Байыпты бағдарлама

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қазақстанның Ұлттық банкі» АҚ Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Гүлнәр Омарова және «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ аумақтық директоры Толқын Нұрмахин журналистермен брифинг өткізіп, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Брифингте айтылғандай облысымызда «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша 2,2 миллиард теңге сомасында 250 өтініш мақұлданыпты. – «2019 жылдың 11 ақпанындағы жағдай бойынша «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы шеңберінде екінші деңгейдегі банктерге республика тұрғындарынан жалпы сомасы 102 миллиард теңге болатын 8 939 өтініш түскен. Оның ішінде 61 миллиард теңгеге 5 181 өтініш банктер тарапынан қолдау тапты», –дейді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ аумақтық директоры Толқын Нұрмахин.
Толқын Нұрмахиннің айтуынша, Ақмола облысында «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша 334 өтініштен 2,2 миллиард теңге сомасында 250 өтініш қолдау тапқан. Бастапқы баспана тапшылығын шешу үшін, Ұлттық банк «Бас-
пана» ипотекалық ұйымы арқылы қолжетімді баспананы салу үшін жергілікті органдарды жалпы құны 150 миллиард теңге сомасына қаржыландыруды бастап кетті. Қаржыландыру әр екі жыл сайын арнайы облегация шығару арқылы жүзеге асырылып отырады. Яғни, «Баспана» ипотекалық ұйымы оны нарықтық бағамен сатып алады. Бұл шешім экономиканың өсуіне, құрылыс саласының дамуына және қазақстандықтардың баспанаға қолжетімділігін арттыра түседі. Жалпы, аталмыш тетік арқылы алдағы 5 жылда бағдарлама бойынша 375 миллиард теңгеге қолжетімді тұрғын үй салынатын болады. Ал, «Қазақстанның Ұлттық банкі» АҚ Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Гүлнәр Омарованың айтуынша, 2018 жылдың тамыз айында бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін Ұлттық банк тарапынан тұрғындардың төлеу мүмкіндіктерін кеңейту үшін өзгеріс енгізілді. «Бағдарламаны жүзеге асыру шеңберінде тиісті инфрақұрылым жасалды, түсіндіру бойынша ауқымды ақпараттандыру жұмыстар жүргізілді. Оның ішінде ұйым тарапынан барлық өңірлерде тұрғындармен кездесу өткізіліп, 6 миллионнан астам қазақстандық қамтылды. Қазіргі кезде бағдарламаға екінші деңгейлі 6 банк қатысуда. Жалпы, 2019 жылы еліміздегі ипотекалық несиелеудің 80 пайызы осы бағдарлама арқылы жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр», – деді Гүлнәр Омарова. Брифинг соңында журналистер тарапынан
«7-20-25» бағдарламасынан бөлек, тұрғындардың баспана мәселесін шешу бойынша қолға алынған республикалық өзге де жобалар мен жоспарлар туралы сауалдар қойылды.
Салтанат ДОСЕТОВА.
Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *