Жүрекпен сүйген «Родина!»

I. Жолдағы әңгіме немесе музыка тыңдайтын сиырлар
Бұл ауыл туралы бұрын естісем де арнайы барудың орайы келмеп еді. Осы жолы ауыл мектебінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 263 орындық асхана ашылады дегенді естіп атқа қондық. Бағыт – Целиноград ауданына қарасты Родина ауылы. Бұл әйгілі «Родина» агрофирмасының» директоры Иван Сауэрдың ауылы. Біз бара жатқан №33 орта мектептің асханасын 42 500 000 теңгеге күрделі жөндеуден өткізіп, заманауи жабдықтап берген де осы азамат.
«Жолы болар жігіттің желі оңынан тұрады» демекші, менімен жолдас болып бір көлікке мінгескен Юрий Обердиенко деген журналист жігіт. Ол бұрын осы ауыл жайлы деректі фильм түсіріп, онысы Ташкентте өткен халықаралық «ТЭФИ Содружество» фестивалінде жүлде алған көрінеді. Ауылды мақтады ма, әлде, алған жүлдесімен мақтанды ма, Юрий кеудесін бір керіп қойды.
Атам қазақтың «жол сұрамай жолға түспе» дегені есіме түсіп, бір жағы жол қысқарсын дедім де, әлгі Юрийден ауыл туралы суыртпақтап сұрап келем. Ол да әңгімешіл жігіт екен.
– Бұл ауылдың сиырларына дейін бақытты,– деп бастады әңгімесін. – Шаруа қожалығындағы ірі қаралар іштері пысса, арнайы құрылғыға барып шекесін, мүйізін, арқасын қасып рахаттанады екен, – дейді Юрий миығынан күліп.
Мен:
–Біздің ауылдағы мәлік келгір, қарасан тиірлердің арқасын сегіз өрім қамшы қасығаны болмаса, мұндайды өмірі көрмей кетті ғой, байғұстар, – деймін іштей.
–Ал, оларға сауатын кезде әлем классиктері Моцарт, Бах, Бетховендердің әуендерін тыңдатады. Сөйтіп, сиырларға барынша жағдай жасайды екен,– дегенді тағы қосып қойды Юрий. Мал екеш малға мұндай жағдай жасалса, ауыл тұрғындарының уайым-қайғысы мүлде жоқ шығар?!

II. «Тату үйдің тамағы тәтті»
Мақтаулы ауылға да жеттік. Көшесі түп-түзу, тап-таза. Өз диірменінен бастап, қатар-қатар тұрған ұшақтары, саябағы, шіркеуі, мектебі, балабақшасы, ауылға келген әр жас маманға тегін берілетін біркелкі салынған қырық шақты үй – бәрі-бәрі жап-жаңа, көз қызығарлық әп-әдемі екен. Мектеп алдына келсек, бір топ бала шаңғы теуіп жүр. Шаңғы тебуден жарыс болып жатқан көрінеді. Айтпақшы, біздің ауылдың мектебінде шаңғы да жоқ еді. Қазір бар ма екен?
Таң қараңғысында шығып 400 шақырым жер жүріп жеткен соң, асханаңызды көрейік деп сабырсыздандым. Бірақ, бізді күтіп алған қазақы қамзолды мектеп директоры Елена Викторовна алдымен мектепті аралап шығуды өтінді. Содан, іші мен сырты жаңа, жылы да жайлы қала мектептерінен асып түсетін ғимаратты аралап келеміз. Қай сыныпқа бас сұқсақ та, орындарынан атып тұрып, «сәлеметсіз бе!», «здравствуйте!», «hello!» деп үш тілде жамырап амандасқан оқушылар. Араларында қазақтың ұлттық киімін киген шегір көз, шикі сары балапандар да бар. Әр сыныптың төрінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры», «Рухани жаңғыру» мақалаларына қатысты стендтер, балалардың қабылдауына жеңіл етіп дайындалыпты. Біз мектепті бір айналып келгенше, асхана алдына жұрт та жиналып қалған екен. Қазақ биімен асхананың ашылу салтанаты басталды да кетті. Алдымен, Родина ауылдық округінің әкімі Бэлла Асланбекқызы құттықтау сөзін айтты, содан соң сөз бізге тиді. Біз айтпасақ та білетін «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» жайлы азды-көпті ой қозғап, сөз сөйледік.
Бұл асхананың бір ерекшелігі – әр ай сайын әр ұлттың тағамдарынан ас мәзірі дайындалады екен. Осы ай оқушыларға тек қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылады. Қабырғаларда бауырсақтың, шелпектің, қуырдақ пен қазақы еттің, кеспе мен қоспаның, айран мен қаймақтың дайындалуы мен құрамы жазылған плакаттар. Әр үстелдің үстінде «ас – адамның арқауы», «тату үйдің тамағы тәтті» деген секілді мақалдар. Мұнысы үлгі алатындай екен деп келе жатырмын. Бір кезде ауылдың адамдарынан жиі еститін «еттің дәмі кетсе, ұрлықтың мәні кетеді» деген мақал көзіме оттай басылды. Мырс еттім. Балаларға ұрлық жайлы айтқан мұндай мақалдың тұрғаны біртүрлі болса да, сонысынан-ақ бұл кісілердің шынайылығын көрдім. Өзге ұлт өкілдері болса да, қазақтың мақал-мәтелдерін жазып, ұлттық киімімізді киіп жүр. Бұл – олардың қазақ халқына деген құрметі мен алғысы шығар?!
Алдымызға жайылған ақ дастарханда шашылып жатқан бауырсақтан, жаңа ғана сойылған соғымның буы бұрқырап келетін қуырдағындай қуырдақтан асап алдық та, «Көкшетау, қайдасың?» – деп кері қайттық.

III. Қайтар жолда
Юрий шаршады білем, ауылдан шыға бере ұйқыға кетті. Ал, мен мектеп оқушылары мен ұстаздарына және өзге де қызметкерлеріне күн сайын тегін тамақ беретін Иван Сауэрды ойлап келем. Осынша адамға жұмыс тауып, өзінің кіші Отаны – Родинасын күн сайын көркейтіп келе жатыр. Ол өз елін қандай жүрекпен сүйеді екен?!
Неге біздің ауылдардың біразы жойылып, біразы тұралап қалды? Мүмкін, біз айналайын, ақ мекенімізді мұндай жүрекпен сүймеген шығармыз?!
Мерген ТОҚСАНБАЙ,
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *