Көкшетау қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Қымбат Мұстафина: «Тәуелсіз қазақ елінің әрбір сәтті қадамына қуанып отырамын!»

Көкшетау қаласының 195 жылдық мерейтойына орай, қашанда іскерлік пен қабілеттілік, сұлулық пен сымбаттылық тал бойынан табылған Көкшетау қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Қымбат Мұстафинаны әңгімеге тартып, оның өнегелі өмір жолынан сыр-сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

– Қымбат Қайыркенқызы, сіздің ұзақ жылғы ғибратты ғұмырыңыз кербез Көкшемен тікелей байланысты болды. Әңгімені осыдан бастасақ.
– Орынды сұрақ. Мен осы қасиетті Көкше өңіріне 1985 жылы 40 жасымнан келіп, еңбекке етене араластым. Өзім Еңбекшілдер қазіргі Біржан сал ауданының Құдықағаш ауылында дүниеге келіп, Кішкентай ауылында өстім. «Қыз бала – қонақ», деген мен де оқу оқығаннан кейін, Целиноград қаласының азаматына тұрмысқа шығып, үш балалы болып, сол жерде 20 жыл қызмет еттім. Адам болған соң өмірде неше түрлі тағдырды бастан кешіреді екенсің. Менің де басымнан қилы тағдыр өтті десем болады. Жан жарым кенеттен о дүниелік болған соң, компартия орталық комитетінің бұйрығымен Көкшетауға қоныс аудардым. Көкшетауға келгенге дейін Целиноград облыстық сауда басқармасының бірінші орынбасары болатынмын. Партияның адамы болған соң қарсылық қабылданбайды. Сауда министрінің бұйрығы бойынша шілде айында сол кездегі Көкшетау облысына келдім. Зымырап жатқан уақыт, міне, 35 жылға жуықтап қалыпты. Сол кезде Мақтай Рамазанұлы Сағдиев обкомның хатшысы болатын. Ол кісі маған «өз еліңде, өз халқыңа еңбегіңді сіңір, теріңді төк» деп ақ батасын берді. Әрине, жүрексіну болды. Балаларым жас. Жолдасым 45 жасында, әкем 52 жасында қайтыс болып кетті. Анам болса ауылда төрт баламен қалған. Жалғыздықтан қорыққаным жасырын емес. Өйткені, Көкше өз елім болғанымен бұл қалада мені байланыстыратындай ешкімім жоқ болатын. Соның бәрін еңбекпен жеңуге тура келді. Бірақ, мені бір жігерлендіргені Мақтай Рамазанұлының мына сөзі болды. Ол: «Сенің қорқам дегенің ұнады. Саудада достық жоқ, қорқа жүріп, адал жұмыс істеу керек. Өз еліңе қызмет қыл!» дегені. Ол бір қиын кезеңдер болатын. Кеңес дәуірінің ыдырап жатқан уақыты, өзімізден ештеңе шығарылмайды, барлық тауарлар шетелдікі. Қол жуатын сабын, кір жуатын ұнтақтар, балалар киімі, күнделікті тұтынатын заттар өте тапшы. Жауапкершілік жоғары болды. Соны сезінуге тура келді. Ол жылдар жай кеткен жоқ. Нәтижесін де берді. Тауар айналымын орындау оңай болмады. Сөйте тұра, барлық облыстарға қарағанда біздің Көкшетау облысының өресі өте биік болды деп мақтанышпен айта аламын. Сол тығырықтан шығу үшін, басқаша іс-әрекет жасауға тура келді. Ол үшін өзіміздің сауда саласының үздік мамандарын ұйымдастыра отырып, сонау Қытайдан бері Қиыр Шығыс, Молдавия, Украина, Ресейдің барлық облыстарына жіберіп, күнделікті халыққа қажет тауарларды жеткізіп отырдық. Бір есімде қалғаны, 1987 жылы нарықтық экономика бастала қойған жоқ, десе де сол кезде бір делегация Қытайға барып, тауар айырбас жасадық. Сол қиын-қыстау кезеңде орталық базар салынып, халыққа пайдалануға берілді. Тауарлардың жетіспеушілігінен көптеген ірі әмбебап сауда орындарының алаңын дұрыс пайдалану бағытында кондитерлік және каптелька цехтарын ашып, тұтынушыларды қажетті тауарлармен қамтамасыз етіп, дүкен сөрелерін толтырып жұмысты жалғастырдық.
– Осындай қиындығы мен жауапкершілігі мол жұмыстарды 1997 жылға дейін атқарғаныңызды білеміз. Сол жылдар аралығында Көкшетау қаласында көптеген әмбебап дүкендер, жабық базарлар, көтерме-сауда базалары бой көтеріп, мемлекеттік сауда саласына озық әдістер енгізуге атсалыстыңыз. Сізді халқыңыз қалай қабылдады? Осы жағына тоқталып кетсеңіз.
– Дұрыс айтасыз. Сол еңбектің бағаланғаны үшін де біздің облыстық сауда басқармасына республикалық орталық комитеттің ауыспалы Қызыл Туы табыс етілді. Ол туды біздің ұжым алты жыл қатарынан иеленіп, соңында облыстағы жемісті еңбегіміздің жеңісі ретінде біржола өзімізде сақталып қалды. Тұтынушыларға үлгілі қызмет көрсету саласында қол жеткізген бұл жетістіктеріміз республика, Кеңестер одағы бойынша кеңінен насихатталды. Орайы келгенде айтарым, Көкшетау өңірінде нарықтық экономика басталғанда алған білімім мен тәжірибемнің арқасында сол кездегі қыз-келіншектердің арасынан бірінші болып, алғашқы жекеменшік мекеме «Ынтымақ» фирмасын аштым. Сол кездегі жүрегімде қалған бір естелік, дәл жеміс-жидек шыққан кезде, оны жинап алғанмен қант болмай халық біраз әуре-сарсаңға түсті. 1992-1993 жылдары Бразилиядан отыз шақты вагонмен әкелінген қантпен Көкшетау өңірінің барлық елді мекендерін қамтамасыз еткенімді жылы еске аламын. Қажырлы еңбегімізді халқымыз барынша бағалады. Соның арқасында қалалық, облыстық кеңестің депутаты, Қазақстан компартиясы қалалық және облыстық комитеттердің мүшесі болып сайландым.1997-2003 жылдар аралығында Көкшетау облысы және Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары болдым. Тағы бір айтарым, 2000 жылы Көкшетау қаласы базарларынан салық жинау жөніндегі республика бойынша алғашқылардың бірі болып, арнайы бөлім құрдық. Біздің бұл қадамымыз қала бюджетінің кіріс бөлігін көбейтіп, одан түсетін салықтарды барынша толықтыруға ықпал етті.
1997 жылдары Көкшетау облысы Солтүстік Қазақстан облысына қосылды. Сол кезде жұмыс бабында көптеген ұсыныстар түсті. Бірақ, мен өзімнің туған халқыммен бірге болуды мақсат етіп, тұжырымды шешім қабылдадым. Ол шешіміме ешқашан өкінген емеспін. Сондықтан, кербез Көкшеде бүгінге дейін халқыммен бірге жасап келемін. Ал, зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін де облыстың және қаланың қоғамдық-саяси өмірінен қол үзбедім. «Nur Otan» партиясының жұмысына белсене араласып, сол жылдары Қазақстан Республикасының Президентін сайлау кезінде Н.Назарбаевтың бірнеше мәрте сенімді өкілі болдым. Ел игілігі жолындағы еңбегімнің еш кетпегені сол, көкшетаулықтар мені 2007 жылы қалалық мәслихаттың депутаты етіп сайлады. Сөйтіп, төртінші шақырылған Көкшетау қалалық мәслихатының сол жылғы тамыз айында өткен алғашқы сессиясында қалалық мәслихаттың хатшысы етіп бір ауыздан сайлады. Осының бәрі маған сенген халқымның арқасы.
Бүгінде «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10, 20, 25 жыл», «Астанаға 10 жыл», Қазақстан Конституциясына 10, 20 жыл» және тағы басқа оннан астам медальдармен марапатталғаным, 1984 жылғы «Сауда саласының үздігі» атағына ие болғаным, ел мүддесі жолында төккен тердің, қажыр-қайраттың қайтарымы деп білемін. Оған қоса өткен жылы ұлым Серікпен Мекке-Мәдинеге барып, мұсылманның бес парызының бірі – қажылығымды өтеп қайттым. Бұл да Алланың маған берген үлкен сыйы. «Тәубе», дегім келеді.
Тәуелсіз қазақ елінің әрбір сәтті қадамына қашан да қуанып отырамын. Көкшетауымның ерке қызы болып, еркін еңбек еттім. Жалпы, елін, жерін жан-тәнімен сүйген адам ғана оны көркейтіп, гүлдендіре алады. Осы орайда, Көкшетау қаласының әкімі болған Ермек Маржықпаевтың бүгінде облыс әкімі болуы ол үшін үлкен жауапкершілік болса, біз үшін зор мақтаныш. Бұл тұрғыда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әсіресе, қаладағы Абай, Ж.Тәшенов, М.Ғабдуллин көшелеріндегі тас жолдар кеңейтіліп, көпір салынып, жарқыраған самаладай шамдар мен басқа да Көкшетауға көрік берер мәдени орындар жанымызды жадыратады. Оған қоса, «Жансая», «Сарыарқа» сияқты шағын аудандар салынып, тұрғындар көңілінен шығып, көп балалы отбасылар мен тұрғын үй кезегінде тұрған жетім балаларға пайдалануға берілуде. Осының бәрі өңір басшысының туған еліне абыройлы қызмет етіп, халқымен бірге жасайтынының көрінісі деп білемін. Өйткені, соңғы төрт-бес жылдың ішінде қаламыз жедел өсіп, көптеген тұрғын үйлер салынып, көз тартар қуаныш сыйлауда. Сондықтан, қадірменді халқымды бүгінгі Көкшетау қаласының 195 жылдығымен құттықтай отырып, әр отбасына зор денсаулық пен мол бақыт, шүкіршілік пен имандылық тілеймін.
– Салиқалы сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *