Күмбірле, Домбыра!

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Ұлттық домбыра күніне орай, Көкшетау қаласында «Домбыра» монументінің ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Ұлттық домбыраға арналған монументтің авторы – халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, белгілі мүсінші Манарбек Бұрмағанов. Сондай-ақ, монументтің ашылуына орай ұйымдастырылған салтанатты шарада бір мезгілде бес жүз домбырашы күй тартып, ұлттық өнердің мерейін асқақтата түсті.
– Домбыра қазағымызбен ғасырлар бойы бірге жасасып, халықтың мұңын, шерін, тарихын, аңсаған арманын келер ұрпаққа толғап жеткізе алатын қасиетті аспап. Әр қазақ үшін киелі домбыра – ұлтымыздың символы, ал қазақтың күйі – адам жанын тебірентетін бір әлем және тарих беттерінен сөз құдыреті бермеген терең ойды домбыра арқылы жеткізген сәттері де белгілі. Домбыраның қоңыр үні халқымыздың тарихын, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа сырлы әуенмен жеткізіп келген. Бүгінгі мереке бәрімізге құтты болсын!– деп ақжарма тілегін білдірді облыс әкімі.
Сонымен қатар, салтанатты шара барысында Көкшетау қаласының құрметті азаматы, айтулы дәрігер Болат Жанәділов, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиев сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
Айта кетуіміз керек, биіктігі 11 метрлік инсталляция бетон-металл конструкциядан жасалған туынды демеушілердің қаражатына тұрғызылған. Монументтің ашылу салтанатында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншілері, шат-шадыман шаттық құшағынан табылған қала халқының көңілін әсем әуенмен бір серпілтіп тастады. Осы бір айтулы оқиғаны көптен бері күткендердің бірі аталмыш шараға Бурабай ауданынан арнайы келген Арай Үзбаева.
– Елбасымыз еліміздің экономикалық дамуына ғана көңіл аударып қоймай, рухани жаңғыруына да ерекше назар аударып отыр. Аталған мерекені атап өту ұлттық құндылықтарымызды қадірлеуге, елдің тұтастығын нығайтуға ықпал етеді,– дейді Арай.
Әділет Азбаев дирижерлік еткен Үкілі Ыбырай атындағы қазақ оркестрінің сүйемелдеуімен өңіріміздің жезтаңдай әншілері әуелете ән шырқап, салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар