Сырт алаңда «Ақтөбені» тізе бүктірді

Премьер-Лиганың оныншы туры сенсацияға толы болды. Көбіне фавориттерден аутсайдерлер басым түсті. Мәселен, «Ордабасы» 2:0 есебімен «Ертісті», «Тараз» тура осындай есеппен «Астананы», «Атырау» 1:0 есебімен «Қайратты», «Шахтер» 2:0 есебімен «Жетісуды» ұтты. Ал, Қызылорданың «Қайсары» мен Қостанайдың «Тобылы» арасында 5:1 есебі тіркелді. Осындай жағдайда жексенбі күні сырт алаңда «Ақтөбемен» ойнайтын Көкшетаудың «Оқжетпесі» қандай тегеуірін танытар екен деп алаңдадық.

«Ақтөбенің» қазіргі жағдайы мүшкіл. Өткен маусымдарда легионерлердің айлығын дұрыс төлей алмағаны үшін УЕФА 12 ұпайын алып тастаған. Чемпионат басталғалы екі жеңісімен оны алты ұпайға қысқартса да, әлі минус алты ұпайы бар. Демек, бүгінгі күнге дейін бірде-бір ұпайы жоқ «Ақтөбе» бірінші лигаға бірден-бір кандидат. Құрамында жалғыз легионер ойнайтын бұл команда сонда да өзгелерге есе жібермеуге тырысады.
Ойын ширақ басталды. «Оқжетпес» стадионы бір лық толып көрмейтін біздердей емес, «Қобыланды» стадионына халық үнемі көп жиналады. Бұл жолы да шамамен алты мың жанкүйер «Ақтөбені» қолдап отырды. Олар өз командасының шын патриоттары. «Ақтөбенің» бұрынғы күні жоқ болса да, оны қолдауға келгенде алдарына жан салмайды. Жанкүйерлер қосылып әнге басқанда, тап бір шетелдегідей ме дерсің.
Әрине, мұндай командаға қарсы ойнау оңай емес. Дегенмен, ойынның 10-ыншы минутында шынымен де алғашқы қауіпті сәт алаң иелерінің қақпасы алдында орын алды. Команда капитаны Жасұлан Молдақараев Дарко Зоричтің дәл берген пасын дұрыс пайдалана алмай, допты ұстаңқырап барып тепті. Сөйтіп, мүлт кетті. Осымен бірнеше ойында Жасұланның осындай мүмкіндіктерді іске асыра алмай жүргенін айту керек. Бұл біріншіліктің басында алған жарақатынан әлі толық айығып кетпеуінің салдары болар. Алайда, оның доп үшін соңына дейін күресетініне кінә қоя алмайсың. Жасұланның соғатын голдары әлі алда деп сенгіміз келеді.
«Ақтөбенің» бүгінгі таңдағы басты ойыншылары Волков, Абат Айымбетов, Жамбыл Көкеев, Қайыров, Кәкімов және Таңжарықов сияқты футболшылар. Волков бұрын «Оқжетпесте» ойнаған. Қазір «Ақтөбенің» капитаны, ондағы ең тәжірибелі ойыншылардың бірі. Айымбетов болса, осы біріншілікте төрт доп соққан. Жамбыл Көкеев кезінде Қазақстан құрама командасының сапында атақты «Уимболдон» стадионының өзінде ағылшындардың қақпасына біздің жақтан гол соғып кеткен сайыпқыран. Осы ойында қайта-қайта алға ұмтылған Айымбетовты Нұрлан Дайыровтың бір адым алға аттатпағанын қорғаушы шеберлігі және бас бапкердің «Ақтөбенің» ең үздік шабуылшысына қарсы қойған тактикасы деп білдік.
Бұл өзінің жемісін берді де. Ойынның отызыншы минутына таман Альмейда оқжетпестіктердің шабуылын бастады. Стояновичтан пас алған Дарко Зорич допты қақпаға бағыттады. Сол сәттегі қарбаласта Көкеев аяғын қойып, допты өз қақпасына кіргізіп алды. Сөйтіп, есеп 1:0 болып, жерлестеріміз осы басымдықты бірінші таймның соңына дейін ұстап тұра алды. Дәл осы тұста айта кету керек, біздің футболшылардың есепті ұлғайтатын басқа да мүмкіндіктері болып еді. Бірақ, аяқтарына келіп қалған допты өңдеп алмай, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп бірден қалай болса солай теуіп жіберу әдеті қалмай келеді. Дәл солай Калинин екі рет қақпадан биік жіберді.
Бұл – қонақтар да қарап қалды деген сөз емес. Ойынның 49 минутында Есен Жасановтың қақпаның бұрышына тастаған добын Бабаханов барын салып кері қайтарды. Іле 50-інші минутта Таңжарықовтың осындай қатты соққан добын жандәрменімен тағы да қақпашымыз қақпа бағанынан асырып жіберді. Жалпы, ойынның екінші кезеңінде «Оқжетпес» бірінші кезеңге қарағанда, сылбырлау ойнағанын мойындау керек. Бір гол жетеді, осыны ұстап тұрсақ деді ме, шабуыл шебі нашарлап қалды. Солай бола тұра, қарсыластарын қарымта шабуылда қапы қалдырғысы келген ойлары текке кетпеді. 53-інші минутта Дарко Зоричтің жиектен лақтырған добы «Ақтөбенің» айып алаңындағы Жасұлан Молдақараевқа жетіп, ол «Ақтөбенің» көп футболшылары арасынан оны қақпа жаққа ысыра қойды. Сол жерде тұрған эстониялық легионер Артем Дмитриевтің жеңіске деген жігерін айта кеткен жөн. Ол барын салып, допты қақпаға салды да жіберді.
Осы 2:0 есебінен кейін көңіл де жайланды, оқжетпестіктер де қорғаныста бекем ойнап, жеңісті сақтап қалды. Матчтың 57-інші минутында шабуыл өтіндегі жартылай қорғаушымыз Санат Жұмақанов Молдақараевты ауыстырып, алаңға шыққанда, тағы бір гол бола ма деп күткенбіз. Бұл жолы Санаттың орындаған стандартты айып доп-
тары жемісін бере қойған жоқ. Сонда да сырт алаңдағы бұл жеңіс жанкүйерлерді шексіз қуанышқа бөледі. Чемпионаттың бірінші айналымы аяқталып қалды. 14 ұпайы бар «Оқжетпес» турнир кестесінің төменгі жағынан біршама алыстады. Енді 18 мамырда өз алаңымызда дегеніміз болып, турнир кестесінің үшінші сатысына орныққан Қызылорданың «Қайсарын» еңсере алсақ, тіпті тамаша болар еді. Оған шабуыл шебі жақсы, қорғанысы да түзеліп келе жатқан біздің команданың мүмкіндігі жоқ емес, бар сияқты.
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар