Ел қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау жолындағы ерлік

13 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 27 жыл толады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылғы 13 шілдедегі Жарлығымен құрылған болатын. Тәуелсіз мемлекетіміздің ішкі және сыртқы қауіпсіздігін сақтайтын мекемеге жүктелген міндет ауыр да жауапты.

Міне, сондай жауапты міндет жүгін мойнына алып, ел тыныштығын сақтауға ҰҚК Ақмола облыстық департаменті де өз үлестерін қосып келеді. 1999 жылғы Президент Жарлығына сай Ақмола облысының қайта құрылуына байланысты аумағы өзгертіліп, бұрынғы Көкшетау облысының бірнеше ауданы қосылғаны белгілі. Сөйтіп, облыстық ҰҚК департаменті құрылып, ол Көкшетау қаласына көшірілді. Жаңа орталықта жеке құрам мен мамандарды қайта жасақтауға тура келді. Міне, сол қайта құрулардың басында тұрған, тәуелсіз еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылымын қалыптастыруға өз үлестерін қосқан ардагерлерімізді айтпай кетсек, қиянат болар еді. Олар департаментті әр жылдарда басқарған: генерал-майор Х.Нышанбаев, Н.Мырзалиев, К.Әбдіқазымов, Н.Атшабаров, К.Нұрбеков сияқты өз жұмыстарын жақсы білетін, ұйымдастырушылық қабілеті мол басшылар. Облыстық департаменттің қалыптасып, дамуына белсене атсалысқан және жастарға тәлімгер болған генерал-майор М.Жанділдинов, полковник У.Хасенбаев, подполковник С.Ыбыраев сияқты ардагерлердің еңбегін елемесек, дұрыс болмас еді.
Бүгінгі күнде департамент жемқорлықпен, экономикалық қылмыстармен күрес, есірткі бизнесінің жолын кесу, діни экстремизммен, лаңкестікпен және ұйымдасқан қылмыспен күрес сияқты еліміздің тыныштығы мен қоғамдық тұрақтылығын сақтауда маңызды орын алатын міндеттерді атқаруда. Қазіргі күні ҰҚК облыстық департаментінде өз ісін жетік білетін білікті мамандар қызмет етеді және материалдық-техникалық жағынан да жақсы қамтамасыз етілген.
Департамент қызметінің бір маңызды саласы заңсыз есірткі айналымының жолын кесу. Есірткіні қабылдап, нашақорлыққа салынған адамның оны тастауы өте қиын болады, тіпті мүмкін де емес. Тек арнайы емдеу орнында ұзақ мерзімді емдеу курсынан өткенде ғана нашақорлық дерттен жазылуға болады. Адамды тәуелділікке түсіретін осындай қасиеті үшін де ол қауіпті болып табылады. Еліміздің ертеңгі болашақ тізгінін ұстар жастарымызды осындай қатерлі дерттен сақтау бүгінгі күні өзекті мәселе болып отыр.
Осы орайда, департамент бұл бағыттағы жұмысқа өте үлкен көңіл бөледі. Мәселен, 2018 жылдың ішінде ҰҚК Ақмола облыстық департаменті қызметкерлерімен заңсыз есірткі айналымымен айналысу қылмысына орай 13 қылмыстық іс ашылып, 12 келі жоғары сапалы героин, 297 келі гашиш, 284 келі марихуана және 1,8 грамм экстази тәркіленіп, жойылды. Департамент қызметкерлерінің араласуы-мен 2 халықаралық, 8 республика ішіндегі есірткі тасымалдау каналдары ашылған.
2017 жылдың тамыз айында Ауғанстаннан Ресей Федерациясына есірткі жеткізетін канал туралы ақпарат түседі. Халықаралық есірткі тасымалы каналын анықтап, жою мақсатында жан-жақты ойластырылған жоспар жасалады. Ұзаққа созылған оперативтік жұмыстардың нәтижесінде 2018 жылдың ақпанында Алматы қаласында Ауғанстан азаматы Ульфат Хамедуллах пен Пәкістан азаматы Ахмед Зубайр қолға түсті. Ахмед Зубайрдан 11 келі 946 грамм жоғары сапалы героин есірткісі табылды. Бұл азаматтардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Таяу арада олар сот алдында жасаған қылмыстары үшін заң бойынша жауапқа тартылатын болады.
ҰҚК облыстық департаменті қызметкерлерінің іздестіру жұмыстары барысында жасанды есірткі сатумен айналысатын Н.Гордеев деген азамат қолға түсті. Ол интернет арқылы шетел азаматтарымен байланыс орнатып, оларға жасанды есірткіні сатып келген екен. Ақша аударымы электронды киви кошелек арқылы жасалып, есірткі поштамен жеткізіліп отырған. 2017 жылдың қазан айында Гордеев Голландиядан хат алады. ҰҚК қызметкерлері соттың санкциясымен поштаға келген хатты куәлардың алдында ашқан кезінде одан ақ түсті ұнтақ табылды. Лабароториялық зерттеу көрсеткендей, ол экстази жасанды есірткісі болып шықты. Осылайша Гордеев шет елден арзандау бағамен есірткі сатып алып, оны басқаларға интернет арқылы үстеме қосып сатып келген.
2017 жылдың наурызында департамент қызметкерлері еліміздің оңтүстік аймағынан солтүстікке есірткі тасымалдаумен айналысып келген Е.Әділбеков және Е.Әлменов деген азаматтарды қолға түсірді. Целиноград ауданының Талапкер ауылының аумағында сатып алушыларға есірткі өткізбек болып тұрған жерінде қолға түскен олардан 20 келі гашиш табылды. 2017 жылдың қарашасында ауданаралық мамандандырылған қылмыстық соты бұл екі азаматты жасаған қылмыстары үшін
10 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айырды.
Діни экстремизм мен терроризм қазіргі күні адамзат үшін үлкен қатерлі дерт болып саналады. Осыған орай, ҰҚК облыстық департаменті тұрғындарды қатерлі ағымдардың ықпалына түсуден сақтау бағытында мақсатты жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарда Қазақстан Республикасының 2017-2020 жылдарға арналған діни саладағы мемлекеттік саясаттың тұжырымдамасы және 2018-2022 жылдарға арналған діни экстремизммен күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы және Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалары басшылыққа алынады.
2018 жылы департамент қызметкерлерінің теолог мамандармен бірлесе жүргізген жұмыстарының нәтижесінде 48 сәлафиттік бағытты ұстанатын азаматтар өз ұстанымдарынан бас тартты. Олардың 8-і түзеу мекемелерінде жазаларын өтеп жатыр. Сонымен бірге, 9 жазасын өтеуші дәстүрлі ислам діни қағидаларын мойындады. Бұл бағыттағы жұмыстар көп уақытты және үздіксіз жұмысты қажет етеді. Елімізде жұмысына тиым салынған Таблиги жамаат діни ағымын ұстанатын Целиноград ауданының 2 тұрғыны мен Аршалы ауданының 7 тұрғыны ұстанымдарынан бас тартты. Осының нәтижесінде Аршалы ауданында бұл қатерлі ағымды ұстанатын топ түгел жойылды деп айтуға болады.
ҰҚК қызметкерлері сондай-ақ, Қазақстан Респуб-ликасы Үкіметінің 2015 жылдың 15 сәуіріндегі «Лаңкестік әрекеттерге ұшырау қаупі бар нысандарда лаңкестікке қарсы қорғаныс жүйесін бекіту туралы» №191 қаулысына сай өңіріміздегі атқарылып жатқан жұмыстарды тексеріп, ұдайы назарда ұстайды. Өткен жылы департамент қызметкерлері 100-ден астам әлеуметтік, білім беру, денсаулық сақтау, сауда және қоғамдық тамақтану орындарының ұжымдарымен кездесіп, лаңкестік қаупінің алдын алу жайында әңгімелер өткізді. Мұндай шаралар барысында ҰҚК мамандары заң талабына сай қандай қауіпсіздік шаралары сақталуы қажеттігіне назар аударды. Сонымен бірге, лаңкестік әрекет орын алған жағдайда «110-жедел желісіне» хабарласу қажеттігі ескертілді.
Бұл бағытта сақтық шараларының қаншалықты деңгейде жүргізіліп отырғандығын білу мақсатында департамент мамандары эксперимент өткізген еді. 2018 жылы осындай экспериментке 86 нысан тартылды. Олардың 28-і мемлекеттік маңызы бар, 5-еуінің стратегиялық маңызы бар, 51-і адамдар көп шоғырланатын және екеуі қауіпті өндірістік нысандар. Тексеру барысында заң талаптарына сай сақтық шараларына жете көңіл бөлмеген 5 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды.
ҰҚК департаментімен өңірлік штабтардың дайындығын тексеру мақсатында антитеррорлық жаттығулар ұдайы өткізіліп тұрады. 2018 жылы осындай 5 оқу-жаттығуы өткізілді. Қолға алынып отырған осындай шаралардың бәрі өңіріміздегі діни экстремистік және лаңкестік қатерді барынша азайтуға игі ықпалын тигізуде.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар