Көп балалы отбасыларға құрмет көрсетті

Кеше облыс әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласындағы бірқатар үлгілі отбасыларының шаңырақтарына барып, оларды Халықаралық отбасы күні мерекесімен құттықтады.

Төрт бала тәрбиелеп отырған Олеся мен Андрей Пирожковтардың үлкен қыздары Вероника мен Анжелика колледждерде, ортаншысы Юлия – жетінші сыныпта оқиды. Ұлдары Денис мектепке дейінгі жаста. Осы отбасымен әңгімелесу кезінде атаулы әлеуметтік көмектің жаңа мөлшері қомақты материалдық қолдау болғаны жайында сөз болды.
– Балаларға берілетін жәрдемақы 10 есеге жақын өсті, қазіргі уақытта 117 теңге аламыз. Мемлекет тарапынан табысы аз көп балалы отбасыларға қамқорлық жасалып отырғанына қуаныштымыз. Мен уақытша жұмыс істемеймін, ал, отағасы жүргізуші. Бір адамның жалақысы бәріне жетпейтін еді, – деді Олеся Пирожкова.
Ақмола облысындағы жалғыз балалар нейрохирургі болып табылатын Нұржан Меңдібайұлы Ысқақовтың шаңырағына барған облыс әкімі Ермек Маржықпаевты отағасының өзі қарсы алды. Бұл саланың мамандары көрші Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында әзірге жоқ. Сондықтан да, Нұржан Ысқақовқа осы өңірлердің де ата-аналары сырқат балаларын емдетіп жүр.
Жақсы ауданы Қима ауылының тумасы болып келетін Нұржан Меңдібайұлы еңбек жолын Атбасар қаласында бастаған-ды. Он жыл бұрын жұбайы бастауыш сыныптар мұғалімі Мира Жанұзаққызымен Көкшетауға көшіп келді. Отбасында төрт бала бар. Үлкен ұлы Дидар мен қызы Инабат IT мектеп-лицейінде оқиды, кіші ұлы Аңсар және төрт айлық Аянат әзірше уақыттарының көпшілігін анасының жанында өткізеді. Нұржан мен Мираның өздері де көп балалы отбасыларда өскендіктен, олар өз отбастарында қанша бала болуы керек дегенді ешқашан ойламаған еді. Қазір Нұржанның ата-анасы да келін-баласымен бірге тұрып, немерелерін бағады. Нұржанның әкесі Меңдібай Ысқақұлы өмір бойы мал дәрігері болып жұмыс істесе, анасы Майра Мырзағалиқызы ұстаздық еткен екен.
Осы екі отбасын Халықаралық отбасы күні мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Ермек Маржықпаев Пирожковтар мен Ысқақовтар отбасыларына астау сыйлады.
– Ерекше сыйлық тартқым келді. Астау – қонақжайлылықтың, ынтымақты отбасының белгісі. Дастархандарыңыз әрқашан да бай болсын! – деді әкім.
Ақмола облысы әкімінің
баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар