Көкшетау тұрғынының Жоғарғы сот төрағасына хаты

Адам тағдырын таразыға салып, заң шеңберінде әділ шешім шығаратын судьяға жүктелер міндет ауыр да жауапты. Өйткені, сотқа жүгінген екі тараптың бірі міндетті түрде сот шешіміне наразы болып жатады. Осы орайда, судья қаншалықты заңды басшылыққа алып, әділ шешім шығардым дегенмен, жауапкер жағы оның шешіміне көңілі толмай, жоғары тарапқа шағамданатын жайлар аз кездеспейді. Заң бұзып, жауапкер болған азаматтардың арасында қателігін түсініп, сот шешімін сабырлылықпен қабылдайтындар некен-саяқ.

Керісінше, сот шешіміне, оны шығарған судьяға қара күйені аяусыз жағып, әділ шешім шығармады, бұра тартты деп айыптап жататындар жиі кездеседі.
Міне, санаға осындай теріс түсінік сіңген қазіргі жағдайда, Көкшетауда тұратын Андрей Бутенко деген азаматтың сот шешіміне разы болып, тіпті осы сезімін хатқа түсіріп, Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асановқа жазуы қалыптасқан көзқарасқа кереғар жай болғаны анық. Бұл азаматты Жоғарғы сот төрағасына хат жазуға ешкім де мәжбүрлемеген және осылай жаса деп те сұрамаған. Яғни, сот шешіміне қатты разы болған көкшетаулық қолына қалам алып, осы сезімін хат арқылы Жоғарғы сот төрағасына өз қалауымен жолдаған.
Хаттың авторы Көкшетау қалалық сотының судьясы Ғабит Төлегеновке сотта істі қарау кезінде заңдылықты сақтауына, істі жан-жақты тиянақты қарағанына және жеке азамат ретінде өзімен сыпайы, мәдениетті қарым-қатынас жасағандығына қатты риза болғандығын айтады.
Андрей Бутенко 1994 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін, өзінің атына мұра болып қалған пәтерді уақытында рәсімдемеген. Бұған заңды білмеушілік қана емес, күнделікті кездесетін күйбеңнен шыға алмай, кейін жасармын деп жұмысты ертеңгі күнге ысырып жүре берген бейқамдығы себеп болады. Өз атына түсірілмеген, жекешелендірілмеген пәтерге байланысты заң тұрғысынан бірқатар мәселе туындайды. Бір қарағанда заңсыз ештеңесі де жоқ, ата-анасынан мұра ретінде қалған пәтерде тұрып жатыр. Бірақ, мұрагерлік құжат рәсімделмеген, үй өз атына құжатталып, жекешелендірілмеген. Өзінің үйі деп саналғанымен, құжаттанбаған пәтердің қиындықтары көп кездесіп, біраз әуре-сарсаңға салады. Бұл қиын-түйінді шешудің жалғыз амалы – сот шешімі арқылы үйдің иесінің өзі екенін дәлелдеу екендігін білікті заңгер айтқанымен, сот туралы алып-қашты түрлі әңгімелерді естіген Бутенко соттан әділдік табарына шүбәмен қарайды. Дегенмен де, ол ақырында амалсыз сотқа шағымдануға мәжбүр болады.
Көкшетау қалалық сотының судьясы Ғабит Төлегенов сот отырыстарын тиянақты жүргізіп, оның ұсынған құжаттарын жан-жақты зерделеген. 1994 жылдан бері кейбір құжаттардың сақталмауына байланысты біраз қиындықтар туады. «Судья куәгерлер ретінде менің көршілерімді шақырып, жауап алып, мұраны қабылдау фактісін анықтады және сол негізде менің құқығымды қорғап, шешім шығарды. Менің көршілерім «Саған жақсы судья кезікті», – деп айтып жүр. Шынында да, менің ісімді қараған судья өте инабатты және істі жан-жақты қарайтын мықты заңгер екен», – дейді Бутенко өз хатында.
Сөйтіп, ата-анасынан қалған үйді заңдастыруға орай туындаған қиындықтар артта қалып, Көкшетаудың тұрғыны бас-
панасын сот шешіміне сай заңдастырып алды. Жоғарғы сот төрағасына жазған хатында ол судьяның істі ұзаққа созып, түрлі құжаттар сұрап әуре-сарсаңға салмай, жедел және сауатты қарап, әділ шешім шығарғаны туралы асқан ризалықпен жазады. «Осындай судьялар сот беделін көтеруге, халықтың сотқа деген сенімін арттыруға жағдай жасайды», – делінген Жоғарғы сот төрағасына жазылған хатта.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар