды. Халықтың жалақысына 30-50 пайыз үстеме қосылды. Бар күш-жігерін салып, Жезқазғаннан «Құмкөл» мұнай кен орнын Қызылордаға алып берді. Сыр елі осы күні сонымен күн көріп, көшін түзеуде. «Шалқия» кен орны іске қосылды. Тұрғын үй салу екі есеге артып, бұрын-соңды болмаған қарқын алды. Жалпы, Мәскеу, өз республикамыз бар, сол жылдары Еркін ағамыздың пәрменімен Қызылорда туралы қабылданған маңызды құжаттар саны бесеу екен. Бүкіл Сыр елінің Еркін Әуелбековті әлі күнге төбесіне көтеретіні, оған ешбір бұрынғы бірінші хатшыларды теңгермейтіні содан. Керек болса Қызылорданың, ондағы Байқоңырдың тағдыр-талайы үшін небір азуы алты қарыс генералдарды, Қорғаныс министрлігі басшыларын да өз орнына қойған Ерекең ғой бұл.
Соның бәрінде елдің қамын ойлаудан, халық деп тебіреніп-толғанудан басқа арман-аңсары болмаған. Бүгінгі билік тізгінін ұстап жүрген азаматтарымыз басшы болудың мән-маңызы мен қадір-қасиетін, іскерлік пен ар-ождан, кісілік пен кішілікті, азаматтылық пен қарапайымдылықты, әсіресе, қоғам игілігіне қол сұқпауды, бәрі-бәрін осы Еркін Әуелбековтен үйренуі керек. Әй, қайдам?! Ол үшін халықтың осы бір ең жақсы көретін ардақты перзенті туралы жоғарыдағы үш облыстың пайымды азаматтары шығарған үш кітапты оқып шықса да жеткілікті болар еді. Бірақ, соған құлық қойылып, мойын жар берсе. Сол кездегі республика басшысы Д.Қонаев ағамызға да Қазақстан Компартиясының ХVІ съезінде «Қызылордаға сегіз жыл бойы келмепсіз» дегенді айтқанда, елдің жағдайын ойлап, ортақ іске жаны ашып айтқаны айдан анық қой.
Еске алу кешінде сөз кезегі берілген ауылдас ағайыны Батырбек Смағұлов, белгілі партия және қоғам қайраткері Болат Көшімбаев, еңбек ардагері Татьяна Савенко, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Валентина Соломина, Қазақстан Республикасының халық әртісі Жібек Бағысова, белгілі тарихшы ғалым, академик Қадыржан Әбуев, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Алма Құнанбаева, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, әнші Ғазиза Жұмекенова, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек, Ақмола облыстық «Әзірбайжан мәдениет орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тариэл Гидаятоглы Мамедов, балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мұхтар Мусин, тағы басқалары өмірлік өнегесі осылай өрілген өз ұлтының тау тектес ұлына, оның сан салалы мемлекеттік, қоғамдық қызметіне әр қырынан тоқтала білді.
Соның ішінде Мәскеудегі КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ұлттар Кеңесі комиссиясы төрағасының орынбасары лауазымындағы еліне тигізген шарапаты, зейнет демалысына шығып, туған ауылы Жаңасуды көркейту тұрғысында қалдырған өшпес ізі және бір ұлағатты әңгіме өзегіне айналды. Осы арада айтпағымыз, 2020 жылдың 22 маусымында Көкшенің осы бір арда перзентінің туғанына 90 жыл толады. Даңқты тұлғаның алдында әлі бүкіл ел болып өтелмей жатқан парыздарымыз бар. Соның бірі әрі бірегейі – өзі көркейткен Көкшетау қаласында осы жолы қайткенде де ел екенімізді танытып, ескерткіш мүсінін қою. Тағылымды кеште осы тұрғыда да ұсыныстар мен ойлар көп айтылды. Оның ең бастысы, қазірден бастап ұйымдастыру комитетін құрып, іске кірісе берген жөн деген сөзге келіп тірелуі де заңды.
Мұндай ұсынысты кім қолдамайды?! Әйтеуір, жүйрік уақытты өткізіп алып, ертең қапы қалып жүрмесек болды. Жалғыз Көкшенің емес, елдің көгінде жарық жұлдыз болып, нұрын шашып тұрған Еркін Әуелбековтей асылымыздың аяулы есімін қалай жаңғыртсақ та, аруағына қандай құрмет көрсетсек те, артық емес. Себебі, ол туған халқының естен кетпес қалаулы ұлы, алдаспан намысы! Ел деген атымыз барының өзі осыған міндеттейді.
Сөз соңында бұл кешке ардагерлер кеңесінің ұйытқы болып, әсіресе, мәдениет саласынан Күміс Мұратбекованың елеулі еңбегі сіңгенін атап өткен абзал. Сондай-ақ, Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі өнерпаздарына да айтар алғыс мол.
Қ.КӘКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *