Антына адал дәрігер

– Қанша сын айтылса да, халық дәрігерлер қауымын ерекше құрмет тұтатыны шындық. Дәрігер болуды армандайтындар өте көп. Шынтуайтына келгенде, кез-келген адам дәрігер бола алмайтыны рас. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу ғана жеткіліксіз. Сонымен қатар, олардың адам өміріне жауапкершілігі, жанашырлығы мен адалдығы маңызды. Дәрігер болатын жанға үлкен жүрек керектігі бекер айтылмайды. Қызметтің жауапкершіліктеріне байланысты міндеттеріңнің де ұлғаюы мүмкін. Себебі, дәрігер тәулігіне 24 сағат дәрігер, – деп бастады әңгімесін дәрігер Айжан Бақытжанқызы.

Ақ халатты абзал жанның есімі Көкше жұртшылығына жете таныс. Әсіресе, денсаулық сақтау саласында еңбек ететіндер мен былайғы жұрт тәжірибелі дәрігердің еселі еңбегін жақсы біледі. Өйткені, талай сырқаттың сауығуына себепші болған ол бар саналы ғұмырын осы салаға арнап келеді. Қарағанды мемлекеттік медициналық институтына түсіп, білікті дәрігер атанған Айжан Мұқанова оқуды бітірісімен Жезқазғанда еңбек жолын бастады. Ысылып, майталман маманға айналды. Таяуда мерейлі жетпіс жасқа толған аяулы жан өзінің еңбек жолы туралы былай сөз сабақтады.
– Бұл мамандыққа келуімнің тарихы ұзақ емес. Өмірде таңдап алған жолыма өкініш жоқ. Өзім Қарағанды медициналық институтына түсіп, терапевт мамандығын алып шықтым. Кейін Көкшетауға қоныс аудардым. Себебі, өмірлік жан серігім көкшетаулық. Сол кісінің етегінен ұстап, ғұмыр жолымды өнегемен өрнектеуге тырыстым. Ал, мамандығымды да дұрыс таңдадым деп ойлаймын. Қырық жыл бойы адамдармен етене жақын араласып, ауру азабын тартқан адамға бар көмегімді беруге еш аянған емеспін.
Адам өмірінің соңына дейін хирургке жолықпауы мүмкін. Алайда, дүние есігін ашқаннан есейгенге дейін ең көп кездесетін педиатр мен терапевт дәрігер ғой. Адамның физикалық және психикалық дамуын бақылап, өз жасына сәйкес жетілуін қадағалайтын, аурудың алдын алатын, жұмысы ауыр, көпбейінді бұл мамандыққа мен де қызығушылық таныттым. Иә, учаскелік дәрігердің еңбегі көріне бермейді. Осы салада қырық жыл еңбек еткен дәрігер ретінде айтайын. Науқастар сырқатына ем табылып, алғыс алған сайын жұмысқа деген құлшынысым артатын. Жұмыс күнім әдетте белгіленген кесте бойынша жүреді. Қабылдауға науқастар алдын ала жазылып келеді, бірақ, арасында сырқаты ауыр жандарды шұғыл қабылдайтынбыз. Қабылдау біткен соң, тіркеу бөлімінен үйге шақырғандардың мекен-жайын алып, учаскені аралауға шығамыз. Арнайы шақыртудан бөлек, ардагер кісілер мен мүгедектердің хал-жағдайын біліп тұру да – учаскелік дәрігердің міндеті. Тұрғындарды жас деңгейлеріне байланысты скринингке шақырамыз және мейірбикелермен бірге түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Науқастарды және сауықтыру іс-шараларын қажет ететін мүгедектерді жоспарлы түрде бірыңғай госпитализация порталына тіркеп, аурухана мен сауықтыру орындарына жолдама береміз. Науқастарға қажетті түрлі анықтамалар мен тексерулерді дайындаймыз. Сырт көзге көрінбеуі мүмкін, алайда, учаскелік дәрігер өзіне берілген аумақтағы әрбір сырқаттың, тіпті әрбір тұрғынның денсаулығынан хабардар болып отыруы тиіс,–дейді дәрігер.
Көкшетауға келгеннен кейін алғашында қалалық емханада учаскелік дәрігер болып жұмысқа орналасты. Кейін Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған арнайы емханаға ауысып, сол жерден зейнет демалысына шықты. Қазіргі таңда Ақмола облыстық қан орталығында өзінің тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңес беріп жүр.
– Арқаның аязды күндері үй-үйді аралау көп қиындық туғызады. Боранда тоңып, тайып жығылып та қаласың. Кейде жоғары қабаттағы пәтерлерге жаяу шығуға тура келеді. Басымнан өткен бір жағдайды айта отырайын. Жұмысқа орналасқан алғашқы күні Жезқазғандағы қойшылар қосында бір шопанның ауырып қалғанынан хабар жетті. Шалғайда жатқан ауылға жету қиямет болатын. Жаяулап-жалпылап қойшы қосына жеттім. Барсам қойшы инфаркт алған екен. Алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ажалдан аман алып қалдым. Жол азабын тартып әрең жеткенімде учаскелік дәрігер қызметінен кетіп қалуға шақ қалған едім, бірақ, жасаған емнің нәтижесін көргенде, науқастың жағдайы жақсарғанда, барлығын ұмытып кетесің, – дейді апай сол күндерді еске алып.
Иә рас, адам денсаулығы жанашырларының қызметі қашанда ізгілік пен мейірімге, шынайы адами қарым-қатынасқа негізделген. Осындай жауапкершілігі зор қызметті атқара жүріп, шаңырақтағы шаруаны да дөңгелетіп, балаларды бағып, отағасының көңілін аулап, үйдегі қарт әжені, енесін күтіп, аялап жан жылуына бөлей білді. Тоқсан жасаған қарт әженің тамағын баптап, оны балаша күткен де осы кісі болатын. Үйін мұнтаздай тазалыққа, ауласын гүлге көмкерген, айналасын жан жылуына бөлей білетін Айжан Бақытжанқызы сияқты өнегелі жандар көп болса екен дейміз біз де.
Ұлмекен ШАМЕНОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар