Көкшетауға ұлттық қолөнер мектебі керек-ақ!

  Қазақ халқы қолөнердің қыр-сырына ежелден қанық болып, өрелі өнерді атадан-балаға мұра еткені тарихтан белгілі. Қазіргі таңда ұлттық болмысымызды, тыныс тіршілігімізді сипаттайтын аяулы өнеріміз көзімізден бал-бұл ұшып бара жатқанын байқап жүрміз.

Айт-айтпа, киіз басып, өрмек тоқыған, көрпе тіккен көнекөз әжелерімізбен, қамшы өріп, домбыра жасаған аталарымыздың көз майын тауысып, ұрпаққа ұсынған қолтаңбасы алтынның сынығындай әр жерде мұражай жәдігері ретінде ғана қолданылатын болды. Қолөнер туындыларын көрмеден ғана көретін қазіргі күні жастардың дені қолөнерді еңбегі еш, тұзы сор кәсіп деп санайды. Оның үстіне қолың епсекті болмаса, бұл кәсіп әркімге құрық салдыра қоймас. Десек те, халқымызбен бірге ғасырлар бойы жасасып келе жатқан осынау өрелі өнердің отын әлемдік жаһандану қарсаңында сөндіріп алмасақ дейміз. Көнекөз өнердің жолай ауған көшін көп болып жолға салсақ, сонда ғана өркенді өнер келешекпен бірге үндесері анық.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында өткенді пайымдау арқылы қазіргі заман мәдениетін жан-жақты дамыту қажет деп атап көрсетті.
Жасырары жоқ, қазір қаланы қойып, ауылдардың өзінен текемет басып, алаша тоқып жатқан апаларымызды табу қиын. Қай үйге бас сұқсаң да, фабрикалық кілемдер мен паластардан көз сүрінеді. Оны айтасыз, ауылдарда жүн мен тері шіріп жатыр. Қазақтың әйелдері қазір тіпті жүн түтіп, ұршық иіруді де ұмытқан, кейбірі ұршыққа «антиквариат» есебінде қарайды. Бұл күнде ауылдағы жеңгелеріміз апаларымызға түбіт шұлықты базардан сатып алатын жағдайға жеткен. Осының барлығы балаға кәсіп үйретпегеннің салдарынан болып отыр.
Иә, балаға кәсіп үйретуіміз керек. Әсіресе, қыз бала үй шаруасына икемді болмаса, оның бірнеше тіл білгені, білімді азаматша болғаны оның бақытты отанасы болуына кепілдік бола алмайды. Айт-айтпа қыз бала үй шаруасын ұршықша иіруі керек. Ұршық демекші, бізде неге тоқыма тоқуға баулитын үйірмелер жоқ? Саусағынан бал тамған Шәмшия апа, оюмен ойын өрнектеп, қазақтың қолөнерін насихаттап жүрген Үкіжан апа, он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері Кенжебай апаларымыздан үйренеріміз мол емес пе? Кезінде сонау тоқсаныншы жылдардың басында осы Көкшетауда атақты қолөнер шебері Шәмшия Айтжанованың атындағы өнер мектебі ашылғандығын ұмытқан жоқ ел. Халық өнерін сол кезде үш жүзден астам бала үйренді.
– Аспан асты, жер үстіндегі төрткүл әлемді мекен еткен қаншама ұлт болса, оның ұлттық болмысын бейнелейтін соншама халықтық қолөнері болады. Ол мәңгілік мәнді де мағыналы ұрпақ жадында жасау үшін өзіндік ұлттық бояуын жоғалтпай, уақытпен бірге жаңғырып отырады ғой. Түбі бір түркі тектес әзербайжан, түркімен, өзбек іргеміздегі қырғыз ағайындардың өзі бізбен бірге 70 жылдан астам Кеңес өкіметінің қоластында болса да, байырғы салт-дәстүрінен, ұлттық болмысынан айныған жоқ. Осындай ойлар жетегінде жүріп, мен өз білгенімді өскелең үрпаққа үйретсем екен деген ниетпен қолөнер мектебін аштым. Бұл әрине, бір адамның қолынан келетін шаруа емес. Сол кездегі облыс әкімі мен қала әкімінің қолдауымен «Шәмшия-апай өнер мектебі» осы Көкшетау қаласынан ашылды. Мектепте қала мектептерінде оқитын түрлі ұлт өкілдерінің балалары да тәлім алды. Айта кетуім керек, Көкшетауға жақын орналасқан
ауылдардан балалар арнайы келіп, оқыды. Мұнда олар кілем тоқу, сурет салу, гобелен кестелеу өнерін игерді, ұлттық ою-өрнектің түрлерімен, бұйымның ою-өрнектерімен өңдеу технологиясымен танысты, оларды жасауды үйренді. Сонымен қатар, біз оқушыларды жіп иіру, тоқу, терілерді өңдеу, етік тігу, бас киім тігу, қамшы өру, тіпті пима басу сияқты өнерлерге баулыдық. Сол мектептен тәлім алған шәкірттерім бұл күнде еліміздің әр өңірінде лауазымды қызметтерде абырой биігінен көрінуде. Ең бастысы, олардың қай-қайсысы болсын, ұлттық өнердің қадір-қасиетін білетін балалар болып өсті. Ұлттық өнерді үйренген бала міндетті түрде ұлттық тәрбиені бойына сіңіреді. Кейін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде арнайы шығармашылық сабақтар жүргіздім. Сондай-ақ, №1 құрылыс-техникалық колледжі мен М.Ғабдуллин атындағы №3 қазақ орта мектебінде, студенттер мен оқушыларға өз білгенімді үйреттім,–деп еске алады Шәмшия апаның өзі. Сол күндерді Шәмшия апаның бұл өнегелі ісін елге деген құрметі мен ізетінің белгісі деп білсек, екінші жағынан, ұлтына деген ұлы махаббатына адалдығы деп қараған жөн.
Баланы жастайынан еңбекке баулу керек деген пікірді көкшетаулық ағаш шебері Әділхан Қазбеков та қуаттайды. Өз ұлын ұлттық өнерге баулып та жүр. Қазбек ағаның өзі Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін қызыл дипломмен тәмамдаған. Диплом алғасын екі жыл университет қабырғасында студенттерге сабақ берген. Қазіргі таңда шағын шеберханасында сандық, кебеже, астау, саба сияқты тұрмыстық заттарды ағаштан ойып жасап, осы өнердің арқасында нәпақасын табуда.
– Балаға кәсіп үйрету керек. «Еңбек еткен емеді», дейді ғой қазақ. Қазіргі жастар ауыр жұмыстан қашады. Ұлыма ұлттық өнерді мирас етіп, өз білгенімді үйретіп кетсем деймін. Жасырары жоқ, ұлттық өнерге алыс-жақын шетелдерден келген туристердің қызығушылығы зор. Алайда, оларды қызықтыратыны кәдесыйлар. Ал, жергілікті халықтың арасында астау сатып аламын дейтіндердің қатары көп,– дейді шебер.
Кәсіп, нарық, пайда көзі… Бәрі дұрыс-ақ. Тек ертеңгі күні ұлттық құндылықтар кәдесый болып қана қалмаса екен деген күпті ой осындайда көңілді пәс ететіні бар. Бұрнағы жылдары Бурабай ауданына барған кезімізде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Әлем халықтарының өнері» Халықаралық Қауымдастығының еңбек сіңірген суретшісі Зұлқарнай Қожамқұловпен кездесіп, танысқан едік. Cырлы суреттің сиқырлы әлеміне отыз жылғы ғұмырын арнаған, танымал суретші сол кезде Бурабайда туристер тамашалайтын арнайы шеберхана ашсам деп армандайтын.
–Бурабайға шет елден туристер көптеп келеді. Оларды қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, тарихы қатты қызықтырады. Сол себепті де біз өткенімізді өнер арқылы паш етуіміз керек. Мәселен, дәл сол жерде шетелдіктер киіздің қалай басылып шығатынын өз көзімен көрсе немесе шеберханада бесіктің қалай жасалатынын, тонның қалай иленетінін, тағы басқа ұлттық дәстүрімізге бойласа, сөйтіп, төл өнерімізді насихаттасақ. Бұл бір жағынан пайда көзі болса, екінші жағынан һәм ұлттық өнерімізді дәріптеуге, өрісін кеңейтуге зор мүмкіндік туғызады деп ойлаймын,–деп өз ойын ортаға салып еді. Арман тілегі орындалмағанға ұқсайды. Өкінішті-ақ!..
Мінекей, елде ежелгі кәсіпті насихаттайтын, ұлттық нақышқа қатысты жұмыс істейтін қолөнер шеберлері қолдауға зәру. Жасырары жоқ, қазіргі уақытта қолөнершілерге жасалатын қамқорлықтың ең үлкені сырттан келген қонаққа «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп мақтанып көрсетумен ғана шектелетіндей. Қалған уақыттың барлығында бармағынан бал тамған шеберлер өз қазанында өзі қайнауға мәжбүр. Кең көлемді шаралар өткізгенде ғана, шеберлердің асты-үстіне түсіп, әке-көке дейміз де, мәдени шара біткесін, олар бәз баяғы тіршілігін кешіп, шарасыздық күйіне қайта түсетіні бар. Ұлттық өнерімізді көрмеге қоятындай біз өзге елде жүрген жоқпыз ғой. Бұл біздің болмысымыз. Төл өнерімізге өткен күннің елесіндей қарауға болмас. Оны өркендетуіміз керек, оған өріс ашуымыз керек деп ойлаймыз.
Осы орайда, тағы бір атап өтерлігі, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанында қолданбалы өнер шеберлерінің одағы жұмыс істейді. Біз этно-мәдени бірлестіктермен жұмыс және халық шығармашылығын дамыту жөніндегі маман Гүлнәр Өмірбаевамен сұхбаттасып, сөзге тарттық.
– Біздегі тізім бойынша Көкшетау қаласында 76 шебер тіркелген. Бірақ, олардың тек 33-і ғана белсенді жұмыс істейді. Көкшетау қаласында өтетін көптеген мәдени-көпшілік шараларға қатысамыз. Сонымен қатар, облыс орталығындағы орта мектеп, оқу орындарының оқушылары мен студенттеріне қолөнер шеберлері арнайы шеберлік сағаттарын өткізеді. Бұл сабақтардың бәрі тегін. Әсіресе, жастардың қызығушылығы зор. Үйренсем, білсем деген жас көп,–дейді ол.
Иә, қолөнер – халықтың қайталанбас төлтума тарихы. Оны жоғалтқан талай ұлттың өзі тарих санасынан жойылып кеткені белгілі. Ұлттың ұлылығын төрткүл дүниеге паш ететін де атадан балаға мирас болып жеткен қолөнер бұйымдары екенін әсте естен шығармауымыз керек. Оны өскелең ұрпаққа үйрету үшін Көкшетауға қолөнер мектебі керек-ақ! Сонда ғана сан ғасырлар сорабынан үзілмей жеткен көнекөз өнерге қылау түспей, керісінше өрісі ашылып, өркендей түсер еді!..
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар