«Аманат» сайлаудың әділ және ашық болуына мүдделі

Облыстық ішкі саясат басқармасының мәжіліс залында Қазақстан Республикасының кезектен тыс Президент сайлауына байланысты сайлауға мониторинг жүргізу жөніндегі «Аманат» азаматтық платформасының аймақтық семинар-тренингі болып өтті. Семинарға облыстық, аудандық, қалалық сайлау комиссияларының және үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Семинарға арнайы келген спикер «Еуразиялық сараптама кеңесі» («Eurasian Expert Council») қоғамдық қорының президенті, «Аманат» азаматтық платформасының мүшесі Шыңғыс Лепсібаев қоғамдық ұйым жұмысының мақсаты мен міндеттері және негізгі бағыттары бойынша баяндап берді.
«Аманат» азаматтық платформасы – бұл әділ және ашық сайлау өткізуге мүдделі қазақстандықтардың тәуелсіз ерікті ұйымы. Штабта бес бағыттан тұратын арнайы тұжырымдама әзірленген. Олар, сайлауға дайындық, сайлаушыларды хабардар ету, адалдық пен ашықтық, ашық диалог және тең ынтымақтастық.
«Аманат» азаматтық платформасының мүшелері Қазақстандағы сайлауды басқа заңды тұлғалармен қатар бақылайтын болады. Сондай-ақ, барлық бағыттар бойынша халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық, орталық сайлау комиссиясы, жергілікті сайлау комиссиялары, Жоғарғы Сот, жергілікті атқарушы органдар, Бас прокуратура, кандидаттардың сайлауалды штаб-пәтері, БАҚ өкілдері, ғылыми-сараптамалық қоғамдастық өкілдері және азаматтық секторлармен өзара іс-қимыл жасалады.
– «Сайлаудың электоральды кезеңі басталды және талқылау қыза түсті. Биылғы жылы алғаш рет миллионнан астам кәмелеттік жасқа толған қыздар мен жігіттер дауыс беруге қатысатын болады. Көптеген тәуелсіз сарапшылардың пікірлері тыңдалуда. Бірақ, олар сапалы ақпаратқа қол жеткізе алмайды. Мұндай жағдайларда сайлау науқанының объективтілігіне деген сенімнің нығаюы оңай емес. Сондықтан да, біз сайлау процесін бақылайтын тәуелсіз қоғамдық алаң құру туралы шешім қабылдадық, – деді спикер өз сөзінде.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 9940 сайлау учаскесі бар болса, олардың 724-і біздің облыста екен. «Аманат» азаматтық платформасы сайлау учаскелерінің алыстығына қарамастан, әрбір сайтты бейнебақылаумен және білікті байқаушылармен қамтуды жос-парлап отыр. Ал, азаматтық платформаның қызметін әлеуметтік желілер арқылы бақылауға болады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Осыған орай, «Аманат» азаматтық платформасының құрылымы және жұмыс жүргізу үрдісімен танысқан семинарға қатысушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауап алды. Сондай-ақ, сайлауды ұйымдастыру мен өткізу технологиясында оқытылған белсенділерге мобильді капитан деп атауға құқылы «Бақылаушы блокноты» табыс етілді. Дәлірек айтсақ, «Аманат» азаматтық платформасы жақтастары арасында өз білімін тарату керек. «Аманат» белсенділері негізінен сарапшылармен және саясаттанушылармен жұмыс жүргізіп, дөңгелек үстелдер мен кездесулерді ұйымдастырады, соның ішінде әрбір адам өз көзқарасын білдіруі тиіс.
Қазіргі таңда аманатшылар халықтың өтініштері туралы материалдарды жинауды және олардың болашақ Қазақстан Президентіне тілектерін білдіруді жоспарлап отыр.
Семинарға қатысқан белсенділер өз аудандарында дәл осындай семинар-тренингтер өткізіп, жергілікті сайлау учаскелеріне өз бақылаушыларын тағайындайтын болады. «Аманат» азаматтық платформасы өкілдері қазіргі таңда 10 мыңнан астам бақылаушы тарту жоспарланып отырғаны да белгілі болды. Олар сайлау күні ғана емес, сайлау комиссиясының барлық жұмыс үрдісін бақылайды. Кандидаттардың насихаттық, сайлауалды жұмыстары, БАҚ-тағы жарияланымдарының тең дәрежеде болу керек екенін білеміз. Сондықтан, сайлау өтетін күнге дейін «Аманат» азаматтық платформасының тәуелсіз бақылаушылары әрбір сайлау учаскесіне барып заңнаманың сақталуын қадағалайды. Міне, осы жұмыстарды атқару үшін бүгінгі күні 30-ға жуық мобильді капитандар даярланып, сертификатталды.
Түрлі қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың мүшелерінің басын біріктірген топ саяси науқанға барынша белсене қатысуға бел буып отыр. Жалпы, сайлаудың әділ өтуіне атсалысам, барынша ашық болуына септігімді тигіземін деген азаматтар болса құба-құп. Олар Көкшетау қаласы Абай көшесі 139 а мекен-жайы бойынша 1-қабатта орналасқан кеңсенің қабылдау бөліміне келіп, тәуелсіз бақылаушы ретінде тіркеліп, жұмыс жоспарымен танысуларына болады.
Асылай Қадырқызы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар