Халық арасынан шыққан ер

Кешегі бүкіл Еуропаны қанды қыспаққа алған неміс-фашист басқыншыларының Кеңес Одағына да лап қойған қатты тегеуірініне қарсы тұрып, біз қызығын көріп отырған бейбіт күнді қорғап қалған халық қаһармандарының ішінде Ақмола, Көкше өңірлерінен де атойлап жауға шапқан есіл ерлер аз емес. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, ержүрек ұшқыш

Талғат Бигелдинов, Мәскеуді қорғап, батыр атанған Мәлік Ғабдуллин, майдан жолдары ғана емес, бейбіт өмірде де даңққа бөленген Сағадат Нұрмағамбетов, жау цитаделі – Рейхстагтың өзіне Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев, жалын жүректі партизан ақын Жұмағали Саин, тағы басқа да жерлестеріміз біздер үшін қашанда Отанды, елді сүюдің символы болып қала бермек. Ел басына күн туғанда, от пен оқтан сескенбей, зұлым жаумен арыстанша шайқасқан сондай ерлердің қатарына жауынгер ақын, журналист Рақымжан Сансызбаевты да қосуға болар еді.

Жерлесіміз Рақымжан Сансызбаевтың Алматыдан бастау алған майдандық жорық жолы алдымен №234 қосалқы атқыштар полкінің жауынгері болуымен өрбіп, жоғарыда атақты Сәбит ағасына есебі іспеттес өз аузымен баяндалған ерліктерін негізінен сол полктің құрамында жасайды. Сұм соғыс оны жаумен арыс-
танша алыстырып, адам баласын өлтіруге итермелесе де, бұрын республикалық белді әдеби журналда қызмет атқарған қаламгердің бар болмысы, табиғаты ақындық еді.

1980 жылдардың басында мен жұмыс істеп жүрген Зеренді аудандық «Коммунизм таңы» газетінің редакциясына осы Рақымжан ағамыздың келіні Айтжан Сансызбаева келді. Қолында қайын атасының бір топ өлеңдері. Арасында қан майданда, соғыстан кейінгі жылдарда да жазғандары бар. Ұлы Отан соғысында өшпес ерліктің үлгісін көрсеткен үлкен дарын иесі Рақымжан Сансызбаев туралы мен алғаш сол жолы естіп білдім. Осы бетпен ол кісінің бір топ өлеңдерін газетке дайындап, көп ұзамай ол топтама онда басылып шықты. Әлі күнге дейін осыны жылы сезіммен еске алсам, көңілім бір түрлі тоғайып қалады. Өйткені, сол бір азын-аулақ септігіммен Ұлы Отан соғысы қаһарманының алдында бір парызымды өтегендей боламын. Әсіресе, сол жолы-ақ көңілімде үлкен әсер қалдырған «Бес оқ» өлеңінің жөні бір бөлек еді. Алты шумақтан тұратын бұл өлеңде гвардия лейтенанты Рақымжан Сансызбаевтың, сонымен бірге әрине, ел қорғаған миллиондаған жауынгерлердің жауға деген қайнаған кегі, дұшпанды бір адым алға жібермейміз деген Отан алдындағы анты, туған жерге, аяулы ана, ардақты әке, сүйікті қарындас, бірге туған бауырға сарытап сағынышы, бәрі-бәрі «мен мұндалап» тұрғандай. Сол өлең маған әлі күнге майдангер ақын Рақымжан ағаның бүкіл өлең-жырының асқақ шыңы болып көрінеді де тұрады.
Әрдайым атакаға барған сайын,
Қолыма ер қаруын алған сайын.
Былай деп өзіме-өзім ант етемін,
Бес оқты винтовкаға салған сайын.

Бірінші оқ атыл жауға халқым үшін,
Халқыма берген адал антым үшін.
Қолына қанжар алып келгендерден,
Кек алмай тынбайтұғын салтым үшін,–
деп жалғаса беретін өлең санаңды дүр сілкінтетін нағыз ердің сертіндей. Ұлы Отан соғысында осы ұстаным, осы табандылығымен талай ерліктер жасаған даланың дархан ұлы шын мәнісінде, халықтың қалың ортасынан шыққан ер ұланның бірі еді. Өмір жолы да өзінің қайсар, қайратты мінезі сияқты оңай қалыптаспаған. 1920 жылы мамыр айының 5 жұлдызында Ақмола облысына қарасты Атбасар ауданының №11 ауылында дүниеге келеді. Ата-анасынан ерте қалған баланың жағдайы белгілі. Жетімдіктің, жоқ-жітіктің бұлтарыс-бұралаңы Рақымжанды да айналып өтпейді. Алайда, «жігіттің жақсысы нағашысынан» демекші, біраз уақыт нағашыларының қолында тәрбиеленіп, Сандықтау өңірінде бастауыш мектепте оқиды. Кейін өмірдің тосын сүрлеуіне тап болды ма, Еңбекшілдер ауданының Казгородок ауылындағы балалар үйінен бір-ақ шығады. Ал, мектепті Қызылту ауданының орталығы Кішкенекөл ауылында тәмамдайды. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өнерге, соның ішінде әдебиетке жақындығы бірден Алматыға көз қиығын тастатып, арман жолына алып шыққан. Мұнда жаны жомарт, пейілі кең Сәбит Мұқановтың көзіне түсіп, жас та болса, «Әдебиет және исскуство» журналына қызметке алынады. Аты дардай әдебиет журналы. Сол қара шаңырақта жұмыс істесе, ақындық талабы, қаламгерлік қыры да осал еместігі, келешегінен үміт күттірерлік ақындардың бірі болғаны анық еді.
Бірақ, асыл арман, игі жоспарлардың бәрін бұзып, араға келіп киліккен сұм соғыс… Рақымжан да ел шетіне аш бөрідей жау тигенде алғашқылардың бірі болып өз еркімен сұранып, қан майданға аттанады. Кеудесі кекке толған ержүрек жауынгер бұл жолда ештеңеден тайынбайды, тайсалмайды, жауды сүйем жер ел ішіне жібермей, өз шыққан ордасында талқандауға барынша пейілді болады.
Оған есіл ердің 1944 жылдың 18 қаңтарында Алматыға, өзі ардақты аға көрген Сәбит Мұқановқа жазған хатынан мына бір үзінділер дәлел. «Сіз мен туралы былай деуші едіңіз: «Ертегінің батырларындай алдам-салдам ер мінезді, салдыр-сұлдыр, көзінде оты бар… Түбінде осыдан бірдеңе шығады…» Мен бастапқы кезде ойлап жүрдім, қалайша Сәбең қателесетін болды… Шынымен-ақ, герой атын ала алмаймын ба? Сол себептен де осы күнге дейін Сізге емес-ау, бүкіл Қазақстанға хат жазуға арландым».
Неткен ар-намысқа, өршіл рухқа, отаншылдық сезімге толы жүрек сыры десеңізші. Қайтпас қайсар ұланның ер көңілі, әріде жатқан тектілігі, албырт та асқақ жан дүниесі қалай-қалай тіл қатады?! Зұлым жау десе қаны қайнап шыға келетін нағыз ер, нағыз батырлық пен батылдықтың өнегесі ғой. Рақымжан ағаның Отан үшін оқ пен оттың ортасында шыңдалып, сыз окопта жатып, толарсақтан саз кешіп жүріп, атақты жазушыға жазған бұл хаты сол соғыстағы қас дұшпанға деген бүкіл ел қаһарының жарқын көрінісі емей немене?! Ал, енді жаумен ойдағыдай шайқаса алмадым, маған сіз берген бағаның үдесінен шыға алмадым деп қысылған жауынгердің қос-қосталған мына шалымдылығы мен алымдылығына қараңыз. Тағы да осы хаттан үзінді.
«Фашистермен талай қоян-қолтық, қолма-қол ұрыстарда да болдым, талай рет қоршауда да қалып жүрдім, әлденеше рет бомбалаудың астына да түстім, талай мәрте ауыр жаралы болып, қансырап та жаттым. Бірақ, тірі қалдым. Талай қауіп төніп тұрған кездерде де ешбір қорқынышты білмедім. Тірі қалуыма мүмкін сол мінезім себеп болған шығар. Қаламды автоматқа айырбастаған күннен бастап разведкада болдым. Күні бүгінге дейін барлаушымын. Самолеттен үш рет парашютпен жаудың тылына секірдім. Бір рет жалғыз өзім екі фашисті ұстап әкелдім. Соным үшін командованиенің алғысын алдым және «Отличный разведчик» деген кеудеге тағатын значекпен наградталдым. Бұл менің тырнақалдым болды. Содан былай-ақ жауынгерлік тапсырмаларды тыңғылықты орындап жүрдім. Жүрген жерімде «герой-казах, лихой разведчик» деген атаққа іліндім. Кешікпей «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталдым. Соңғы рет жалғыз өзім үш фашисті тірідей ұстап әкелдім. Командование еңбегімді бағалап, «Қызыл Ту» орденімен наградтады. Өзімді офицерлік оқуға жіберді».
Апыр-ау, сол бір ел басына күн туған сұрапылда бұдан артық қандай ерлік, Отанға, елдік мұратқа берілгендік керек деп толғанасың осы бір сәтте. Майдан жолы осындай жауынгерлік рухқа толы Рақымжан ағаның соғыс жылдары түскен мына бір фотосуретіндегі бір жақ маңдайын жауып, құлағына төгілген қалың бұйра шашынан, қыран қабағы мен өз-өзіне сенімді, сұсты жанарынан, қолындағы әшекейлі қанжары мен оны қыса ұстаған саусақтарынан қазақтың нағыз серке жігіттеріне тән ірілігі мен серілігін жазбай танисыз. Үстінде офицерлік әскери формасы, кеудесінде ордені. Қазақтың қайсар болмыс-бітімін көрсететін бұл суретті Ұлы Отан соғысы туралы кез-келген фотокөрменің төріне іліп қоюға тұрарлықтай.
Жерлесіміз Рақымжан Сансызбаевтың Алматыдан бастау алған майдандық жорық жолы алдымен №234 қосалқы атқыштар полкінің жауынгері болуымен өрбіп, жоғарыда атақты Сәбит ағасына есебі іспеттес өз аузымен баяндалған ерліктерін негізінен сол полктің құрамында жасайды. Сұм соғыс оны жаумен арыстанша алыстырып, адам баласын өлтіруге итермелесе де, бұрын республикалық белді әдеби журналда қызмет атқарған қаламгердің бар болмысы, табиғаты ақындық еді. Екі қолымен қаруын ұстаса, тағы да сол қолдарымен блокнот-қаламын алып, ұрыс-ұрыстың ара-арасында блиндаждың бір бұрышында, оңаша қалтарыста жазған өлеңдері, қаруластары туралы хабар-ошарлары да дәтке қуат болатын. Олардың апарылып, көпшілікке тарайтын орны – қазақ тіліндегі майдандық газет.
Дабыл ұрып, қиқу салып,
Алға аттанған жорықтарда.
Я болмаса бетпе-бет кеп,
Дұшпанменен жолыққанда.
Қырып салып, қанға бояп,
Жауды жаншып, кек алғанда.
Я болмаса ұрыс тоқтап,
Азын-аулақ дем алғанда.
Қолдан келген бар көмекті,
Аямаймыз, береміз біз,
Жауды жеңіп тез қайтар деп,
Сендерге тек сенеміз біз.
Деген сөздер хат ішінде,
Жүрегіңе нәр болмай ма,
Қиындықта қажытпайтын,
Бойға қуат, әл болмай ма,–
деген сияқты патриоттық жырлар да Рақымжан ағамыздың атынан зұлым жауға оқ болып атылғаны анық.
Аспанға атып ақ көбігі,
Долы мұхит жатты шалқып.
Сол мұхиттың айдынында,
Крейсерлер қаздай қалқып,
Бара жатты батыс жаққа,
Қан майданға шеру тартып.
Толқындары тау тәрізді,
Көкке шапшып өрмелеген.
Тебіренген теңіздер де,
Ені жалпақ, түбі терең.
Жауға кеше аттанысқан,
Алмас тұмсық, болат кемем.
Ақынның кеңес әскерлерінің ерлігін паш еткен мұндай жалынды өлеңдері сол кезде жалғыз майдандық газетте емес, республикалық басылымдар мен туған жеріндегі «Көкшетау правдасы» газетінде де жарық көріп жатты. Ақыры, осы қарым-қабілеті лейтенант Рақымжан Сансызбаевты өз туындылары басылып тұратын майдандық «Отанды қорғау» газетіне әскери тілші болып қызметке алынуына жол ашты. Сөйтіп, кешегі ержүрек барлаушы енді осы басылымның басы-қасындағы жанқиярлық еңбегі үшін газеттің алғашқы санының шыққанына екі жыл толуына байланысты 1944 жылдың 6 қарашасында Ленинград майданы саяси басқармасының бастығы, генерал-лейтенант Холостовтың алғысын алып үлгерді. Ал, бұған дейін Рақымжан ағаның осы газетке қатысты редакция қызметкерлерін риза еткен тағы бір қызығы бар. Ол туралы соғыс жылдарында осы әскери газетте Р.Сансызбаевпен бірге қызмет атқарып, кейін Көкшетау облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болған Бейсен Жұмағалиев ағамыз «Жауынгер. Ақын» атты мақаласында былай деп жазады.
«Ленинград майданында қазақ тілінде шығатын «Отанды қорғау» газетінің редакциясына алдыңғы шептен қазақ жауынгерлері жиі келіп тұратын. 1944 жылдың жазында біз отырған бөлмеге қара торы, сымбатты, шапшаңдау бір жігіт кіріп келді. Үстінде орман жапырақтарымен безелген маск-халат, мойнында автомат. Таңырқап қалдық. Өйткені, макс-халат тек алғы шепте киіледі ғой. Мән-жайды сұраса бастағанда телефон шылдыр ете түсті.
– Жаңа ғана редакцияға бір қазақ кірді. Өжет неме. Үстінде маск-халаты бар. Неге сәлем бермейсің, қалада тәртіп бұзып жүрсің ғой,–дегеніме дөрекілеу жауап берді. Комендатураға жіберейін деп ойладым да, алғы шептен жүрген жауынгер болған соң кешірім еттім. Бірақ, қандай адам екенін кейін айтарсыңдар.
–Құп болады, жолдас полковник!
–Сонымен бауырым, біздің бастыққа қалай душар болдың? – деп лейтенантқа қарадық.
–Сіздерді Нива проспектісінің басындағы бірінші үйде деп естігенмін. Қалың ойға шомып келе жатып, Үлкен Сарай алаңына шығып кетіппін. Бір қарасам, алдымда полковник.
– Жауынгер неге сәлем бермейсің? Екіншіден, қалада маск-халатпен жүргеніңіз қалай?
Бәрін түсініп тұрмын. Әскери тәртіпті бұздым. Енді құтылудың амалын әзілдеп таппақшы болдым.
–Жолдас полковник, мүмкін сіз маған сәлем беретін шығарсыз. Маск-халаттың астында қандай погон барын білмейсіз ғой,–деп едім, мықтап шиеленістіріп алдым. Ажырая бір қарады да, полковник жүре берді.
Ал, осы көріністің бас кейіпкері мына алдымызда отырған бауырсақ мұрын, өткір көз, шымыр да шапшаң Рақымжан Сансызбаев болатын. –Мен Көкшенің көрікті жерлерінің бірі Зеренді ауданында туғанмын,–деді ол».
Міне, осылай, керек болса, полковниктен де ықпаған Рақымжан аға соғыстың кей тұсында «СМЕРШ» мемлекеттік қарсы барлау комиссариатының да қызметкері болған. Барлауда құнды мәліметтері бар неміс офицерін қолға түсіргені үшін оның былғары портфелі трофей ретінде батыл барлаушының өзінде қалдырылыпты. Қайтыс болғанша қолынан түспеген ол сыйды 2010 жылы жалғыз ұлы Қорғанбек Сансызбаев Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырған екен.
Соғыстан аман-есен келген майдангер ақын Алматыда жоғарыдағы Сәбеңнен бастап Әбділдә, Жақан, Шахмет, Тайыр, Әлжаппар, Есмағамбет, Ғабит, Сейітжан, Асқар, Қасым мен Қалижан, Жұмағали, Әбу, Ғабиден сияқты ақын-жазушылардың бәрін біліп, аралас-құралас бола тұра, астанада қалмай, туған жері – Көкшетауға оралған. Мұнда ол өзінің ежелден сүйіп атқарған шығармашылық жұмысына белсене араласып кетеді. 1946 жылы облыс орталығының іргесіндегі Қошқарбай ауылының Бәтима есімді қызына үйленіп, бес бала сүйеді. Өзі болса, «Көкшетау правдасы» газетінде жауапты хатшы, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде меншікті тілші қызметтерін атқарып, баспасөз саласының белді өкілдерінің біріне айналады. Бұрынғысынша қаламынан талай отты өлеңдер туып, әдебиет саласында да поэзиялық және прозалық туындыларымен одан әрі таныла түседі. Әсіресе, майданда да тайсалу, ана-мынадан ығуды білмеген туа бітті өжеттігімен фельетон жанрына жақын болып, осы тақырыпқа көсіле қалам сілтейді. Оның соңында мұра болып қалған осындай дүниелерін қызыға оқи отырып, қоғамда қай дәуірде де жолы болғыш жатыпішерлік, жағымпаздық пен мансапқорлық, шаруаға қырсыздық пен әділетсіздікке қарсы ымырасыз күрескеніне сүйсінесің.
Небір қиын-қыстау сәтті бастан кешсе де, майданнан он екі мүшесі сау оралған есіл ерге тәңірім бейбіт заманда да ғұмыр бергенде, Рақымжан Сансызбаевтың бұл дүниеде тындырған ісі, еліне сіңірген еңбегі бұдан да зор болары ақиқат еді. Екі тілге бірдей жүйрік, кей өлеңдерін орыс тілінде де жазып қалдырған ақынның небір жауапты қызметте жарқырап көрінуімен бірге, шығармашылық күш-қуатының да өзінің мол жемісін берері анық-ты. Алайда, қайран аға тағдырдың жазуымен небары 45 жасында жол апатынан қайғылы қазаға ұшырап кете барды. Бұл – 1965 жылдың жүзі болатын. «Орнында бар оңалар» демекші, балаларының ішінен суырылып шыққан үлкен ұлы Қорғанбек көп жыл Зеренді ауданында трактор-егіс бригадасын басқарып, кейін Айыртау ауданындағы «Заветы Ильича» кеңшарының директоры болып абыройлы қызмет атқарды. Осы ұлы мен келіні Айтжан әке есімі мен мұрасына әрқашан жанашыр қарап келеді. Бертін соңында қалған әдеби мұрасын жинап-теріп, «Бес оқ» атты өлеңдер жинағын шығарды. Бүгінгі және келер ұрпақ Рақымжан ағамыздай бір асылын да біліп жүрсін деген ізгі ниетпен әкелерінің Ұлы Отан соғысында және бейбіт өмірде алған бүкіл наградалары мен жеке заттарын музейге тапсырды.
Кешегі бүкіл ел болып қарсы тұрған соғыс өртінде халықтың арасынан шығып, зұлым жаумен тайсалмай ұрысқа кірген есіл ер, жалынды ақын, белгілі журналист, білікті аудармашы және шебер фельетонист, жерлесіміз Рақымжан Сансызбаев осындай тұғыры биік азамат еді. Оны Ұлы Жеңіс күні құрметпен тағы да бір есімізге алып, майдан даласындағы асқан батырлығы мен батылдығын ел есіне салып қою абзал парызымыз бен міндетіміз.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар