Үздік бес жоба таңдап алынды

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова Зеренді ауданындағы «Парус» демалыс орталығының базасында орналасқан «Zeren» республикалық жастар жазғы білім беру лагерінің 1-ші ауысымының ресми жабылу салтанатына қатысып, сөз сөйледі. Премьер-Министрдің орынбасарының Ақмола облысына жұмыс сапары кезінде облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова бірге болды.

Алғашқы ауысымның қорытындысы бойынша 36 жобаның ішінде жүлделі үшінші орынмен екі команда марапатталды. Олардың әрқайсысына 750 мың теңге ақшалай сертификаттары табыс етілді. Екінші орынға ие болған «Қазақ ойы» және «Эко Энерджи» командаларына, 1 миллион теңгенің сертификаттары табыс етілді. Ал, 1 орынға «Red Orda» лайық деп танылып, 1 миллион 500 мың теңгенің сертификатымен марапатталды.

Гүлшара Әбдіхалықова өз сөзінде бүгінде еліміздің жастарына Жастар жылы, Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, бизнес бастамаларды қолдау бағдарламаларының аясында үлкен мүмкіндіктер ашылғанын атап өтті.
– Елімізге жоғары білімді, бәсекеге қабілетті жастар қажет. Жоғары оқу орындары еліміздегі жоғары білім мен ғылымның флагманына айналып отыр. Олар білікті мамандарды даярлауда
Назарбаев университетінің тәжірибесін қабылдап, тарататын болады. Жастардың жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуы маңызды. Тек Жас-тар жылында ғана емес, алдағы уақытта да жастардың проблемалары мен бастамалары елеулі түрде қолдау табатын болады»,– деді Қазақстан Республикасының вице-премьері студенттерге.
Кездесу еркін әңгіме түрінде өтіп, жас-тар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. «Zeren-2019» республикалық танымдық жастар жазғы білім беру лагері Қазақстан Республикасының ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған. Аталмыш шараның басты мақсаты – Қазақстанның барлық өңірлерінде нақты әрекет ететін, әлеуметтік бизнес жобаларды іске қосу болып табылады. Бұл жоба өңірлердің, әсіресе, ауылдық жерлердегі белсенді талантты жастарды анықтауға және біріктіруге мүмкіндік береді. Айта кетуіміз керек, алғашқы ауысым аясында семинарлар мен тренингтер өткізіліп, тақырыптық жобалар әзірленіп, идеяларды іріктеу шаралары да ұйымдастырылған. Бұл жерде білімге құштар жастар өзара пікір алмасып қана қоймай, оларға аға буын өкілдері де келіп, ой-пікірімен бөлісіп отырды. Сондай-ақ, еліміздің әр түкпірінен келген жастар ұйымдарының басшылары ғана емес, оқуда озаттар, өз ісін дөңгелетіп басқаға үлгі болғандар бар. Яғни, білім лагерінде еліміздің жас кәсіпкерлері, көшбасшылары, білімқұмарлары бір-бірімен кездеседі, танысып, өзара тәжірибе алмасады. Ендеше, бұндай білімділер мен талаптылар басқосуы керек әрі оның нәтижелі болуы да маңызды.
Осында тәлім алған жастардың бірі – Шығыс Қазақстан облысындағы педагогика колледжінің 4 курс студенті Әйгерім Жолбарысова.
–Біз жетекші бизнес бапкерлерден тәлім алдық. Зерлі Зерендінің сұлу табиғаты біз үшін ертеңгі күні естен кетпес үлкен естелікке айналатыны, осы жерде алған біліміміз бен зор тәжірибе біздің болашағымызға зор серпін берері анық. Осы орайда жастарға осындай зор мүмкіндік туғызған жандарға зор алғыс білдіреміз, –дейді.
Лагерь жұмысының қорытындысы бойынша және оны одан әрі іске асыру үшін жаңашыл жастардың тың бизнес идеяларының тізімін қалыптастыру жоспарланған. Сондай-ақ, барлық үш маусымның нәтижесінде 30 үздік жоба іріктеледі. Жеңімпаздар өзінің жеке бизнес-жобасын іске қосу үшін ақшалай сыйақы алады. Жалпы жүлде қоры
15 000 000 теңгені құрайды. Алғашқы ауысымның қорытындысы бойынша 36 жобаның ішінде жүлделі үшінші орынмен екі команда марапатталды. Олардың әрқайсысына 750 мың теңге ақшалай сертификаттары табыс етілді. Екінші орынға ие болған «Қазақ ойы» және «Эко Энерджи» командаларына, 1 миллион теңгенің сертификаттары табыс етілді. Ал, 1 орынға «Red Orda» лайық деп танылып, 1 миллион 500 мың теңгенің сертификатымен марапатталды. Сонымен қатар, «Батыс Қазақстанның қатаң табиғатына бейімделген жаңа сұрыптарды шығару мақсатында тары дақылдарының әлемдік генофондын зерттеу», цифрландыру саласындағы «Viber» жобалары мен кәсіпкерлік, жасыл және креативті экономика бағыттарындағы бірқатар жобалар ерекше атап өтілді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар