«Халыққа көмек» жобасы

Елбасы тапсырмасымен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған төрт бірдей ұлттық жоба: «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» және «Халыққа көмек» жобалары аясында Ақмола облысында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Осы ретте, «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы, оған қарасты барлық аумақтық филиалдар мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп атқарып жатқан игі жұмыстар жайында көп айтуға болады.

«Халыққа көмек» партиялық жобасының мақсаты – азаматтардың өзекті мәселелерін жедел шешу. Жоба Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынып отыр. Атап айтқанда, партия төрағасы Н.Назарбаев «Nur Otan» партиясының кезекті ХVІІІ съезінде халықтың көкейіндегі және қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты жедел әрекет ету керектігін айтып, «Халыққа көмек» жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын.
Жаңа бастаманы партия мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және бизнес қауымдастықпен бірлесіп іске асырмақ. Жоба негізінде партияның еліміздегі барлық қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы жаңғырып, олар Бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесінде қызмет көрсете бастады. Жоба аясында қоғамдағы өзекті мәселелерді жедел әрі тиімді шешу үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланған жазбаларға талдау жасалып, алдын алу мониторингі жүргізіледі. Сондай-ақ, көмекке мұқтаж азаматтар үшін партияға тікелей өз өтініштерін білдіруге мүмкіндік бар. Сол үшін қоғамдық қабылдау бөлмелері «жедел әрі бір жерде» қағидасы бойынша жұмыс істеуде.
Азаматтардың өтініштерін жеке қабылдау, сайт, электронды пошта, «Call Center» түрлерімен бірге халықпен байланыс әлеуметтік желілердегі парақшалар, WhatsApp мессенджері, тиімді кері байланыс құралы ретінде танылып үлгерген әкімдіктердің цифрлық қызметі және электронды Үкімет порталы арқылы да жүргізіледі. Өзекті мәселені оңтайлы шешу үшін қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қызметкерлерімен бірге мемлекеттік орган өкілдері, қажет жағдайда салалық мамандар жұмылдырылады. Қазіргі таңда партия халық пен билікті байланыстырушы алтын көпір ретінде қалыптасып отыр. «Халыққа көмек» жобасы арқылы қоғамдық қабылдау бөлмелері Елбасының әлеуметтік салаға қатысты тапсырмаларын орындау барысында мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және бизнес қауымдастықтың қызметін үйлестіруші рөл атқарады.
Мәселен «Nur Otan» партиясының Ақмола облысы бойынша әр аудандағы аумақтық филиалдарда 20 Бірыңғай әлеуметтік терезе ашылып, жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күнге дейін облыстың Бірыңғай әлеуметтік терезесіне 356 адамнан 510 өтініш келіп түсіп, оның 225-і (45 пайыз) оң шешімін тапқан. Келіп түскен өтініштерге сараптама жасай келе сұрақтардың дені әлеуметтік сұрақтар екендігі анықталды. Мәселен: тұрғын үй мәселесі бойынша – 139 (35 па-йыз), материалдық көмек көрсету – 75 (18 пайыз), мақсатты әлеуметтік көмекті алу үшін тіркелу – 65 (13 пайыз), білім беру немесе балаларды балабақшаға орналастыру бойынша – 36 (9 пайыз), жұмысқа орналасу немесе жалақыны уақытында ала алмау бойынша – 31
(8 пайыз) өтініш тіркелген.
Сараптама көрсеткендей ұзақ мерзімді шешуді талап ететін сұрақтардың ішінде тұрғын үй мәселесі бойынша өтініштер алдыңғы қатарда тұр. Сондықтан, бірыңғай әлеуметтік терезе қызметкерлері қалған өтініштердің барлығын «жедел әрі бір жерде» қағидасымен шешуді қолға алған. Мәселен, «Тыныс» АҚ жанындағы «Тыныс» бастауыш партия ұйымы 9 отбасына азық-түлік, қысқы отын-көмірін алып беріп, 300 мың теңге шамасында қаржылай көмек көрсеткен. Көкшетау қалалық мәслихатының депутаттары, атап айтқанда, Мәди Елубаев пен Станислав Максимец те осындай игілікті істен құр алақан қалған емес. «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың жуырда ғана Ақмола облысына ресми іссапары кезінде оң шешімін тапқан мәселені де айтпай кетуге болмас. Нақты айтқанда, қызының оқу ақысы үшін көмек сұрай келген көп балалы ана Үмітжан Қобыловаға қажетті сомада қаржылай қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, оның пәтер жалдап тұратыны ескеріліп, баспана мәселесі де қаралып, облыс басшылығы тарапынан заң шеңберінде тиісті жұмыстар жүргізілетін болды. Жалпы, партиялық жоба негізінде азаматтардың проблемалары жедел шешімін тауып, мақсатты топтарға нақты көмек көрсетіліп жатыр. Айта кетейік, «Халыққа көмек» жобасы партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты жаңа бағдарламасын жүзеге асырудың жұмыс бағыттарының бірінен саналады.
Динара ДҮЙСЕН,
«Nur Otan» партиясы
Ақмола облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар