Шу жануар дегенде!..

Краснояр селосындағы «Құлагер» атшабарында Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары командаларының

қатысуымен тай мен құнан жарыс, көкпар, қазақ күресі, теңге алу, жамбы ату тәрізді ұлттық спорт түрлері бойынша фестиваль болып өтті.

Шараның ашылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсет Бүкібаев ұлттық спорт ата-бабамыздан мұра болып қалған жетістігіміз екенін, оны әлем халықтарына кеңінен таныта алатынымызды атап өтті.
–Еліміздегі дене шынықтыру мен спорт адамның жан-жақты дамып, қалыптасуының маңызды факторы болып табылады. Оның ішінде ұлттық спорт түрлері ерекше орын алады. Ұлттық спорт ойындарының денсаулыққа тигізетін пайдасы жөнінде ата-бабаларымыз ежелгі заманнан бері айтып келген. Бұл аталы сөздің астарында дене тәрбиесі қағидаты жатыр. Ұлттық спорт ойындарының қай түрі болмасын, адамдардың дене тәрбиесі мен рухани қасиеттерін дамытуға бағытталған. Қазақ күресі дене күшін, аламан бәйге төзімділікті, теңге алу ептілікті, жамбы ату мергендікті, тоғызқұмалақ ақыл-ой мен талдау қабілетін шынықтырады. Соңғы жылдары қазақтың ұлттық спорт түрлері тек Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де белсенді дамып, біздің еліміздің атақ-абыройын арттыруға ықпал етуде,–деді басқарма басшысы.
2400 шақырым қашықтықтағы тай жарысқа алты шабандоз қатысты. Нәтижесінде атбасарлық Влад Ненашов ерттеп мінген «Бойко» сәйгүлігі өзгелерді шаң қаптырды. Екінші, үшінші орындарды красноярлық шабандоз Ерғали Аман мен Зеренді ауданының Ақан ауылынан келген Қапар Айберген өзара бөлісті. 10 шақырым қашықтықтағы аламан бәйгеге он шабандоз қатысты. Бұл жарыста бурабайлық шабандоз өзінің «Хан күреңімен» алда келді. Бұдан кейін «Ақтанауды» ерттеп мінген атбасарлық Влад Ненашев пен бурабайлық Артур Саннер мәре сызығын екінші, үшінші болып кесті. Шара барысында қонақтар бүркіттің, тазы мен төбеттің жанында суретке түсті. Ересектер мен балалар атқа мініп, серуендеді.
Сөйтіп, қала тұрғындары мен меймандары өздерінің сүйікті ұлттық спорт түрлерін тамашалап, көңілдері бір көтеріліп қалды.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажары».

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар