Бір суреттің шертер сыры

Біржан сал ауданына барған бір жұмыс сапарымда бүгінде Үлгілі атанған Казгородок кентінде болған едім. Таныс кісінің үйіне түсіп, шәй ішіп алғасын аулаға шықтық. Екеуміз әрнәрсені ауызға алып, әңгімелесіп тұрдық. Танысымның үйінің жанындағы кішігірім үйге көзім түсіп, онда кім тұратынын сұрадым.

Танысым жауап беріп үлгірген жоқ, көрші үйден шыққан егде жастағы әйел бізге қарай аяңдады. Жақындай бере: «Сізді журналист дейді, үйде атамнан қалған бір көне сурет бар еді, соны көрсетсем қалай қарайсыз», – деді.
– Көрейін, – дедім мен. Сөйтіп, бейтаныс әйелдің соңынан еріп оның үйіне кірдім. Үй іші өте жинақы көрінді, ұқыпты қолдың ізі барлық жерде сайрап тұр. Төргі бөлмеде қабырғаға ілінген көне домбыра мен күміспен зерделенген белбеу ескіден қалған мұра екендігін айғақтағандай көзге жылы ұшырайды. Үй иесі Зура апай мені диванға отырғызып қойып, басқа бөлмеге кетті. Бес минуттай уақыт өткенде ол сарғайып кеткен ескі фотосуретті алып төргі бөлмеге кірді.
– Менің атам жас күнінде қазақ әдебиетінен орын алған атақты адамдармен бірге оқыған екен. Оған мына сурет дәлел. Сурет өте ескі, бәлкім қайта өңдеуге мүмкіндік болар, – деді.
Суретке қарап отырып мен одан қазақ әдебиетінің классиктері Мағжан Жұмабаев пен Сәбит Мұқановтың жас кезіндегі бейнелерін көрдім. Зура тәтейдің айтуынша атасы Омбы, Орынбор немесе Петропавл қалаларының бірінде училищеде оқыған екен. Зура тәтей атасы туралы көп нәрселер айтты. Ол кісі он саусағынан өнер тамған шебер болыпты. Домбыра, қобыз сияқты халық аспаптарын шебер жасайды екен және зергерлік бұйымдар да жасап, адамдардан тапсырыс алып отырған. Үйдің төрінде ілулі тұрған оюлы домбыра мен зерлі белбеу, қамшы – бәрі атасының қолынан шыққан дүниелер екен.
Қоштасарда ол маған атасының көне суретін беріп, газетте жариялауды сұрады. Суреттен бәлкім оқырмандар өздерінің туыстарын тауып қалар дегенді айтты тәтей. Мен ол кісіге берген уәдемді орындап, суретті жариялап отырмын.
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар