Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауыл бизнеспен өркендейді - АРҚА АЖАРЫ

Ауыл бизнеспен өркендейді

Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасында ауыл кәсіпкерлігін дамыту мәселелерін арқау еткен «Дөңгелек үстел» мәжілісі өткізілді. Пікір алмасу алаңына облыстың бірқатар өңірінен кәсіпкерлер шақырылды, олардың қатарында «Бастау» жобасының түлектері, мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының, «Nur Otан» партиясы облыстық филиалының өкілдері де болды.

Бүгінгі күні ауыл кәсіпкерлігі ел экономикасының маңызды саласы саналады. Ауыл бизнесін дамыту мақсатында мемлекет тарапынан елеулі бағдарламалар жоспарланып, жүзеге асырылуда. Солардың қатарында, 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті өрістету бағдарламасы ауыл кәсіпкерлігін дамытуға екпін қосуда.
–Мемлекет тарапынан жасалып жатқан көптармақты қолдау жүйесі ауыл шаруашылығын дамытуды, бизнес бастамаларды қаржыландыруды және «Бастау» жобасымен кәсіпкерлік негіздерін оқытуды көздейді. Субсидиялар, арзандатылған несие-
лер, оларды кепілдендіру, оқыту мәселелері жүйеленген. Жалпы алғанда, мемлекет ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту, ауылдағы жұмыссыздықты төмендету шараларын мақсаткерлікпен жүргізуде. Мұның барлығы ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға, өнім көлемін арттыруға, еңбек өнімділігін еселеуге және тұрғындарды нәтижелі жұмысқа тартуға ықпал етеді,–деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нахыпбеков кездесуді ашар сөзінде.
Ауыл бизнесін табысты жүргізуге қолдау көрсетудің бір мысалы ретінде Зеренді ауданындағы «Жақсылық Агро» ЖШС базасында жұмыс істей бастаған орталықты атауға болады. Мұнда өңірлік ветеринарлық оқыту және қызмет көрсету мемлекеттік мекемесімен бірлесіп, сүт өндірісіндегі инновациялық қадамдар мен озық тәжірибелер қолданысқа енгізіледі. Орталықтың негізгі міндеті сүт кластеріне қатысушыларға Еуропалық деңгейдегі ветеринарлық сервистік қызмет көрсету болып табылады. Яғни, өнімді тұқым қалыптастыру, бірыңғай мал азығындық базаны жасақтау, сапалық көрсеткіштерді арттыру және бәсекелестік шарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.
Облыста 2017 жылдан бастап қолға алынған «Бастау» жобасы арқылы өңірдің көптеген тұрғыны өзінің бизнес-идеяларын жүзеге асыруға, жаңа өндірістер ашуға, қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік алды. Өткен жылы 2070 адам аталған оқуға тартылды. Ал, өз жобаларын іске асырғандардың 40 пайызы бұрынғы жұмыссыздар, 20 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтушылар екендігі үлкен жетістік.
«Дөңгелек үстел» мәжілісінде осыған қатысты үлгі аларлық бір мысал келтірілді. Біржан сал ауданының тұрғыны, «Бастау» жобасының түлегі Сұңғат Нұржасаров мал шаруашылығында жұмыс істеуге ниет білдірген. Ол алғашында 240500 теңге қайтарымсыз грантқа ие болып, тиісті жабдықтар сатып алыпты. Уақыт өте жас фермердің бизнес-жоспары мақұлданып, «Игілік» бағдарламасымен 4 миллион теңгенің несиесі берілген. Сұңғат бұл қаржыға 14 бас ірі қара сатып алып, жеткілікті мал азығын қамдапты.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Серік Шайгөзовтің хабарлауынша, биылғы жылы «2017-2021 жылдарға арналған өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті өрістету» бағдарламасын іске асыру үшін республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге қаржы бағытталып отыр. Бұл
несие қаржысы 5 жылға, жылдық өсімі 6 пайызбен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы бөлініп, көктемгі дала жұмыстары мен ауылдағы жаппай кәсіпкерлікті дамытуға жұмсалады.
Сондай-ақ, мәжілісте республикалық «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау палатасы Қазақстандағы Жастар жылының шеңберінде, тұрақты кірісі жоқ 18 бен 29 жас аралығындағы қыз-жігіттер үшін «Жас кәсіпкер» жобасын енгізетіні мәлім болды. Бұл «Бастау» бағдарламасының баламасы іспетті және әрбір стартапты бизнес-тренермен қамтамасыз етеді. Жаңа жобаның арқасында жастар өз білімдері мен тәжірибесін заманауи бағытта толықтырып, жеке бизнесін ашуда жеңілдікке ие болады. Жоба қатысушылары алғашқы капиталды толықтыру мақсатындағы гранттар мен жеңілдік берілетін қаржыландыру жүйесін пайдаланады.

Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Төлеген Қосшығұлов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар