Мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде

Ерейментау ауданының әкімі Виктор Радченко тұрғындар алдында берген есебінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бірқатар жетістіктерін атап көрсетіп, биылғы жылғы жоспарланған жұмыстарға да тоқталды. Есеп беру кездесуіне Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қалдыбек Бәйімбетов пен облыс әкімінің орынбасары Асқарбек Үйсімбаев қатысты.

Аудан басшысы өз есебінде Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты ел халқына арнаған Жолдауында белгіленген тапсырмалар билік өкілдерінің басты міндеті болып табылатынын атап өтті. Еліміздің басты байлығы – адам. Осы орайда, олардың кірісі мен өмір сапасы жоғары болуы керек. Бұл бағытта әлеуметтік қызметтің сапасын жақсартып, тұрмыстың қолайлы ортасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз қажет. Бүгінгі таңда Елбасымыз алдымызға қойған жаңа міндеттерге қол жеткізу үшін нақты негіз бар деп сеніммен айта аламын. Одан әрі аудан әкімі «2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» атты тиімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 52,5 миллион теңгенің игерілгенін айтты.
–«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында аудан орталығындағы №5 бу қазандығы мен жылу жүйесі қалпына келтіріледі. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысуға кәсіпкерлерді тарту жұмысы жүргізілуде. 550,8 миллион теңгенің 15 жобасы мақұлданып, 125 жаңа жұмыс орны ашылды. 2016-2019 жылдарғы ҚР Білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша шағын орталықтар мен балабақшалары қаржыландырылады. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында коттедж қалашығының құрылысы анықталды. 2019-2020 жылдары Ерейментау қаласында 60 пәтерлік тұрғын үйдің және 45 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жос-парлануда. 3900 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауданда мемлекеттік-жекеменшік серіктестігін енгізу жұмысы жүргізілуде,–деген аудан басшысы ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемінің индексі 105,6 пайызды құрағанын айтты. Өткен жылы өңірде 13 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. 63,2 мың гектар алқаптан 63,2 мың тонна астық жинап алыныпты. Гектар берекесі 10 центнерден айналған. Қажетті майлы және азықтық дақылдар, картоп пен көкөністер де уақытында жинап алынды. Ауданда әсіресе, ет бағытындағы мал шаруашылығы дамып келеді. Бұл бағытта 150 ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істейді. Өңірде 38,8 мың бас ірі қара, 71,2 мың қой мен ешкі, 21,4 мың бас жылқы бағылады. Асыл тұқымды ірі қараның саны 4395 басты құрады. Шаруашылықтар 9109,7 тонна ет, 37244 тонна сүт, 5633,8 мың дана жұмыртқа өндірді. Агрокешен саласында 60 өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешені саласын қолдауға 296,6 миллион теңге субсидия беріліпті. Ауыл шаруашылығымен бірге өнеркәсіп секторы қарқынды дамып келеді. Аудан аумағын дамыту жоспары аясында 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Өңдеуші өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4 365,5 миллион теңгені құрады. Кәсіпкерліктің 1863 субъектісі тіркелген.
Жылу маусымын ойдағыдай өткізу үшін облыстық және аудандық бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Жылу құбырлары жөндеуден өтіпті. Өткен жылы «Ерейментау Су арнасы» кәсіпорны бюджет қаржысы есебінен аудан орталығы мен Торғай ауылындағы ұзындығы 1722 метр су құбыры жүйесін ағымдағы жөндеуден өткізді. Облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, қаланың көше мен жол жүйесі жөнделді. Бұл жұмысты «Эко-Жәрдем» серіктестігі атқарды. Биылғы жылы да жол жөндеуге облыстық, аудандық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп отыр. Қазір сенімді әрі жылдам байланыспен Ерейментау қаласы мен 8 ауылдық округ орталығы қамтамасыз етілген. Өткен жылы ауданда 22,1 миллион теңгенің абаттандыру жұмысы жүргізіліпті. Аудан бойынша 12 таза бейсенбілік пен 9 сенбілік өткізілген.
–Есептік кезеңде аудан орталығында жүзу бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Сондай-ақ, бұл маңда 60 автокөлік тұратын автотұрақ пен воркаут алаңын салу жоспарланған. Бұл нысанның құрылысы биыл аяқталады. Өткен жылы бірыңғай ұлттық тестілеудің орташа балы 75,70 балды құрады. Қорытынды аттестацияға 237 мектеп түлегі қатысты. Аудан мектептерін материалдық-техникалық жабдықтау және мектеп ғимаратын күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Өңірде 166 орындық орталық аудандық аурухана, емхана, 7 дәрігерлік амбулатория, 1 ФАП, 18 медициналық пункт жұмыс істейді. Есептік кезеңде әлеуметтік қолдау және тұрғындарды жұмыспен қамту шараларын жүзеге асыруға аудандық бюджеттен 76,8 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, аудандық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді. Аудандық мәслихат Ерейментау қаласы мен Еркіншілік, Тайбай, Торғай ауылдық округтеріне 4 деңгейлі бюджетті бекітті. Екі мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі,–деген Виктор Радченко өзге әлеуметтік саланың жағдайы жөнінде айтып, тұрғындар сауалдарына жауап берді.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *