Көкшетауға – су жаңа 31 автобус!

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Нұр-Сұлтан қаласы күнін мерекелеу шеңберінде Көкшетау қаласында жаңа автобустарды қолданысқа беру салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Облыс орталығындағы «Абылай хан» алаңында өткен салтанатты шараға, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер және зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
«YUTONG» маркалы 31 автобус «Көкшетау автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастамасымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде «Сарыарқаавтоөнеркәсіп» компаниясынан сатып алынған және қоғамдық көлік қызметтерінің сапасын арттыруға бағытталған.
– Бүгін баршамыз үшін маңызды күн. Біз Қазақстанның кемел келешекке деген ұмтылысын, асқақ мақсаттарымыз бен жоспарларымыздың ұлылығын айқындайтын Нұр-Сұлтан күнін атап өтудеміз. Елордамыз біздің халқымыздың қысқа мерзімде көп жетістікке қол жеткізе алатындығын көрсетті. Еліміздің саяси, экономикалық, мәдени өмірінің қайнаған ортасына айналды. Ақмола астаналық облыс екені белгілі. Сондықтан, облыс орталығы Көкшетау қаласының сырт келбетін жаңартып, көшелерін жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүгізілуде. Мұның барлығы қала тұрғындарының қатынап жүруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Бүгінгі қолданысқа беріп отырған автобустарымыз соның алғашқылары. Алдағы уақытта қалаішілік бағыттағы автобустарды толық жүз пайыз ауыстыру жоспарда бар, – деді облыс басшысы Ермек Маржықпаев.
«Көкшетау автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әсия Шәрімованың айтуынша, бұл жоба қалалық әкімдіктің «Көкшетау қаласында жолаушылар көлігін жаңғырту» жобасы шеңберінде қолға алынып отыр. Жалпы, аталмыш автобус паркі тарапынан барлығы жаңа үлгідегі 44 автобус сатып алынған. Бүгін оның 31-і қолданысқа берілсе, алдағы күндері қалған 13-і жеткізілмек. Бұл жоба бойынша қолданыстағы тозығы жеткен автобус-тарды ауыстыру қарастырылған.
– Жаңа көліктер жергілікті климат жағдайына бейімделген, бейнебақылау, кондиционер, сымсыз интернет желісі және жылыту жүйесімен жабдықталған. Электронды билет алмасу жүйесі бар. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін көтергіш те қарастырылған, – деп атап өтті Әсия Шәрімова.
Сонымен қатар, шарада еңбек ардагері, құрметті автомобильші Антон Багинский, Көкшетау қалалық жолаушылар тасымалы қауымдастығының төрағасы Рүстем Қалышев сөз сөйлеп, қала тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суреттерді түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар