Ерлік шежіресіндегі елеулі есімдер

Өткенді білмей, келешекке қадам басу мүмкін емес. Сондықтан болар, біз әрқашан тарихымызды бағалап, болашағымызды бағамдай аламыз. Тарихтың әрбір парағы біздерге қызық болып көрінгенімен, сол парақ бетіндегі ерлік пен елдікті басынан кешкендер үшін, оңай болмағаны күмәнсіз.

Осындай тарих бетінен көрініс тапқан ерлермен бір шатыр астында еңбек ету, мен үшін сөзбен жеткізе алмас сезімге бөлейтінін жасыра алмаймын. Кездескен сайын ықыласпен амандасып, жүздерінен жылылық сеземін, келісті келбеттеріне қызыға қараймын, бірақ, мұзды жылдардың мұңын бір сәт те байқай алмайсың.
Жақын таныса келе, өткендерін ой елегімнен өткізіп қарап, осындай жарқын жүзді болуларының сырын түсінгендей болдым.
Олар отпен арпалысып, ажалмен бетпе-бет келген жандар, осы себептен, бейбіт күнде біз секілді кіші буынға жақсылықтың жанашыры болып, тыныштықтың таңы болып атуды дәріптеп жүргендерін ұғу көзі ашық жанға қиынға соқпас еді.
Кез-келген істе қолдаушы да, қорғаушы да бола білер қасиетке ие осы азаматтардың есімдерін өзгелерге де паш ету – мен үшін мақтаныш, асыл міндет деп білемін.
Соның бірі, бірімізге аға, бірімізге бауыр болып жүрген 1969 жылдың 2-қыркүйегінде Целиноград облысының Балқашын ауданы Хлебное ауылында қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген Болат Тілеуғабылұлы Шәріпов.
Болат ағамыз 1987 жылдың күзінде әскерге аттанып, КСРО-ның мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Шекара әскерінің Термез шекара отрядында әскери борышын өтеп, 1988-1989 жылдары Ауғанстан Демократиялық Республикасы аумағындағы әскери іс-қимылға қатысып, қан төгісті жылдарды бастан өткерген.
1989 жылдың 14-15 ақпанында кеңес әскерлерінің ауған жерінен қауіпсіз шығуын қамтамасыз етуге де қатысып, елеуге тұрарлық ерлік жасады. Бірнеше мемлекеттік марапаттауларға қол жеткізгеніне қарамастан, қарапайымдылық қағидаттарын жоғалтпаған ағамызға әуесің келеді. Ол облыс прокуратурасының футбол және волейбол спорттық ойындары бойынша құрама командасында тұрақты өнер көрсетіп, бірнеше жүлделі орындарға қол жеткізгенін атап өту де артық болмас. Бүгінгі күні, Болат Тілеуғабылұлы облыс прокуратурасының аға прокуроры лауазымында еңбек етіп, отбасында Отан қорғар өнегелі үш ұл тәрбиелеуде.
Осындай аға ізін жалғаған, 1975 жылы Торғай облысы Амангелді ауданы Амантоғай ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген Ахмет Петрұлы Балмашев жайында бір ауыз сөз айтуды парызым санаймын.
Азаматтық борышын өтеуге 1993 жылдың мамырында Алматы облысы Қапшағай қаласындағы әуе-десант әскеріне аттанған бозбала Ахмет, 1994 жылы ТМД елдерінің шекарасын Тәжікстан аумағында қорғау кезіндегі әскери іс-қимылға қатысатындығын білмеген де болар.
Бірақ, артылған жүктің жауапкершілігін сезінген сарбаз Ахмет, берілген әскери тапсырмаларды Тәжікстанның Хорог шекара отрядында өткен әскери қақтығыс кезінде тыңғылықты орындай білді. Ол Орта-Азия аумағындағы әскери, саяси жағдайдың қалыпты арнаға түсуіне өз үлесін қосып, «Шекара әскерінің 1-дәрежелі үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ерлік істерімен елге еңселеніп оралды. Қазіргі кезде ағамыз облыс прокурорының аға көмекшісі лауазымында абыроймен қызмет атқарып, отбасымен бірге бір ұл, бір қызды тәрбиелеп отыр.
Осындай азаматтардың ортасында еңбек ету менің ғана емес, әріптестерімнің де мерейін өсіретінін айтып өткім келеді.
Жайдары жарқын мінездің, салмақты сабырдың иелері бола білген азаматтарымызға қандай құрмет көрсетсек те, артық емес. Өмірлері өзгеге өнеге боларлық әріптестерімнің дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілеумен бірге, қатарлас келген қос мереке – Отан қорғаушылар және Жеңіс күнімен құттықтай, отырып, еліміз тыныш, туымыз биік, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын дегім келеді.
Ақбұлан Әлжанов,
Ақмола облыстық прокуратурасының
басқарма прокуроры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар