Ғұлама ғалым, абзал азамат

Әдетте, оқу-тоқуды, ғылым-білім игеруді халық «инемен құдық қазғандай» деген теңеумен береді. Шынында, бүкіл өмір жолын ғылым шыңына қарай асықпай, бірақ, аса ыждаһаттылықпен, табанды еңбегімен арнап келе жатқан ғалым аға, ол – филология ғылымдарының докторы, профессор Берікбай Сағындықұлы.

Берікбай Сағындықұлының ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітіргеннен кейінгі алғашқы еңбек жолы жорналшы болудан басталды. Соңғы курста өзі өндірістік практикадан өткен республиканың бас газеті «Социалистік Қазақстанда» корректор, одан кейін әдеби қызметкер болып жұмыс істеді. Осында шыңдала жүріп, редакция бөлімдеріне түскен материалдарды әдеби-стильдік жағынан өндейтін нағыз стилист болып қалыптасты. Бұл – Бекеңнің мінезіне тән, бойына қанмен сіңген қасиет – өте мұқияттылығы мен еңбекқорлығының арқасында еді. Бұл кез ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітіргеннен кейінгі 1962-1972 жылдар болатын.
1972 жылы Берікбай Сағындықұлы Қазақ ССР-і Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аспирантурасына қабылданған соң, Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Э.М.Наджиптың жетекшілігімен ғылыми жұмысын бастайды. Аспирантурада ерінбей тер төккен ізденістерінің нәтижесінде филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін «ХІV ғасырдағы түркі жазба ескерткіштерінің салыстырмалы лексикасы» атты тақырыпта диссертация қорғайды. Бұл ғалымның орта ғасыр ескерткіштері тілін зерттеуінің бастамасы болды. Ал, 1994 жылы қазақ тілі лексикасының дамуын ұзақ жылдар зерттеулерінің нәтижесінде «Қазақ тілі лексикасының дамуының фонологиялық заңдылықтары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Оны Берікбай Сағындықұлы қорғаған ғылыми кеңестің төрағасы, атақты түрколог ғалым Әбдуали Қайдар «түркологиядағы үлкен белес» деп бағалады. Осы диссертацияның негізінде жазылып, екі рет баспа жүзін көрген (1994, 2005) «Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері» деп аталатын монографиялық еңбегін ғылыми жұртшылық жылы қабылдады.
Енді Берікбай Сағындықұлының ғылымдағы өзіндік дара соқпағына келетін болсақ, алдымен, ол – тіл тарихының қазіргі заманғы ірі маманы. Бұл салада ғалым ашқан жаңалықтар жеткілікті. Ғалымның тіл тарихына жазған еңбектері жинақталып, бірнеше рет баспадан шыққан «Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері» (1994, 2005), «Фонологические закономерности развития лексики тюркских языков» (2005) және «Қазақ тілінің тарихы» (2011) монографияларында жарық көрді.
Тілдің пайда болуы жөнінде тіл ғылымы тарихында көптеген теориялар бар екендігі белгілі. Адамзат тілі алғаш бірден сөз түрінде пайда болғандығын зерттеушілер айтып келеді. Көбінің пікірі ойысатын жері: алғашында «қол» тілі, яғни, ым-ишарат тілі пайда болып, одан талай жылдар өте келе табиғаттан шығатын әртүрлі дыбыстарға еліктеу жолымен бірден сөздің пайда болғандығы. Әрине, бұл теорияға қарсы шығатындар да бар. Мысалы, осы тақырыпқа көптен ізденіп, қалам тартып жүрген тілші ғалым Шанжархан Бекмағамбетов тілдің саналы түрде бірден пайда болғандығын айтады.
Қалай да тілдің әуелден сөз түрінде пайда болғандығы ақиқатқа жақын. Тек кейінгі замандарда тіл ғылымының пайда болуымен тілші ғалымдар сөзді дыбыстарға, дыбыстардың қосындысынан тұратын бөлшектерге (морфема, сөз) жіктеп, бөліп алып талдап келеді. Б.Сағындықұлы ұзақ жылғы көздің майын тауысқан зерттеулерінің арқасында алғашқы сөздердің бірден көп дыбысты болмағанын, оның тек: дауысты, дауыссыз екі дыбыстан ғана құралғанын дәлелдейді. Оны өзінің «түбіртек» теориясында нақты мысалдармен нанымды етіп береді. Яғни, дауысты, дауыссыз дыбыстардың түпкі тектерін көне түркі жазба ескерткіштері, қазіргі түркі тілдері, олардың диалектілері мен говорлары негізінде анықтап ашып айқындайды. Ол түбіртектердің (архесиллабтар) о баста адамзат тіліне, бәріне ортақ екенін әртүрлі тілдердің (қазақ, орыс, ағылшын) мысалдарымен салыстырып көрсетеді. Б.Сағындықұлының бұл теориясы бойынша:
– бір ғана дауысты мен бір ғана дауыссыздан тұратын, лексикалық немесе грамматикалық мағына беретін тілдік бөлшектер – архесиллабтар кез-келген тілде бар құбылыс;
– адамзат баласының жабайы дәуірлерінде қолданылған сөздер, басқаша айтқанда, алғашқы базалық лексиканың сарқыншақтары бүкіл дүниежүзі тілдерінде ұшырасады;
– дүниежүзі тілдерінің ортақтастығы, сабақтастығы фонема, морфема, сөз, сөз тіркесі сипатында емес, тек архесиллаб дәрежесінде ғана көрініс табады;
– сөз құрамында бір ғана дауыссыз дыбысы айнымай сәйкесетін, мағыналық мазмұны жақын, жуық сөздер, жүйесі бөлек болса да, барлық тілдерге ортақ болып келеді;
– сөз құрамында екі немесе одан көп дауыссыз дыбысы айнымай сәйкесетін, мағыналық мазмұны жақын, жуық сөздер, сан жағынан аз болса да, жүйесі бөлек тілдерге ортақ болып келеді;
– архесиллабтардың түпкі тегі, дамуы, өзгеруі, қазіргі заманғы қалпы толық есепке алынып, бұрынғы пішін-бітімі, мән-мазмұны анықталғанда, әлем тілдеріне ортақ фактілердің саны едәуір дәрежеде артады.
Осы архесиллаб теориясын түптеп зерттеу арқылы Б.Сағындықұлы түркология іліміне біраз жаңалықтар қосты. Олардың бастылары: дауысты, дауыссыз дыбыстардың арғы, түпкі тегін анықтау; түркі тілдерінде тарихқа белгісіз аса ежелгі дәуірлерде жіңішке да-
уыстылар мен ұяң дауыссыздардың болмағандығы; фонема, морфема, сөз, сөйлем дәрежелес түбіртек (архесиллаб) тілдік бөлшекті анықтап, тіл ғылымы айналымына енгізуі және оларды ажыратып айқындаудың тәсілдерін көрсетуі; сөз басындағы, сөз ортасындағы, сөз соңындағы дауыссыз дыбыс сәйкестіктерінің ашылуы; ішкі флексия құбылысының түркі тілдерінде де болғандығы; түркі тілдерінде ығысу құбылысы бар екендігі және сөз ортасынан, соңынан қосылатын сына дауыссыздардың бар екендігі.
Б.Сағындықұлының қолға алған екінші бір ірі ғылыми саласы – орта ғасыр ескерткіштерінің транскрипциясын, аудармасын, түсіндірмелі, алфавитті, кері алфавитті жиілік сөздіктерін шығарып, олардың ғылыми айналымға қосылуына атсалысуы. Ескерткіштерді түпнұсқадан оқып, олардың лингвистикалық тұрғыдан дәлме-дәл аудармасын жасау, әрбір сөздің мағынасын ашып, сөздік құрастыру кез-келген тілшінің қолынан келе бермейді және оған көз майын тауысып, тапжылмай еңбек ететін ерік-жігер қажет. Көне ескерткіштерді түпнұсқадан оқу сол саланы жетік меңгеруімен бірге, теориялық дайындықты, мәтін теориясы мен мәтін танушылық біліктілікті, тағы да басқа сапаларды қажет етеді. Ғалымның бұл салада шығарған еңбектерінің қатарында: «Алтын Орда» ескерткіштерінің (XIV) тілі (1983); «Һибат-ул Хақайиқ» 12 ғасыр ескерткіші (2002); «Мухаббат-наме» ескерткішінің (XIV) мәтіні (2007); «Һибат-ул Хақайиқ» нұсқаларының (XIIғ.) қолданбалы мәтіні. Ескерткіштің лингвостатистикасы. 1,2 томдары (2018) сияқты құнды жәдігерлер бар.
Профессор Б.Сағындықұлының ғылымда маңдай терін төгіп, талмай еңбек етіп келе жатқан келесі саласы – қазақ тілінің лексикологиясы. Ол 1979 жылы ҚазМУ-ға аға оқытушы қызметіне келгеннен-ақ қазіргі қазақ тілі курсының ірі саласы – лексикология пәнінен студенттерге дәріс оқып, семинар және тәжірибе сабақтарын жүргізеді. Осы пәннен жинақтаған көп жылдық ұстаздық тәжірибесіне сүйеніп және жоғары оқу орындарының үш сатылы білім беру жүйесіне көшуіне орай, оқытудың жаңа құрылымдық, мазмұндық ерекшеліктеріне сәйкес, лексикологияның жаңа бағдарламасын жасады. Бағдарламаға сәйкес 2003 жылы «Қазіргі қазақ тілі. Лексикология» деген оқу құралын жазып шығады. Ол 2008 жылы екінші рет, толықтырылып, өңделеді. Сол жылы жұбайы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Б.Құлжановамен бірлікте үшінші рет баспадан шығады. Оқу құралы «Сөз», «Сөздік құрам» деп аталатын екі бөлімнен тұрады. Еңбекте қиын да күрделі адам логикасымен астасып жатқан сана, ұғым, тіл категорияларының байланысын аша отырып, ұғымның логикалық категориядан тілдік категорияға қалай ауысатынын ғылыми тұрғыдан негіздеп береді. Сөз мағынасы, оның ішінде, лексикалық мағына, лексика-грамматикалық мағына, тілдік мағына ұғымдары туралы ғалымның ойлары бұл тілдік құбылыстардың ара-жігін құрылымдық және мағыналық тұрғыдан ашуға негізделуімен айрықшаланады. Бұрын-соңды оқулықтарда қозғала қоймаған парадигмалық және синтагмалық мағына мәселесіне тоқталу ғалым еңбегінің басқаларға ұқсамайтын өзгеше бағытын көрсетеді.
Сырттай қарағанда лексика сөздердің жүйесіз жай жиынтығы сияқты болып көрінеді, ал, шын мәнінде оның өзара байланысты қатынастардан тұратын күрделі жүйе екендігі сөзсіз. Міне, ғалымның бұл жаңа идеясын, яғни, лексикалық семантика аясындағы лексикалық жүйедегі қатынастар, лексикалық мағынаның құрылымдық жүйесі, лексикалық жүйедегі мағыналардың өзара қарым-қатынасқа түсу мәселесі, жалпы алғанда, түпкі негізі тіл мен ойлаудан басталып, логика, философия, семантика, синтаксис, стилистика, когнитивті лингвис-
тика, тағы басқа ғылымдарға қатысты болып келетін лексикалық синтагматика мәселесін оның шәкірті Ғ.Хасанов докторлық диссертациясында («Қазақ тілі синтагматикасы») (2009) одан әрі тереңдетіп дамытты.
Ғалымның жемісті еңбек етіп келе жатқан келесі бағыты теология саласындағы еңбектерге байланысты қалыптасқан. Бойына қанмен сіңген, тәрбиемен келген имандылық тарихи еңбектермен танысу барысында жаңа ғылыми негіздермен байи түскен. Әсіресе, ғалымның жан дүниесіне Рабғузидің «Қиссас-ул-анбийа» еңбегі көп ой салғаны байқалады. Рабғузидің аталған еңбегін оқып, өз тарапынан зерттеп, жан-тәнімен түсініп болып жазған «Ғаламның ғажайып сырлары» атты діни-танымдық кітабы – оқырмандар өте жылы қабылдаған, көпшіліктің аузында жүрген еңбек. Осы кітапта Рабғузи еңбегіндегі идеялар, діни сенім мен пікірлердің түпкі сыры жан-жақты ашылған. Тілдің тарихын жете білуі ғалымға осы бағытта да жемісті еңбек етуге көмектескені байқалады. Автордың өз сөзімен айтқанда, бұл еңбекті Аллатану ғылымының әліппесі деп атауға болады. Себебі, кітапта фәни ғаламның жаратылуынан бастап, аяқталуына дейінгі діни әңгімелер белгілі бір жүйеге түсірілген. Алла тағала жайында, Жаратылыс жайында әлмисақтан адамзат баласын толғандырып келе жатқан ірі-ірі мәселелер жөнінде біршама толық мағлұмат алуға болады.
Б.Сағындықұлының бұдан да басқа діни-танымдық мақсатта жазылған, баспасөз бетінде жарияланған көптеген мақалалары, сондай-ақ «Отбасы оқулығы» (2003) деп аталатын еңбегі бар.
Профессор Б.Сағындықұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультетінде ұзақ жылдар бойы «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы», «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» сияқты іргелі курстардан дәріс оқиды. Магистратура бөлімінде «Түбіртек теориясы» арнаулы курсын жүргізеді. Ғалым-ұстаздың бұдан басқа да студенттердің ынтасын тудыратын түркология мен тіл теориясына арналған бірнеше арнаулы курстары бар.
2005 жылы Қызылорда облысы Қармақшы аудандық мәслихаты сессиясының шешімімен «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. 2007 жылы Қызылорда облысына – 70 жыл» медалімен, 2009 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми кеңесінің шешімімен «ҚазҰУ-ға – 75 жыл» құрмет белгісімен, 2011 жылы Қазақстан Республикасы Білім мен ғылым министрлігінің Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі елеулі еңбегі үшін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. 2011 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Инновациялық Еуразия университетінің құрметті профессоры академиялық атағын берді. 2014 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми кеңесінің шешімімен «ҚазҰУ-ға – 80 жыл» құрмет белгісімен марапатталды. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Б.Сағындықұлы 2008-2009 оқу жылында қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, 2008-2010 жылдары филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беретін Д14А.01.23 Диссертациялық кеңес төрағасының орынбасары, Кеңес төрағасы болды. 2006-2010 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми кеңесінің мүшесі болды. 2015 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Ақсақалдар Кеңесінің мүшесі.
Б.Сағындықұлы жас ғалымдарды даярлау ісіне де елеулі үлес қосуда. Оның жетекшілігімен жиырма төрт ізденуші кандидаттық, алты ізденуші докторлық диссертация қорғады. Мұның сыртында бір PhD докторын, 30-дан аса магистрлерді даярлады. Профессор Б.Сағындықұлы оқыған дәрістерді студенттер қызыға тыңдайды, практикалық сабақтарына да ынтамен қатысады.
Ол ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отырған ардақты әке. Үлкен ұлы Нұрлан филология ғылымының кандидаты. Ерланы заң қызметкері. Кішісі Темірлан кәсіпкер. Үш ұлынан да немере сүйіп отырған ата. Тағдырдың жазуы-
мен екінші рет үйленіп, жары Бақытгүлден де ұл-қыз көріп отырған бақытты әке.
Өмірден ертерек өткен, Бекеңмен қызметтес болған аяулы ғалым Алма Қыраубаева әріптес ағасы туралы былай деген екен: «Өмірде сирек жандар болады. Құмырсқадай қыбырлаған тіршіліктің шырғалаңына қызықпайды. Аударылып-төңкеріліп жатқан дүниеге елікпейді. Өз ұғымындағы өмір әлемі бар, сол жетеді. «Өмірдің мағынасын ойлап, басыңды қатырма, өмірді сүре біл» – деп сыбырлаған макивелизмің алдай алмайды. Бәрсисаны адастырған Ібілістің өзі келсе де, жолдан таймайды. Ал, сол Ібіліс қол қусырып, алдына келуі мүмкін. Ішкі дүние Шумердің сын жазуындай мықты. Пенде кірі жұғып кетсе, жан сарайынан қылует жасап алып тазарады, қылуетке кіргісі келген кісі қолын жуып, дәрет алмаса, маңайлай алмас еді. Айналасына лас сезімді жұқтырмайды, лас жерді өзі де баспайды. Көңілі қалса, томырылып түседі, қуанса, түгел ақтарылады. Көптің пікірінше, Берікбай Сағындықов осындай адам». Бұған алып-қосар ештеме жоқ.
Берікбай Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» кітабында әулиенің үш түрі туралы айтылады: «бірінші әулиені халық та біледі, өзі де біледі. Екінші түрі – әулие екенін өзі ғана біледі, өзге халық білмейді. Үшінші әулиені халық та білмейді, өзі де білмейді. Сіз үшінші әулиеге жатады екенсіз» деп әкесі Сағындыққа айтқан сөзді Бекеңнің өзіне де айтуға әбден лайық.

Бердібай ШАЛАБАЙ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор, Қазақстан Республикасы Педагогика ғылымдары академиясының академигі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар