Жеңісті қолдан шығарып алды

Өткен жексенбі күнгі футболдан Премьер-Лигадағы Қазақстан біріншілігінің тоғызыншы турының ойындары ойналды. Бұл күні Көкшетаудың «Оқжетпесі» өз алаңында Қарағандының «Шахтер» командасын қабылдады. Ауа райы да жылы болып, ойынды тамашалауға жанкүйерлер көп келді. Олардың қатарында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев та болды.

«Оқжетпес» турнир кестесінде «Шахтермен» қатарлас тұр. Біздің клуб сегізінші орында болса, қонақтар жетінші орында. Осы ойыннан кейін де турнир кестесіндегі екі команданың жағдайы дәл солай қалып отырғанын алдын ала айта кетейік. Себебі, 2:2 болған есеп не «Оқжетпес», не «Шахтерге» ұпай асыруға мүмкіндік берген жоқ. Екеуінің де сол бұрынғысынша 11-ден ұпайы бар.
Енді ойынға келсек, «Шахтердің» біздер үшін оңай шағылатын жаңғақ еместігі алдын ала белгілі еді. «Оқжетпес» алдындағы үш жеңісін одан әрі жалғастыруға кет әрі болмаса да, қонақтардың соңғы матчтардағы сәтті ойындары мұның оңай соқпайтынын күні бұрын білгізгендей болатын. Жалпы, «Шахтер» өзіндік жақсы дәстүрі бар, еліміздегі белді командалардың бірі екендігі ежелден белгілі. Басқасын айтпағанда ол Премьер-Лигадағы Қазақстан чемпионатының бәріне түгел қатысқан екі команданың бірі. Оның үстіне біздің еліміздің тарихында Еурокубок ойындарының топтық кезеңіне шыққан алғашқы клуб. Осының бәрін ескергенде, «Оқжетпесті» оңай қарсылас күтіп тұрмағаны түсінікті еді.
Бірақ, әр нәрседен де үміт бар. Солай дегендей, көбіміз бұл жолы да жерлестеріміз «Шахтерден» басым түсер деп сенгеніміз анық. Өйткені, өз алаңында ойнайтын команданың жеңіске бір табан жақын болатыны даусыз. «Оқжетпестің» бұл жолғы алаңға шыққан құрамы алдында «Таразбен» өткен ойындағыдан ешбір өзгермей, сол қалпында болды. Бас бапкер Андрей Карпович сегізінші турда сырт алаңда ірі есеппен ұтып келген футболшыларға тағы бір арқа сүйегені сезіле түскен.
Ойын ә дегеннен тартысты басталды. Екі жақ та қорғанысты отырмай, алма-кезек шабуылға көшті. Соған орай, бірде «Оқжетпестің», бірде «Шахтердің» қақпасында қауіпті сәттер де болмай қалған жоқ. Тек доп қақпаға дарымады. Солардың ішінде Иван Пешич тоғызыншы минутта біздің қақпаға соға алмаған 11 метрлік айып добын ерекше айтар едік. Бұл жолы да матчтың өн бойы жақсы өнер көрсеткен қақпашы Джурахон Бабаханов допқа тосқауыл бола білді. Оның аяғынан доп кері серпіліп, демдерін ішіне алған жанкүйерлер бір серпіліп қалды. Осылай бірінші кезеңде есеп ашылмай, есесіне екінші кезең қақпаға соғылған голдарға бай болып шықты.
Алдымен, ойынның 58-інші минутында біздің Дарко Зорич өзін жейдесінен тартқан Артем Барановскийден сытылып шығып, «Шахтердің» қақпасының төменгі бұрышын дәл көздеді. Осыдан кейін «Оқжетпес» қорғанысқа кетпей, шабуыл шебінде ойнай беруі керек еді. Алайда, олай болмай шығып, «Шахтер» біздің қақпаға жиі қауіп төндірумен болды. Сондай сәттердің бірінде қақпаға кіріп бара жатқан допты қорғаушы Александр Кислицын кері қайтарып, 1:0 есебін сақтап қалды. Дегенмен, қарсыластардың «Оқжетпестің» айып алаңынан шықпай қойғаны әрі жанқиярлықпен бір-біріне допты жылдам, дәл қамтамасыз етіп отырғаны голдың ауылы алыс еместігін анық сездіргендей еді. Ізінше солай болды да. Қонақтардың резервтегі құрамынан алаңға шыққан ойыншысы Сергей Зенев 61-інші минутта әріптесінің берген пасын баспен ұрып, қақпаға дәл түсірді.
Осы арада біздің ойыншылардың жеңіске деген жігерін де айта кеткен орынды. Қонақтар соққан голдарына қуанып үлгермей-ақ жақсы ұйымдастырылған комбинацияның нәтижесінде Алмейда Алвес Данило қақпашымен жалғыз шығып, айласын асыра білгеніне стадион дүр сілкінді. Қайткенде де осы есепті ұстап тұруымыз керек еді. Өкінішке орай, біздің ойыншылар тағы да босаңдық танытып, ойынның 84-інші минутында жоқ жерден тағы да Зеневтің таразы басын теңестіріп кетуіне жол беріп қойды.
Бұл босаңдық емес, шынымен біздің команданың шаршағандығының салдары еді. Ірі есеппен біздің пайдамызға шешілген өткен ойынға көп күш жұмсалғаны көрініп қалды. Енді ұтылып қалмасақ игі еді деп тіледік. Өйткені, «Шахтердің» бұған дейінгісіне қоса, бұдан кейінгі шабуылдары да қауіпті еді. Оң қапталда алаңның екінші бөлігінде біздің жақтан шабуылға араласатын ойыншы мүлде көрінбей қойды. Сондықтан, біздер әрі асырған доп алаңның орта тұсына ғана жетіп, қонақтардың олжасына айналумен болды. Дегенмен, «Оқжетпес» тағы да бір қарымта шабуыл ұйымдастырған тұста «Шахтердің» қақпашысы Игорь Шацкиймен жалғыз шыққан Жасұлан Молдақараевтың гол соғуға жүз пайыз мүмкіндігі болып еді. Алайда, тепкен добы қақпашыға тиді.
Ақыры ойын осылай тең есеппен мәресіне жетті. Екі ретте де бірінші болып гол соққан жерлестеріміздің бұл жолы да жеңіске жетуге мүмкіндігі мол болған. Бірақ, «Шахтер» сияқты командамен тең ойын да аз олжа емес. Соған шүкіршілік еттік.
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар