Талапқа сай даму бар

Біржан сал ауданының әкімі Ермек Нұғыманов «Ауданның 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2019 жылға белгіленген міндеттер туралы» тұрғындар алдында есеп беру кездесуін өткізді. Есеп беру кездесуіне облыстық білім басқармасының басшысы Талғат Жүнісов қатысты. Кездесу барысында әкім жұртшылықтың сұрақтарына жауап берді.

– Өткен жыл біздің аудан үшін табысты жыл болды. Ғажайып Астанамыздың 20 жылдығын, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 27 жылдығын, Біржан сал ауданының 90 жылдық мерейтойын еселенген жігер тасқынымен атап өттік,–деді аудан әкімі Ермек Нұғыманов баяндамасының беташарында.
2018 жылдың қорытындысы бойынша жаппай кәсіпкерлікті дамыту және нәтижелі жұмыспен қамту «Еңбек» бағдарламасы аясында 200 миллион теңгеден астам қаржы игерілді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы қолға алынған жылдарда жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеден асатын 11 жоба мақұлданып, ел игілігіне жаратылды. Негізгі капиталға 4,3 миллиард теңге инвестиция бағытталды.
Облыс қалалары мен аудандары арасындағы әлеуметтік-экономикалық даму серпінінің рейтингісі бойынша ауданымыз ортадан жоғары даму серпіні бар топқа кіреді. Қолданыстағы бағада жалпы сомасы 20,5 миллиард теңгеден астам немесе 127,3 па-йыз өнеркәсіптік өнім өндірілді. Бұл өсім «Семізбай U», «Өркен-Атансор», «Көкше-Цемент» кәсіпорындарының уран, темір кендері және цемент өндірісінің артуымен байланысты.
Өнеркәсіп құрылымында кен өндіру 52,3 пайыздық, өңдеу саласы –45,5 және өзге өндіріс орындары – 2,2 пайыздық үлесті алады. Мемлекет басшысының кәсіпорындардың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігінің негізгі компоненті болып табылатын цифрландыру жөніндегі тапсырмасы табысты жүзеге асырылуда.
Агротехникалық іс-шаралар кешенін өткізу, мемлекеттік қолдау шараларын белсенді пайдалану және озық технологияларды енгізу, ауданымыздың ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің тұрақты өсуін қамтамасыз етті. Ауданда 346 ауыл шаруашылық құрылымы жұмыс істейді (оның ішінде 47 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 274 шаруа қожалығы, 25 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері). Сала бойынша өндірілген өнім 19,4 миллиард теңгені немесе өткен кезеңмен салыстырғанда 105,6 пайызды құрады.
Есептік кезеңде барлық түлік бойынша мал басының және мал шаруашылығы өнімдерінің өсуі қамтамасыз етілді. Осының нәтижесінде 4900 тонна мал еті (102,8%), 19900 тонна сүт (102,8%), 296,9 миллион дана жұмыртқа (100,5%) өндірілді. Астана қаласының азық-түлік белдеуін қамтамасыз етуде 6 жоба жүзеге асырылып, оның шеңберінде ет, сүт-тауар фермаларын құру, сондай-ақ, суармалы учаскелерді жасақтау жоспарлануда. Мал шаруашылығы саласына субсидия түрінде көрсетілген мемлекеттік қолдау 864,2 миллион теңгені құрайды, сондай-ақ, 354,7 миллион теңге сомасында несие қаражаты алынды.
Аудан әкімі «Нұрлы жер» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып жатқанын айтты. Ипотекалық несиелендірудің «7-20-25» жаңа бағдарламасы іске асырылғаннан бері тұрғын үй сатып алу үшін қосымша мүмкіндіктер пайда болды. Құрылыс жұмыстарының көлемі жыл басынан 1,3 миллиард теңгені құрап немесе 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 181,5 пайызға өсіпті. Есептік кезеңде жеке тұрғын үй құрылысын іске қосу жоспары 114,6 пайызға асыра орындалған. Инженерлік инфрақұрылым деңгейі жақсарды.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы сенімді және жылдам байланыспен қамтамасыз ету мәселесін күн тәртібіне шығарып отыр. Бүгінгі күні ауданның барлық 37 елді мекені телефондандырылған, 12 елді мекенде кең жолақты интернет қызметі бар. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, басқа да әлеуметтік салалар цифрлы технология негізінде жұмыс істей бастады.
Аудан әкімі шағын және орта бизнес, коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік салалар жұмысына кеңінен тоқталып, жиналғандарды 2019 жылға арналған басымдықтармен, міндеттермен таныстырды. Мұнда жергілікті қоғамдастықтармен талқыланған және халықтан түскен ұсыныстар ескерілген. Бұлардың қатарында Степняк қаласында бассейні бар денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы, емханамен біріктірілген аудандық аурухана құрылысы, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Степняк қаласында 21 пәтерлі тұрғын үй салу, «Көкше Цемент» ЖШС жүк пен дайын өнімді қабылдау және жөнелту үшін «Айсары» станциясынан темір жол салу және басқа мәселелер қарастырылған. Кез-десу соңында аудан әкімі Ермек Нұғыманов тұрғындар тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға тыңғылықты жауап берді.
Бақберген АМАЛБЕКОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *