Күн кешу керек мылтықсыз!

Бақберген АМАЛБЕКОВ.

КЕБЕНЕК КИГЕН АҒАМДЫ…
(Шекер жеңешемнің рухына)

Сезімнің салып дүрбісін,
Іздейсің кімді кештерде?
Ағамды күтіп жүрмісің,
Арманды қосып кестеңе.

Ақшарбы бұлттар сөгілді,
Ақтарып мұңын төккелі.
Дал-дұл да болған көңілдің,
Сынуға шақ тұр өткелі.

Жыры да жоқ қой бесіктің,
Өзгеше үйдің от басы.
Қағасың елең есіктің,
Қозғала қалса тұтқасы.

Сен барда, бірақ, сөнер ме,
Ошақтың оты маздаған.
Кеудеңде жүр-ау көп өлең,
Сағынған жарға жазбаған.

Бүгін де, міне, тарандың,
Асыл да туған жеңешем.
Кебенек киген ағамды,
Күтудемісің, жеңешем!?

МЫЛТЫҚСЫЗ

Күрсінген көңіл сырды ұқ та,
Ұмтылма, адам, мылтыққа.
Кепкен де жоқ қой ащы жас,
Жесірлер, жетім тұншыққан.

Ермегі бейбіт аңшының,
Бәрібір оған қарсымын.
Уылжып жатқан ұйқыдан,
Оянып кетер таң шырын.

Ғашықтар шерткен үнді ұққыз,
Қалмасын аққу ынтықсыз.
Күреспен жеткен өмірде,
Күн кешу керек мылтықсыз!

ЛЕНИНГРАД

Даңқың бар күллі әлемді жарған дара,
Қақпаңа келіп тұрмын, арман қала.
Өзіңе жеткізгендей мені соқпақ,
Әліби керуеніне салған дала.

Әрленген тарих көші зерлеп ішін,
Аңсаумен күн өткердім көрмек үшін.
Бүгінде байтақ өңір қазағымның,
Сәлемін ала келдім бермек үшін.

Қалғандай Жамбыл мәңгі болып тірі,
Тұр әне жүрегіндей соғып жыры.
Көшеңмен өтті ме екен қырғын салып,
Жан әкем зеңбірекші соғыс жылы.

Үйлерің, сарайларың көк тіреген,
Бақыттың ордасындай көп тілеген.
Достықтың жанарындай жарқыраған,
Күміс Күн қимасындай өпті білем.

«Аврора» тұрса дағы ап тынымды,
Есітіп бүкіл әлем жатты үніңді.
Жан әкем талай жүрген жолдарменен,
Жамылып келем мен де ақ түніңді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар