Зерлі де шежірелі Зеренді

Зеренді ауданының екі шылбыр, бір тізгінін қолына алған жаңа әкімі Берікжан Нұртайұлы Әбутәліпов өзіне дейінгі еңбек еткен әкімдердің тістері батпай кеткен тың мәселе –

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегі аясында өзі басқара бастаған ауданның сыры терең, құпиялы қойнауларына көз жүгірту, әсіресе, жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор туристік саяхат жұмыстарын жандандыру мақсатында жиын өткізді.

Осы бір жиынды тікелей өзі басқарып, үлкен дөңгелек үстел өткізуі әкімнің ауқымы кең алға қойған мақсаттары ұшан-теңіз екендігін аңғартқандай. Ғалымдар, журналистер, ақын-жазушылар, өлкетанушылар мен қоғам қайраткерлері, белгілі бизнесмендер, ел ақсақалдары шақырылған жиынды ашып, жүргізген Берікжан Әбутәліпов мәнді де мағыналы сөздерімен тыңдармандарын бірден баурап әкетті. Ол «Шынымды айтсам, мен осы өлкеде туып, осы ауданда бұрындары еңбек етсем де, соңғы кездері көп мәселелерге әлі де терең бойлай бермейтініме көзім жетті. Сондықтан, сіздердің көмектеріңіз, ақыл-әңгімелеріңіз арқылы бүгінгі батыр-бағландарымыз жерленген және сұлу да көркем көз тартар жерлерді бір талқылап алсақ» – деп әрқайсымызға ой тастай сөйледі. Көкшетаудағы Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университеттің тарихшы ғалымы Қадіржан Әбуев бастаған он шақты азаматтар және облыстық мәдениет басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени мұраны қорғау» орталығының бас инспекторы Серік Ысқақов бұл мәселелерге белсене араласты. Алдымен ауызға алынғаны қасиетті де киелі орын Көкшетау қаласында орналасқан ескі қорым, ондағы жерленген атақты дін басы Науан хазірет, Сәкен Сейфуллиннің баласы Аян, Мәлік Ғабдуллиннің анасы Әлия, Көкше еліне аттары мәлім атақты бай, болыс болған Махамбет Айдосұлы, Орал облыстық партия комитетінің жетекшісі болған Шәбеп Қоспанов сияқты басқа да іргелі азаматтар.
Бұдан соң Көкше жерінде қырық жыл хандық құрған Абылай хан бабамыздың баласы, көп жылдар хан тағының иесі болған Уәли ханның Көкшетаудың іргесіндегі Қарақалпақ тауының етегіндегі «Хан сүйегі» аталған ескі қорымда орналасқан кесенесі төңірегінде әңгіме өрбіді. Айыртаудағы Сырымбет қыстауында дүниеден өткен Уәли ханмен бірге осы қорымда ханның анасы, қалмақ қызы Сайман және хан әулетінің кейбір адамдарының да сүйегі жатыр. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары қорымға жақын орналасқан Қазақстан ауылының маңынан жазушы Естай Мырзахметов, белгілі ғалым Айтқажы Қазбековтің зерттеуімен ханның құлпытасы табылып, нақты дәлелденген соң хан әулетінің белгілі азаматы, сұлтан Сансызбай Кішібайұлы Мұхитановтың және Көкшетау кәсіпкерлерінің көмегіне сүйене отырып, күмбезді кесене тұрғызылды. Бір айта кетерлік жайт, бұрынғы облыс басшысы Мәлік Мырзалиннің кесенені көріп, айтқан ескертпелерін іске асырған Алматының белгілі кәсіпкері, ұлты орыс Александр Александрович Козлов. Оның осы сауапты іске ықылас-пейілі кесененің ішкі, сыртқы көріністерін сәулеттендіріп, айтарлықтай көріктендіріп жіберді. Ендігі жерде кесенеден Көкшетау мен Астанаға барар тас жолға түйісетін небәрі он шақырымдай жер асфальттанса, бұл орын туристер көптеп келіп-кетерлік саяхат туризм мәселелерін жеңілдеткен болар еді.
Бұдан кейінгі әңгіме желісі аудан аймағында орналасқан батырлардың зираттарына ойысты. Абылай, Уәли хандардың замандарында өмір сүрген Қосағалы батыр шежіре бойынша Қарауылдың Жақсылық тармағынан Баянұлы Байтөлек болып келеді. Атасы мыңдаған жылқы біткен Төлек бай «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында арып-ашып келген қандастарымызға үлкен көмек көрсетіп, қол ұшын берген жомарттығымен аты шыққан. Бұл кісінің қорымы Жаман Жалғызтауда. Ал, Қосағалы батырдың кесенесі қазіргі Азат тауының Доломит кеніші тұсында адыр басында қызыл кірпіштен салынған. Мен мұндалап тұрғандай биіктікте. Қосағалы өте аруақты да арқалы, алып денелі батыр болған. Бұл кісінің негізгі ерлігі жаугершілік заманда елдің тыныштығын бұзып, қарақшылықтарын тоқтатпай жүрген қалмақтарды ел ішіндегі Мүкей, Итақ сияқты батырлармен тізе қосып, Элистадан асыра қуып тастаған. Ол заманда Азат тауы «Майтөбе» аталған.
Жалпы, Қосағалының өмір тарихы, оның асқан аруақты батырлығын бір сөзбен айта салу қиын, олар туралы талай аңыз-әңгімелер көп. Бүгінгі айтар әңгімеміздің өзекті бір желісі, төл табиғатымызды аялап, ертеде ата-бабаларымыздың тері мен қаны тамған қасиетті жерлерімізді танып, қорғап, қадірлеу болмақ. Осы тұрғыда айтарымыз, Азат тауының сақталып қалу мәселесі. Өзі аса үлкен болмаса да, тарихы терең Азат тауының соңғы төрт-бес жылдар ішінде жол құрылысының материалдарына айналып, жоғалып кету қаупі бар. Жергілікті биліктің басында отырғандар мәселенің осы тұсына жауапкершілікпен қараса екен. Ендігі ауыз толтыра айтар киелі де қасиетті жердің бірі, ауданның Күсеп ауылдық округіне жататын Айғыржал ауылынан он шақырым жердегі Ақтөбе адырының басында жерленген Қарауыл Қалақ батырдың оба-зираты. Қалақ батырдың руы Қарауыл-Қылды, Түнқатар-Күнсары Қалақ болып келеді. Шамамен ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген. Қазақ тарихындағы басқыншы жоңғарларға алғаш тойтарыс берілген Орбұлақ шайқасына қатысып, ерлік көрсеткен батырдың бірі. 2014-2015 жылдары қылдылықтар Қайырбек Есмағұловтың бастауымен батырдың басына құлпытас қойылып, ас беріліп, құран бағышталды. Енді үстіміздегі жылы Астанада тұратын Зеренді ауданының тумасы, негізі Ресей кәсіпкері Қайырлы Ғалиев деген азаматтың ұйымдастыруымен күмбезді кесене тұрғызылмақ.
Халқымыздың тағы да бір қасиетті орынға балап жүрген жері Абылай ханның сыйлы батыры, ханнан жас шамасы көп үлкен, Абылаймен талай жорықтарды басынан өткерген Монтай батыр бейіті. Ол Қылшақты өзенінің Молодежный ауылына барар тас жолының сол жақ қапталында шағындау дөң басында. Ал, ауылының қыстақ жұрты өзеннің оң жақ қапталында. Осыдан 4-5 жылдай бұрын Монтай батыр әулетінің Абылай хан елді мекенінде тұратын Хасенов Белгібай бастаған бір топ азаматтары құлпытас орнатып, ас берді, оған Көкшетау қаласында тұратын, зиялы азаматтар да қатысқан болатын. Монтай батырдың есімі көп атала бермеуі, ол жасы келіп қартайғандықтан, соңғы ірі шайқастарда тек ту ұстаушы ғана болған деседі. Монтайдың ата-тегі Атығай-Бағыс, Әйтімбеттің немересі – әкесі Рысқұл. Қазіргі Молодежный, Туполевка аталатын елді мекендердің төңірегі түгелдей Монтай батырдың жайлауы болған.
Молодежный ауылының көптеген тұрғындары Монтай, Рысқұл аталарының ұрпағы. Молодежный деген атаудың не орысша, не қазақша ешбір маңызы жоқтығын ескере отырып, заман ағымына орай Монтай батыр есімімен өзгертіп жіберілуі сұранып тұрғандай. Әрине, ол үшін осы елді мекен азаматтарының сана-сезімдері оянып, түсінетіндей уақыттары болды. Бұдан әрі, Алла қаласа, олар ойланар деген пікірмен шектелеміз.
Ел тәуелсіздігін алған жылдары Науан хазірет, Қанай билермен қатар, алғаш ауызға алынған арыстарымыздың бірі Қарауыл, Қылды Бөгембай Құттықадамұлы есімі болатын. Ол 1761 жылы туып, 1866 жылы 105 жас жасап дүниеден өткен. Өзінің турашыл, әділ адами қасиеттерінен басқа өте аруақты, көріпкел, айтқыр, алымдылығымен, батагөйлігімен ерекшеленген. Кенесары хан Алашқа ұран тастап, атасы Абылай ханды көзі көрген, сол кездері тоқсан жастан асып отырған Шауыпкел батырдан бата алғанда ол:
Ақыл іздесең Қанайға бар,
Мал іздесең Есенбайға бар.
Көкнайза батыр іздесең,
Қылды менен Ноғайға бар, –
деген екен де, адастырмас ақыл кеңесші етіп жолдастыққа Қылды Бөгембай Құттықадамұлын ұсынған екен. Содан Бөгембай бабамыз Кенесары ханның қосынына қосылған кеңесшісі, елшісі, алқа мүшесі, батагөйі болған. Өзімен бірге батыр інілері Арлан, Шамай, Амандық, Кенжебай, Елубай, Көбе, Шауыпкелұлы Байбектер секілді батырларды ала кетеді, зираты ауданымыздың бұрынғы Лосевка ауылының жанындағы үлкен қорымда. Көкшетау қаласының тұрғындары емші, дәрігер Төлеген мен Бекзат Жақашевтар мұрындық болып Бөгембай мен оның батыр ағасы Әз екеуіне ел азаматтарының қолдауымен екі кесене тұрғызды. Көп ұзамай Лосевка елді мекенінің тарихи атауы Әз, Бөгембай болып өз қалпына келтірілді.
Бұдан әрі осы жиында талқылау тақырыбына енгізілген мәселелердің туристік саяхат бағыттарын белгілеуге ылайықты деп танылғандары – Тіржан қажының «Тас бұлағы» зираты, Асат ақсақалдың кесенесі, Қанай би мүсіні мен Балқадиша саябақ кешені, «Айдаһар үңгірі», «Әулие бұлақ», «Әулие тас» секілді қасиетті жерлер төңірегінде өрбіп, бірқатар кемшіліктермен орын алған олқылықтардың да беттері ашылды.
Мысалы, Тіржан қажы қажылыққа екі рет барған, Зеренді өңірінің атақты байы, болыстыққа сайланған адам. Қуғын-сүргін заманында, ұжымдасу кезінде сол төңіректегі екі-үш колхоздың іргетасы талауға түскен Тіржан мүліктерінен қаланған. Тіржанның ауылының ескі жұрты, ел шетіндегі ол дем алып отыратын трон тақтатас әлі күнге дейін тұр. Қажының киелі дастарханынан Көкшенің атақты кемеңгерлері Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Науан хазірет, Азнабай, ағайынды Неғметжан, Тәшен сияқты зиялылар талай дәм татқан, сыйласқан. Дәл осы «Тасбұлақ» төңірегінің сұлу да сиқырлы келбеті неткен ғажайып десейші. Бірде белгілі өнер иесі Ілия Жақановпен бір топ азаматтар осы жерге келіп, дәл осы арадан мал, шошқа өсіретін кәсіпкерге жер берілді дегенді естіп, ренішімізді аудан әкімдігіне хабарлаған едік. Шынында мұндай сирек кездесетін табиғат байлығын қорғау, сақтау перзенттік борышымыз екендігі даусыз.
Сол сияқты, Асат атамыздың өмір тарихы таныстырылған түсініктемеде әсірелеу, алып-қашпа пікірлерге жол берілген. Асат Олжай аталатын атамыздан өрбіген алты баланың бірі Барақтан – Алпыс – Асат – Серәлі – Молдахмет болып келеді. Молдахмет молланы жас кезімде көрдім. 1905 жылы Кіші Түкті аталатын тау етегіндегі Түкті көлін жағалай отырған Олжай ауылын ығыстырып, баса-көктеп дегендей, Ресей патшалығы жер аударған украиндықтарды қоныстандыра түскен. Шошқадан шошынған аталарымыз таудың жел жағына ығысып, ағаш арасының қойнау-қойнауларына келіп қоныстанады. Ұжымдасу кезінде 6 ауыл бір колхоз «Қарашілік» аталды. Сол елдің тумасы ретінде ақсақалдардан естіп білуім, Асат сол атаның сыйлы да ақылды бас адамдарының бірі болған. Біздің Олжай атамыз ішінде талай ардақты адамдар болған, бірақ, арттарында ұлағатты шешендік сөздерімен дау шешкен шеберліктері бар би болғандарын естіген емеспін. Асат атамыздың өмір сүрген уақытында жоңғар шапқыншылығы болды деу артық сөз.
Осы дөңгелек үстел үстінде таратылған «Сокральные места Зерендинского района» деген түсініктеме буклетте «Место захоронения Дүйсен би» деген тақырып бар. Тарихтан ешбір хабары жоқ бір дүмше адамның бұл берген анықтамалары, тіпті шындыққа жанаспайды. Дүйсен саятшының сүйегі Түркістанда жерленген. Ол атақты бүркітші, саятшы болған адам. Буклетте берілген сурет Дүйсеннің «Алабас» атты қыран құсының бейнесі, ескерткіші. Мұсылман ұстамында суретке, ескерткішке табыну жат қылық болып есептеледі. Осы жиында ғалымдар қандай адамдар «би» болған деген ұғымдарға да түсініктемелер беріп, тоқтала кетті. Сонау Шыңғыс хан, Абылай хан замандарынан басталып Ресей империясы хандықты жойған уақыттар аралығында арттарында аталы сөздерімен талай дау-дамайларға түсіп, билік жасаған, сөйтіп, қара қылды қақ жарған әділ, айыр көмейлі, дуалы ауызды аруақты адамдар шын мәнінде «би» аталған. Бертін келе билердің құтын қашырып, әр ауылды бір би басқарған кездердегі билерді халық «шолақ билер» деп атаған.
Қысқасы, кім өз тауының биік болғанын қаламайды дейсің, шындықты аттап шыңға шығам деу даурықпаның ісі. Өміршең іске өрмелер болсаң, өтіріктен аулақ бол дер едік. Елді, жерді, адамды сүю, адал жүріп, анық басу арлыға тән. Сондықтан да, аудан әкімінің меңзеп отырғаны да алдымен тәуелсіздігіміздің тұғыры мықты да биік болып, осынау алмағайып заманда ата-бабамыздан қалған аманат – ордалы Отанымызды, ұлттық болмысымызды, тілімізді, дінімізді сүйіп, ардақтап, қорғап, оның байлығын арттырып, жаһандану деген жайынның ауызында жем болып кетпей, жанталаса еңбек етіп, қауіпсіз өмір сүруді қамтамасыз ету болар деп түсіндік. Сөз соңында талқылап отырған мәселелер бойынша менің «Арыстарға тағзым», «Қалам қазынасы», «Жұмағым», «Сеңгір серпін» атты кітаптарымда жан-жақты мағлұматтар берілгендігін айта кетудің де артықтығы жоқ қой деп ойлаймын.
Айдос ӘБУТӘЛІПҰЛЫ,
еңбек ардагері, ақын, өлкетанушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар