Туған елдің тұғырлы перзенті

Көрнекті дәрігер, Ресей медициналық-техникалық ғылымдар академиясының академигі Серік Ескендірұлы Ыбыраевтың есімі елімізге жақсы таныс. Ол 1949 жылы Көкшетау облысының Красноармеец ауданындағы Көзашар ауылында туған. Орта мектептен кейін Целиноград мемлекеттік медицина институтын емдеу ісі, хирург және қоғамдық денсаулық мамандығы бойынша бітіріп шыққан жас дәрігердің алдында үлкен өмір соқпақтары жатқан еді. Соған қалай табан тіреп, арман атты биіктің шыңына шығу жас маманның өзіне байланысты болатын. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Серік Ескендірұлының бойында ертеңгі күні білікті хирург, денсаулық сақтау ісінің белді қызметкері атандырар барлық қасиеттер бар еді. Біріншіден, ол өзі оқыған жоғары оқу орнында тиянақты білім алды. Сөйтіп, инемен құдық қазғандай білім жолына бар ынтасымен ден қойды. Оған қоса, өз кәсібін бүге-шігесіне дейін білсем деген құштарлығы, осы тұрғыдағы таудай талабы, мінезіндегі қарапайымдылық, тиянақтылық сияқты асыл қасиеттері де жас дәрігерді өзгелерден ерекшелендіріп тұратын. Сонымен, 1973 жылы Володар аудандық орталық ауруханасының хирург дәрігері болып өз еңбек жолын бастаған Серік Ыбыраев бірден жақсы жағынан көзге түсіп, келесі жылдың өзінде Зеренді аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімшесінің меңгерушілігіне тағайындалады.

Сүйеп, алға жетелейтін ешкімі жоқ, көп балалы, қарапайым отбасында өскен. Әкесі Ескендір Ұлы Отан соғысының қанды қасабынан өткен майдангер. Анасы да ауылдағы шаруа мен бала тәрбиесін қатар алып жүрген жандардың бірі. Бірақ, барлығы өз ісіне қаншалықты ден қоюында ғой. Міне, осы талап тұрғысынан ойдағыдай көріне білген Секең Зеренді ауруханасында да келген беттен өзінің қолы жеңіл, білікті мамандардың бірі екендігін танытып, басшылар мен науқастар ықыласына бөленуден жазбайды. Бұл қасиет оны одан әрі абырой белесіне көтеріп, 1980 жылы осы аурухананың бас дәрігері етіп тағайындалуына жол ашады. Мұны үлкен сенім деп түсінген, сол үшін де өңірдегі медициналық қызметтің деңгейін көтеруге бар күшін салған Серік Ескендірұлы осы лауазымда аттай он жыл халық денсаулығының сақшысы бола білген екен. Сол жылдары ауруханада қол жеткізілген сапалы өзгерістер басы ауырып, балтыры сыздап келетін жандардың дәрігерлер қауымына деген ақ алғыстарынан-ақ жақсы аңғарылатын. Өйткені, білікті басшылықтың арқасында бөлімшелердегі тәртіп, мұнтаздай тазалық, операциялардың сәтті өтуі қашанда көп көңілінен шығып жататын. Осы жылдары жас басшының тікелей мәселе көтеріп, оны тиісті ұйымдардың алдына ыждаһаттылықпен жеткізе білуінен аурухана жанынан жаңа типті емхана да іске қосылып, аудан тұрғындарының жан-жақты медициналық көмек алуға қолдары да ұзара түскен. Бұл арада, Серік Ескендірұлының жетекшілігімен сол кезде ауданда әр сала бойынша маманданған білікті дәрігерлердің қарасы да мол болғандығын айта кету керек.
Осының нәтижесінде 1984 жылы КСРО Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен Зеренді аудандық орталық ауруханасы республикада бірінші болып, жыл са-
йын бүкіл тұрғындарды диспансерлеуден өткізу бойынша эксперименттік база болып бекітілді. Сөйтіп, мұнда министрліктің гигиена және кәсіптік аурулар ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлерімен бірлесіп, ауыл халқының денсаулық жағдайына ғылыми-тәжірибелік зерттеулер жүргізілді. Бұл кезде аудандық аурухана басшысының өзі де мамандығы бойынша ізденіп, жоғарыда аталған институттың аспирантурасына оқуға түсті және оны 1987 жылы ойдағыдай аяқтап шықты. Ауруханада жүргізілген диспансерлік жұмыстар жөнінде кандидаттық диссертация жазып, оны 1991 жылы А.Н.Сызғанов атындағы ғылыми-хирургия институтында табысты қорғай білді. Бұл ретте, емдеу мекемесінде тұрғындарды диспансерлеу ісінің жемісті жүргізілгені де шешуші рөл атқарғанын айтқан жөн.
Зеренді аудандық ауруханасы бұл жұмысымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының назарына ілігіп, емдеу мекемесіне бірнеше мәрте Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен тағылымдамадан өту үшін ұйым стипендианттары келді. 1985 жылы елімізге әйгілі телевизия хабарларын жүргізушілердің бірі Ю.Н.Белянчикованың «Денсаулық» бағдарламасы бойынша Зеренді аудандық орталық ауруханасының жұмысы туралы бүкілодақтық теледидардан жиырма минуттық хабар көрсетілді. Мұның сыртында С.Е.Ыбыраевтың жетекшілігімен аталмыш аурухана облыстық және республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанып, республикалық медицина қызметкерлері кәсіподағының арнайы дипломдарымен және ауыспалы Қызыл Туымен марапатталып жатты. Осының бәрі әрине, Серік ағамыздай өз ісіне жан-тәнімен берілген абзал азаматтың күш-жігерімен қол жеткен толағай табыстар еді.
Осылайша Зеренді ауданында тұрғындарға медициналық қызмет көрсетудің жан-жақты жақсарғанын, сонымен бірге, бұл істегі бас дәрігердің ерекше қабілетін көрген Көкшетау облысының басшылығы енді Серік Ескендірұлына үлкен сенім білдіріп, оны облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы етіп тағайындайды. Сөйтіп, ол 1992 жылдан 1997 жылға дейін осы қызметтің ауыр жүгін көтеріп, халыққа түзу көзқарасы, адал маңдай терімен тағы да өзін жақсы қырынан көрсетеді. Бұл, еліміз өз тәуелсіздігін енді ғана алған, әлі шешімін тілейтін түсініксіз мәселелер көп, бұрынғы одақ кезіндегі байланыстар үзілген, сондықтан да, көп жағдайда тыңнан жол табу қажеттігі туындаған аса бір ауыр кезең еді. Бұл тұстағы басты мақсат денсаулық сақтау саласын дәрі-дәрмек жетіспеген, сала қызметкерлері еңбекақысын да айлап ала алмаған өтпелі кезеңнен аман-есен алып шығу еді. Солай бола тұра, сол бір экономикалық дағдарыстың ауыр жылдарында С.Е.Ыбыраевтың басшылығымен облыста медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын дамыту, денсаулық сақтау жүйесін реформалау, ондағы құрылымдарды оңтайландыру жұмыстары ұтымды жүргізілді. Бұған мынадай бір ғана мысал. Егер сол кезеңде бүкіл республика бойынша денсаулық сақтау ұйымдары айтарлықтай қысқарса, Көкшетау облысында керісінше олардың қатары көбейді. Сөйтіп, Көкшетау қаласында халық әлі күнге игілігін көріп келе жатқан диагностикалық орталық салынып, пайдалануға берілді. Сол сияқты, екі аудандық аурухана, үш аудандық емхана, екі оңалту орталығы, 28 дәрігерлік амбулатория, 50 фельдшерлік-акушерлік пункт пен медицина қызметкерлеріне арналған 12 тұрғын үй іске қосылды.
Өкінішке орай, 1997 жылы күтпеген жерден Көкшетау облысы таратылып, көршілес Солтүстік Қазақстан облысына қосылды. Сөйтіп, облыс халқы дағдарып қалды. Енді қолынан іс келетін, мұны өз қабілет-қарымымен сан мәрте дәлелдеген Серік Ескендірұлына Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау департаментінің тізгінін ұстау ұсынылды. Шынында бұлай шешкендер қателеспеген еді. Жоғарыдағыдай жұмыстар жаңа жерде де жалғасын тауып, халық мүддесін көздеген басшының іскерлігі, әр нәрсені ой тоқтатып барып саралап, салмақтауының арқасында медициналық қызмет тоқырамады, қайта мүмкіндігінше тамырына қан жүгіріп, ілгері басты.
Осылай екі облыста да соңында жақсы із қалдырған С.Е.Ыбыраев сияқты қолынан іс келетін басшылар жоғары жаққа да керек еді. Кейін солай болып, 1999-2000 жылдары Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау істері жөніндегі Агенттігі төрағасының бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт министрлігі Денсаулық сақтау комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерінде болды. Сөйтіп, осы салада жүргізілген реформалардың бастауында тұрды. Ал, одан әрі Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы Медицина орталығының осы заманғы медициналық технологияларды енгізу орталығының директоры, Медицина орталығының бастығы және осы орталық ауруханасының бас дәрігері, Ұлттық медициналық холдингі республикалық диагностикалық орталығының директоры қызметтерінде де сенім биігінен көріне білген Серік ағамыз қашан болсын әрбір таңын денсаулық саласы деп атырып, сол жолда тынымсыз еңбек етіп келе жатқан үлкен медицина қайраткері. Осы жоғары лауазымдарда еңбек еткен жылдары Қазақстан Республикасының 50-ден астам заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілерін әзірлеуге және қабылдауға тікелей ат салыс-
ты. Олардың арасында «Қазақстан Респуб-
ликасы Денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытудың 2000-2005 жылдарға арналған тұжырымдамасы, ауыл тұрғындарына бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді жақсарту, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін бекіту жөніндегі бағдарламалар мен қант диабеті, жарақат алу және есірткімен күрес жөніндегі салалық бағдарламалар да баршылық.
Білім-білігі мол дәрігер басшының, профессор, медицина ғылымдары докторының денсаулық сақтау саласына қосқан тағы бір үлесі – басқа да өзі тектес әріптестерімен бірге медициналық ұйымдар мен орталықтарының жұмыс тиімділігін мониторингтау мен бағалаудың әдістемесін әзірлеп шығаруы. Ол 2000 жылдың бедерінде сол кезде министрліктің рөлін атқарған агенттік басшысының бұйрығымен арнайы бекітіліп, қолданысқа енді. Ал, Іс Басқармасының медициналық орталығында басшылық қызмет атқарған кезде С.Е.Ыбыраевтың бастамасымен ғылыми-практикалық журнал шығарылып, ол да денсаулық сақтау саласындағы таңдаулы басылымдардың тізіміне енгізілді. Айта берсе, ғалым-дәрігердің медициналық көмекті халыққа барынша жақындату және қолжетімді ету тұрғысында бұдан басқа да елге сіңірген еңбегі бір төбе. Соның бірегейі Президенттің Іс Басқармасында қызмет атқарып жүрген кезінде қырғыздың Ыстықкөл көлінде «Қазақстан» шипажайының құрылысын жүргізу жөніндегі жұмыс жобасының әзірленгені және республикамыздан тыс жерлерде орналасқан санаторийлерімізді өз меншігімізге қайтару жұмыстарының аяқталғаны.
Серік Ескендірұлының денсаулық сақтау саласында бұдан кейінгі жылдарда да ел игілігі үшін атқарған қызметтерін осал деуге келмейді. 2008 жылы республикалық диагностикалық орталықты басқарды. Ал, 2009 жылдан бастап «Астана медициналық университеті» акционерлік қоғамының стратегиялық даму жөніндегі басқарушы директоры болды. Кейін республикалық денсаулық сақтау саласын дамыту орталығының тізгіні сеніп тапсырылды. Соның бәрінде өзіне тән іскерлігімен, парасат-пайымымен көріне білген абзал жан тек соңғы қызмет орнында ғана барлық аймақтарда орталықтың филиалдарын ашу, аймақтық денсаулық сақтау құрылымдарының қызметін рейтингтік жүйе арқылы бағалауды енгізу сияқты бірсыпыра жұмыстарды іске асырды.
Қазіргі уақытта елімізге танымал дәрігер елордамыздағы «Аланда» клиникасына жетекшілік етеді. Сонымен бір мезгілде Астана мемлекеттік медициналық университетінде сабақ береді. Нақтырақ айтсақ, осы оқу орнындағы қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының профессоры. Бұл орайда студент жастарға Серік Ыбыраев секілді отандық медицинаның бетке ұстар өкілдерінің бірінен дәріс алу нағыз бақыт қой деп ойлаймыз. Өйткені, бұл кісі «ұлық болсаң, кішік бол» дегендей, зор кісілік келбетімен де, кәсіби тұрғыдағы терең білім-білігімен де ұстаздыққа шынымен лайықты жан.
Ал, енді осындайда біздің Серік ағамыз егер сәтін салып дәрігер болмағанда, өзіне көпшіліктің ыстық ілтипатын алқалаған белді бір өнер өкілі болып шығар еді-ау деген ойға да бармай қоймайсың. Мұны айтып отырғанымыз, ол жастайынан халқымыздың қасиетті музыкалық аспабы – қоңыр домбыраға да керемет құштар болып өскен ауылдың өнерлі баласы. Бұл кісінің сезім қылын қозғап, жаныңды тебіреніске салатын күмбір күйлерін тыңдағанда, дәулескер күйші деп қаласың. Осы өнерге ыстық ықыласы да біраз биіктерге көтерді. Мектепті былай қойғанда, сонау студент кезінен Целиноградтың киелі сахналарында күй күмбірлетіп, ансамбль құрды, одан жауапты қызметінің ара-арасында киелі домбырасын зерлі Зеренді, сұлу Көкшенің төрінде де қолынан бір тастамай, скальпель ұстаған саусақтары, сыршыл зердесімен талайдың көңілін елжіретті. Осы әріден қонған текті өнерімен елімізде атағы өрлей түскен «Көкшетау» ән-би ансамблінің құрамында сонау Югославияға дейін барып, онда қазақ ұлттық өнерінің танылуына өзіндік үлесін қосқаны тағы бар. Бұл арада кәсіби білімін жетілдіру мақсатында да шетел медицинасының озық үлгілеріне ден қойып, бір шеті Америка Құрама Штаттары, Жапония, Ресей сияқты мемлекеттерде тағылымдамадан өткенін де айта кетсек артық емес. Соның бәрінің нәтижесі, тек бір өзі ғана ғылым докторы, академик атанып қоймай, ұзын-ырғасы 10-нан астам ғылым докторы мен ғылым кандидатының диссертациялық еңбектеріне жетекшілік етті, бірталай салиқалы, салмақты монографиялар мен оқу құралдарын жазды.
Біз осы мақаламызда көпшілік есімін жақсы білетін Серік Ескендірұлы Ыбыраевтың дәрігерлік, соның ішінде денсаулық сақтау саласындағы ғылыми және басшылық қызметінің тек бір парасын ғана қозғадық. Ал, оның бәрін тәптіштеп айта берсек, газет беті көтермейтіні айдан анық. Өзімізге де ұстаз, ақылшы аға бола білген осы бір жайсаң жанның адаммен жылылыққа толы жарқын қарым-қатынасы, қарапайым болмысы, бай жан дүниесінің өзі неге тұрады?! Өмірі өнермен өрілген жандар тегі, осылай болып келетін шығар. Әрине, мұнда ата-анасы, туып-өскен ортасының да үлкен тәлім-тәрбиесі жатыр.
Біз Серік ағамыздың бүгінгі шыққан биігі, отандық медицина саласында сайрап жатқан өзіндік айшықты ізін осылай жоғары бағалаймыз да, бұдан ол кісінің өмірлік жан жары Әсия жеңгеміздің де зор еңбегін көреміз. Өмірдің ыстық-суығын бірге өткізіп, жарасымды, тату-тәтті тірлік кешіп келе жатқан үлкен шаңырақ иелері үш бала тәрбиелеп өсіріп, олардан сүйікті немерелер сүйіп отыр. Осылайша бір кездегі Көкшедегі құтты ауылдардың санатындағы шағын ғана Көзашардан қанат қаққан қаршадай бала бұл күнде ел таныған тұлғалы азаматқа айналып, өмірінің жетпіс белесін артқа тастағалы тұр. Ол – қажырлы еңбекпен, елге қалтқысыз қызмет етумен өткен құтты белестер. Сол азаматтық ақ адал маңдай тер, «елім, ұлтым» деп соққан үлкен жүрек үшін де Ақмола, Көкше, Қызылжар өңірлері Серік Ескендірұлы Ыбыраевтай ортақ перзентіне дән риза!
Қасымжан ТӘШМЕТОВ,
Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар