АЗАТТЫҚТЫ АҢСАҒАН ҚОСАҒАЛЫ БАТЫР

Азат тауының айбынындай биікте тұр

Қосағалы батыр Төлекұлының атына дәулескер Дәулеткерейдің «Қосағалы» күйінен, кіші жүз Қаршынбай ақынның «Абылай-Кенесары» дастанынан қанық едік. Бұл ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқып жүрген жетпісінші жылдардың басы болатын. Одан кейін аудандық газетте үш жыл жұмыс істеп, 1978 жылдың көктемінде Қазақстан Жазушылар одағының «Жазушы» баспасына қызметке ауысқаным бар. Бірақ, директорымыз Әбілмәжін Жұмабаев бір айдың ішінде Алматыға төлқұжатымды тіркетуім керектігін ескертті. Бұл дегеніңіз нағыз азап тірлік екен. Ақыры жамағайын аға, темір жол милициясының бастығы, сол кездегі санаулы генералдың бірі Сайлыбай Құсайыновқа қолқа салуға тура келді. Әйтеуір, «паспорт столына» қазақ алфавитін үлкен әріптермен жазып беріп, «пропискаға» тұрдық қой.
Осының бәрінің түйіні Сайлыбай ағаның: «Қосағалы батырдың бейіті Көкшетаудың іргесіндегі Азат тауында жатқанын білесің бе? Шағалалы өзенінің тауды айналып өтетін тұсында Жақсылық Қарауылға жататын «Сай» ауылынан тараған «Жалғыз қарағай», «Қырдағы ауыл», «Былқылдақ», «Талдағы ауыл», «Өзен қарағай» дейтін ауылдардың соңғысын Қосағалы бабамыз мекендеген. Кеңес кезінде бәрі де түрлі себептермен бытырап кетті. Қазір «Өзен қарағайымыз» Алексеевка аталады. Әйтеуір, Азат аталатын станса бар», – деген тәлсімін баяндау деп біліңіз.
Азат тауында әйгілі Шал ақын Құлекеұлының туғанын білетінмін. Жаңа деректен хабарсыз болғандықтан, Қосағалыға қатысты қызығушылық жүректің түбін дүрсілдетіп өткен. Тағдыр жетегі шығар, 1980 жылы Көкшетауға қоныс аудардық. Азат тауына талай бардым. Әрине, Алатаудай емес, жергілікті тұрғындардың танымында Алатаудан кем де емес. Мұнда екі зират болды. Батыр таудың теріскейіндегі биікте дара жерленген екен. Көлденеңі мен ені көлдей қорымда алып адамның жатқаны бірден көзге ұрады. Темір шарбақтың ішіндегі тасқа «Багатер Косағалы Толеков умер, руы Жақсылық қарауыл. Ескерткіш қойған: Алі ұлы Рақымжан» деп ойылып жазылған. Арабша әріптермен де шағын аят сөздерімен басталып, аты, әкесінің аты, руы жазылған. Ондағы кедір-бұдырдың еш әбестігі жоқ еді. Есесіне, Рақымжан ағамыздың атақты атасының рухын биіктеткеніне алғыс жаудырады жұрт. Бір қуанарлығы, сол кездегі орыстану саясаты ширығып алғанына қарамастан, бұл өңірде көнекөздің аңыз-әңгімесі тұнып тұр.
Тау мен Қосағалыға байланысты біреуін айтайын. Аңызда: «Қосағалының бір келіні ұл бала туып, өзі жорыққа жүріп бара жатқанда, ағайындары жиылып, «сәбидің атын қойып, батаңызды беріп кетіңіз», деп қолқалағанда ат үстінде тұрған батыр нәрестені алақанына салып, бетіне ойлана ұзақ үңіліп: «Аты Азат болсын, түбінде ұрпағымның аузында осы немеремнің аты қалады», – депті. Ел жайлауда. Біраз күн өткенде бала өз-өзінен тынышсызданып, кенеттен келген науқастан қайтыс болады. Ауыл-аймақ «Майтөбе» атты биікке жерлеп, аза тұтады. Соңынан сол төбе «Азат тауы» аталады. Осы соңғы жорығынан келе жатып, батыр атасы да дүние салып, Азаттың жанынан топырақ бұйырған. Қазір өзі де осы қорымда жатқан, көріпкел-бақсылығымен жұртқа белгілі Күлай әже: «Мұнда жердің атауынан да тереңірек мағына жатыр», – деп айтушы еді, жарықтық.
Азаттықты аңсаған, оның азапты жолынан өткен Қосағалы батыр кім еді? Қазақ шежіресіне тізбе талдау жасап, көз жүгіртсек, Арғын руы Қарауылдың Жақсылық тармағынан тарайтын Баянұлы Байтөлектің баласы Қосағалы шамамен 1755-1820 жылдар аралығында өмір сүрген арыстарымыздың еңселі санатындағы адам. Танымал журналист-жазушы Тортай Сәдуақасовтың 2004 жылы жарық көрген «Ел мен жер» атты кітабындағы шежіреде: Қарауылдан төмен Мәшек атасынан – Есенбай – Әлімбет – Жақсылық – Баян – Төлек – Қосағалы – Байбол – Күлес – Жәулә – Есқақ – Қабдолла болып ұрпақтары одан әрі жалғаса береді. Батырдың әкесі Баянұлы Төлектің басына 9000 жылқы біткен бай болыпты. 1723-1730 жылдарғы «Ақтабан Шұбырындыда» жадап-жүдеп осы жаққа жеткен қандастарымызға мал, жер беріп, көмек көрсеткен атымтай жомарттығына сайып ел-жұрт оны Баянұлы Бай-Төлек атап кеткен дейді.
Ал, кең құлашты көшпелі заманда туған Қосағалының кіндік қаны тамған жер бұрынғы Рузаев ауданындағы Қосағалы өзенінің (орыстар оны «Косогляд» дейді) бойы. Бұл дерек 1910 жылы Санкт-Петербургтегі Э.Х.Брандтың картографиялық зауытында дайындалған жер пайдалану картасында арнайы көрсетілген. Тіпті, Қосағалы өзенінің айналасындағы Жайлыбай, Жалаңауыз, Шалауыл, Құйрық ауылдарына да сипаттама беріліпті. Бертін Қосағалы көші Шағалалы өзені бойындағы түп аталарының қонысына бет түзеген. Атадан қалған мұраны шашау шығармаған Қосағалы да ауқатты, елі мен жеріне жау тигізбеген, беделі зор, алып денелі күш иесі болғаны анық. Оған дәлел, салт жүргенде өзінің арнайы баптайтын тұлпарлары «қара бедеу» аталған белді аттарымен ғана ерге қонатындығы.
Бұл кезең жоңғар шапқыншылығы түбегейлі жойылғанымен, Еділ құба қалмақтарының қарақшылық қақтығыстары әлі де болса тоқтамай, Ресей қара шекпенділерінің мысық табандап қазақ жеріне ене бастаған шағы еді. Осыған наразы болған Қосағалы батыр өзге де батырлардың басын қосып, қарақшы қалмақтарды Элистадан әрі асырып қуғаны ауызекі аңыз-қиссалардан белгілі. Қосағалыны өз тұсында Омбы шекпенділерінің шенеуніктері, татар байлары да таныған, сыйласып, онымен санасқан. Бұған Омбы губернаторы тарапынан «Алтын тон» аталатын оқалы шапанның тарту етіліп, бұл жәдігөй жұрнағының күні кешеге дейін батыр ұрпағы Боқанов Дәкен ақсақалдың үйінде сақталып келгендігі дәлел болады.
Жоғарыда «көнекөздің аңыз-әңгімесі тұнып тұр» дедік. Яғни, құлағы түрік, ел мен жер тарихына жүйрік, салт-дәстүр сабақтастығын ұстап қалған жанашыр жандар баршылық. Әсіресе, Балтағожа Көбетаев, Қайыр Оспанов, Жантас Сәдуақасов, Рәшит Сейітов, Бадың Мұсылмамбеков, Алтай ауылының тумасы батырдың аталасы Марат Оспанов, Астана қаласында тұратын Серік Сәлменов, осы іске жан тәнімен кірісіп, көптеген деректер жинаған ардақты ағамыз Айдос Әбутәліпұлының болашаққа нұсқа әңгімелері жүрек тербейді. Бұл кісілер сөздің ғана емес, істің де адамдары. Қосағалы батыр зиратындағы бата-дұға бұларсыз өтпейді. Тіпті, Айдос ағамыз бастаған топ құрамындағы облыстық мәслихаттың бұрынғы хатшысы Тұрғын Сыздықов, Мұрат қажы Ыдырысов, Науан Хазірет атындағы орталық мешіттің найб имамы Нұрлан Әбенұлы, Алексеевка кентінің әкімі Жұмабек Жәкімов сияқты азаматтар 2010 жылдың маусымындағы қорым басындағы жиында Қосағалы батыр қорын басқаруды батыр ұрпағы Абай Қасымбаевқа тапсырып, бата берген. Қазір мұнда зәулім кесене тұрғызылып та қойылды.
Жуырда Айдос ағам шақырды. Кезінде партия, кеңес органдарында басшы қызметтер атқарған, көп нәрсеге толқи қоймайтын дербес зейнеткер тебіреніс үстінде екен. Ол кісіні Абай Қасымбаев пен Қосағалы батырдың Сусын деген баласынан тарайтын Марат Оспанов баба заманына үш күндік зиярат сапарға алып барыпты. «Дайындап жатқан мақалаңа осыны қоссаң, Қосағалы рухы көтеріліп қалады», – деді ол. Біз тәлім сапарынан төгілген тәлсімді қалқып та болса қағазға түсіргенді жөн көрдік.
Қазір Елтай ауылының тұрғыны Марат Оспанов біздің үйге де үзбей қоңыраулатып тұрады. Мараттың атасы Оспан Үкілі Ыбыраймен түйдей құрдас, Ақан серімен де сыйлас, болыстыққа бес рет сайланған елге беделді адам екен. Мәкеңнің өзі де қаражаяу емес. Жол-жөнекей әңгіменің қазанын қайнатып отырған. Басты бағыт Баян-Төлек-Қосағалы қыстағы – Жалғызтау болғандықтан, алдымен ақын Ахметжан Нұртазиннің мына өлеңін ағытыпты:
Жалғызтау жан саясы, жер ағасы,
Сұлудай сырға таққан сай саласы.
Жерұйық сауық сайран салып өткен,
Ертеде жақсылардың бір парасы.
Ыбырай, Қизатұлы Жәлел де өскен,
Ақанның асқақ әні шықпайды естен.
Құлагер құмында ойнап, суын жұтып,
Жалғызтау жотасында желдей ескен.
Осыдан кейінгі көңіл-күйді бағамдау да қиын емес-ау, шіркін! Мәкең енді өз-өзінен жолбасшы болып шыға келген. Көліктің тізгіні Елтайға іргелес Қызылсаядан бес шақырымдай жердегі Ақан серінің аңызға айналған сүйіктісі Ақтоқтының зиратына жақындай беріп тартылды. Дұға-аят оқылды. Одан кейін Мәдениеттен өтіп, Үкілі Ыбырайдың туып-өскен ауылы Өскенге аялдап, Үкілі ақынның Есеп деген баласының қызы Елемес пен отағасы Зараптың үйіне сәлем берілді. Түс аумай жатып қорымды аралатқан Марат серіктеріне түсінік беріп жүр: «Мынау таспен қоршалған Ыбырайдың атасы атышулы балта жалаған бақсы Дербісәлдікі, анау тұрған биік күмбез арқалы әнші Мұса Асайыновтікі». Өскен мен Құмтөккен ауылының арасындағы кең алаңды меңзеген Марат: «Анау сарғылт жазық бір кездері өткел бермеген «Қылышты» көлі, қазір қамыс басқан, алдымыздағы созылған орманды алқап «Хан қашқан» ағашы деп аталады. Мұның да өзіндік хикаяты бар», – деп тағы бір әңгіменің тиегін қаққан.
– Шекпенділер жерімізге дендей кіріп, ел арасында алауыздық өршітеді. Атығай руынан Маңдай деген кісіні бір қателігіне орай өлім жазасына тартқаны үшін Қосағалы батыр бастаған топ Уәлі ханның ордасын шаппақшы болған. Ханның қару-жарақты әскері бұларды қырып тастайық деп Уәліге жүгінгенде, хан сабырлылық танытып: «Бұлар да он екі ата Атығай мен сегіз ата Қарауылдың балалары. Қосағалының өзі оқ бойы алда келеді, ол ашулы, оларға керегі мен ғой, тасалай тұрайын» деген екен. «Хан қашқаныңыз» осыдан шыққан, – дейді М.Оспанов.
Жолаушылар әңгіме желісімен Жалғызтаудың етегіндегі Горный кентіне де келіп жетті. Ел ағасы Бадың (шын аты Рахымәлі) Мұсылмамбеков бұларды жылы қарсы алып, кішкене аяқ созғаннан кейін батысқа қарай бір шақырымдай «Сарытау» төбесіне бастады. Мұнда Қосағалы батырдың әкесі Төлектің зираты бар. Аруақтарға арнап құран бағышталды. Темір қоршаудың алдына бертінде оның ұрпағы Серкелбай Тынымбеков деген азамат құлпытас орнатқан екен. Онда «Халқының бірлігін, халқының тұтастығын ұрпаққа аманат еткен баба аруағына тағзым етеміз» деген жазу жарқырайды. Сапарластар жолай Абылай ханның жақсы бағаланған батырларының бірі Құлсары әулиенің зиратына кідіріп, Үкілі Ыбырайдың әкесі «Сандыбай бұлағынан» сусын басып, телегей әсермен Көкшетауға жеткен…
Неге екенін қайдам, Күләй әжеміздің «бұрынғылар Азат тауының астында айдаҺар жатыр дегенді көп айтатын» деген сөзі ойға жиі оралады. Мұны ирелеңдеген тау кейпіне балап, мән бермейтінбіз. Мәнісі кейін белгілі болды. «Соколов-Сарыбайға» жататын алып доломит кеніші ашылды. Оның айналма қазбалары дәл төбеден кеміріп, шығыстан батысқа қарай аяусыз жалмап келеді. Оянған «айдаҺар» аруақтардың да мазасын алғанын қайтерсіз. Жергілікті халықтың наразылығына қарамастан жетпісінші жылдардың соңында арғы зират көшіріліп, Қосағалы жатқан қорымға қайта жерленген. Тағдыр тәлкегін дөп біліп, тажалдан іргесін аулақ салған Қосағалы батырды әулие демей кім дерсіз?! Жер қойнындағы аруақтардың өзі батырдан пана іздеп, шұрқырай табысқандай емес пе? Мұндай әулие адамдар халықтың шексіз құрметіне бөленуге тиісті дейтініміз осыдан.
Құрмет демекші, Азатта туған атақты Шал ақын Құлекеұлы балаң шағында Солтүстік Қазақстан облысының Сергеев ауданына қоныс аударып, сонда жерленгені белгілі. Әттең, қабірі су қоймасының астында қалғанымен, аудан Шал ақын аталады. Бүгінгі ұрпақ Қосағалы қорымын да «айдаҺардың» әжуасына салуға жол бермейді деп сенейік. Оның үстіне, жергілікті билік ел тілегін ескеріп, Алексеевка кентінің атауын Қосағалы батыр ауылы деп өзгертуге септік жасайды деген жақсы үміттің жетегінде болғымыз келеді.
Зеренді аудандық мәслихатының хатшысы Қайрат Ауғалиев редакцияға хабарласып, жылы хабар жеткізді. Онда облыстық ономастика комиссиясының шешімімен Раздольный ауылындағы орталық Ленин көшесіне Қосағалы батырдың есімі берілгені айтылған.

Бақберген АМАЛБЕКОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Зеренді ауданы.

(Батырдың суретін салған Манарбек Бұрмағанов).

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *