Көкшетау қаласы 195 жылдығын тойлап жатыр

Көкшетау – көне тарих! Көкшетау – арыстар мен асылдардың көзі! Тәуелсіз Қазақстанның іргелі шаһары. Өзінің 195 жылдық мерейтойын көкшетаулықтар жаңа бір тыныспен, серпінді еңбекпен, көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев барлық көкшетаулықтарды жергілікті баспасөз арқылы мерейтоймен шын жүректен құттықтады.

Таңғы сағат 9 да «Көкше CITY» серіктестігінде болған облыс әкімі Ермек Маржықпаев өндірістік жаңа цехтың ашылу рәсіміне қатысты. Сондай-ақ, облыс басшысы «Зерек» балабақшасының ашылу салтанатына қатысып, Көкшетау қаласы бойынша алдағы уақытта да балабақшалар мен жаңа мектептер құрылысы кең көлемде жүргізілетінін айтты.

«Көкшетау» мәдениет сарайының алаңында «Қазақстанның үздік тауарлары» аумақтық көрме жәрмеңкесі қала жұртшылығына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл арада өз өңірімізде өндірілген сапалы тауарлар арзан бағамен сатылды. Осы көрмені аралап және облыстың тауар өндірушілерін құттықтап, ризашылығын білдірген облыс әкімі Ермек Маржықпаев облыс экономикасын одан әрі дамытудың жаңа мүмкіндіктері бар екендігін атап көрсетті.

«Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» атты салтанатты шарада сөз сөйлеген облыс әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласының әргі-бергі тарихынан ой толғап, тамаша адамдары жайлы ақтарыла сөйледі. Көп балалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» медальдармен марапаттап, сый көрсетті. Мұнан соң Көкшетау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бір топ  азаматтарына «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атағын берді. Сонымен бірге, Алғыс хаттар табыс етті. Салтанат соңы мерекелік концертке ұласты.

Мереке одан әрі жалғысып жатыр. Қазір «Құлагер» атшабарында ұлттық спорт ойындары, атжарыс болып жатыр. Ең тамашасы «Құрақ көрпе – Fest» шарасы жұртшылықтың зор ынтасын туғызды. Ұзындығы 16 шақырым болатын көкшетаулық шеберлер жасаған құрақ көрпе «Гиннестердің рекордтар» кітабына енді. Көпбалалы және әлеуметтік әлсіз топтарға жаңа пәтердің кілті тапсырылмақшы. Жастар шаралары да қызықты болмақшы. Кешке қарай Көкшетау қаласындағы Абылайхан алаңында өнер жұлдыздарының концерті болады.

(Мерекелік шаралардың толық есебін «Арқа ажары» газетінің алдағы сейсенбі күнгі санынан оқитын боласыздар).

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

 

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев

 Көкшетау қаласының 195 жылдығына орай  орталық саябақта өткен "Көкшетау- бақытты отбасы мекені" атты іс шараға қатысып,  бірқатар отбасына "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында пәтер кілттерін және сол күні шаңырақ көтерген жас жұбайларға неке куәліктерін салтанатты түрде табыс етті.

— Құрметті жерлестер!  Баршаңызды Көкшетау қаласының 195 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын.  Жыл басынан бері осы айтулы датаға орай облыс көлемінде 300-ден астам іс шара ұйымдастырылды.  Қаламыз күннен күнге дамып, құлпырып келеді.  Балабақшалар,  спорт және балалар алаңдары,  бизнес нысандары ашылуда.  Тұрғын үйлер салынып,  көше және жылу желілерін жөндеу жұмыстары жалғасуда. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Туған шаңырақтан алған тәрбие бұл барша халқымыздың табысты болашағының кепілі» деп атап өткен болатын. Бүгінгі «Көкшетау- бақытты отбасы мекені»  атты іс шарамыздың басты мақсаты осы ұлағатты сөздерде жатыр»-  деп атап өтті өңір басшысы.
Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарлама аясында 120 ақмолалық баспаналы болды.  Енді,  міне,  қала күні қарсаңында тағы да 195 тұрғынның пәтер кілтіне ие болғаны көңілге қуаныш ұялатады.
Салтанатты шарада облыс әкімі Ермек Маржықпаев жаңада шаңырақ көтерген Тоқпановтар,  Латыш, Сыздық отбасына және тағы бірқатар жас жұбайларға неке куәлігі мен  сый-сияпатты табыс етті.
Отау құрған жастар өңір басшысына ризашылықтарын жеткізіп,  естелік суретке түсті.
Бұл күні әсіресе баспаналы болған отбасылардың қуанышында шек болмады. Ақмола облысының әкімі мемлекеттік бағдарлама аясында облыс орталығындағы  Сарыарқа ышқам ауданында салынған жаңа көпқабатты тұрғын үйлерден пәтер кілттерін тұрғындарғатөз қолымен табыс етті.
Мұндай қуанышқа ие болғандардың қатарында Көкшетау қаласының тұрғыны Жанар Алпысбаева да бар.  Жалғызбасты ана 14 жылдай пәтер кезегінде тұрған екен.
Бізбен әңгімесінде ол барша жерлестерін мерекелерімен құттықтап,  облыс басшылығына ризашылығын жеткізді.

Венера Талғатқызы.

Көкшетау командасы жеңімпаз атанды

    Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласының 195 жылдық мерейтойы күні Краснояр селосының іргесінде орналасқан «Құлагер» атшабарында өткен ұлттық және халықтық спорт түрлері бойынша облыстық ХVІІІ «Құлагер» спартакиадасының ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ұлттық спортты насихаттап, халықаралық спорт мәртебесіне жеткізу қажеттігін айтты.

Мереке күні ауа тым ыстық болса да атшабарға ағылған адамдардың саны көп болды. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Рахат Қайдауылов басқаратын Көкшетау темір жол станциясы, «Көкшетау минералды сулары», «ЕНКИ» тәрізді кәсіпорындар киіз үй тігіп, жиналған жұртты тегін тамақтандырғанын айта кеткен ләзім. Сөйтіп, көңілдері мен қарындары тоқ жанкүйерлер түс ауа трибуналарға келіп жайғасты. 20 шақырым қашықтықтағы Аламан бәйгеге Нұр-Сұлтан, Қостанай, Екібастұз, Көкшетау мен Степногорск қалаларының, Біржан сал, Шортанды, Аршалы, Бурабай, Бұланды, Зеренді, Жарқайың, Жақсы, Ерейментау, Целиноград аудандарының сәйгүлік ерттеген шабандоздары қатысты. Жарыс жолына 22 ат қосылды. Ауыздықпен алысқан, шапқанда тұяғынан шаң ұшқан аттар бірден алға ұмтылды. Осы жарыста жанкүйерлердің көп болғанын айта кеткен ләзім. Олардың ұлттық спортқа деген сүйіспеншілігін бірден аңғардық. Шабандоздар жарыс жолын сегіз рет айналып өтті. Аламан бәйгеде «Каро» сәйгүлігін ерттеген қостанайлық Уәлихан Мамлыга өзгелерді шаң қаптырып, мәре сызығынан бірінші болып өтті. Бурабайлық Тимур Саннин өзінің «Сандрасымен» екінші орынды, «Буянды» ерттеген зеренділік Серік Кәрімжанов үшінші орынды қанағат тұтты. Жарыс жеңімпаздарына дүбірлі додаға тігілген 2 миллион теңгенің жүлдесі бөлініп берілді.

7 шақырымдық құнан бәйгеде Құлагерді ерттеген зеренділік шабандоз Әділбек Сабыржан өзгелерді шаң қаптырды. Екінші болып көкшелік Нұрболат Беріктің «Қарақұсы», үшінші болып сандықтаулық Ілияс Қадырбаевтың «Престижі» келді. Топ бәйгеде шабандоздар 16 шақырым қашықтыққа жарысты. Бурабай ауданынан келген Артур Саниннің «Каркас» деген аты өзгелерден оза шауып, 100 мың теңгені қанжығасына байлады. Бурабайлық Ілияс Орынбасаровтың «Баяны» мәре сызығын екінші болып қиды. «Кербезді» ерттеген көкшетаулық Берік Нұрболат үшінші орынды місе тұтты. Барлық жеңімпаздарға грамота мен бағалы сыйлық салтанатты жағдайда тапсырылды. Жалпы командалық бәйгеде зеренділіктер бірінші орыннан көрінсе, екінші, үшінші орындарды Көкшетау мен Степногорск қалаларының командалары өзара бөлісті.

Бұдан кейін жанкүйерлердің назары аударыспаққа ауды. Ат ерттеген білекті жігіттер өзара сайысты. Жарыс қорытындысында жекелей біріншіліктегі бірінші орын зеренділік Айнабек Сағиденовқа бұйырды. 60 келі салмақ дәрежесінде Зеренді ауданынан келген Расул Жусубалин, 70 келі салмақ дәрежесінде ерейментаулық Совет Асхат, 80 келі салмақ дәрежесінде целиноградтық Думан Сыздықов, 90 келі салмақ дәрежесінде шортандылық Айбек Қадыров, 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қорғалжындық Мадияр Асқаров мықты болып шықты. Аударыспақтан жалпы командалық жарыста бірінші орынды Шортанды, екінші орынды Ерейментау, үшінші орынды Қорғалжын ауданы жеңіп алды. Жарыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықты облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Әсет Бүкібаев, Ұлттық спорт мектебінің директоры Марат Қойшин мен Краснояр мешітінің имамы Науан қажы Мүтәлұлы табыс етті. Осы шарада аударыспақтан Қазақстан Республикасының спорт шебері атағы Қытай Халық Республикасында өткен Азиядада екінші орыннан көрінген Хамит Мерейханға берілді.

Үш күнге созылған көкпар жарысына Көкшетау мен Степногорск қалаларының, Ерейментау, Зеренді, Аршалы, Шортанды, Біржан сал, Бұланды, Целиноград аудандарының командалары қатысып, өзара сайысты. Жарыс қорытындысында ерейментаулықтар басым түсті. Целиноград пен Бұланды аудандарының командалары екінші және үшінші орынды місе тұтты. Теңге алуда да ерейментаулықтар ерледі. Сондай-ақ, Көкшетау қаласы мен Целиноград ауданының командалары өз ептіліктерін көрсетті. Жамбы ату жарысында зеренділіктерге тең келетін ешкім болмады. Целиноград ауданы мен Степногорск қаласының командасы да мерген болып шықты.

Облыс орталығының мерейтойында 90 асықшы өзара жарысты. Асық ату жарысында Көкшетау қаласының командасы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші, үшінші орындарды Қорғалжын мен Есіл аудандарының командасы өзара бөлісті.Бұл жерде Краснояр мешітінің имамы Науан қажы Мүтәлұлы мен Қараөзек ауылының имамы Оралбай Серғазинов асық ату жарысын дамытуға өз үлесін қосып жүргенін айта кеткен ләзім. Олар бұл ұлттық ойын жарысына өздері қатысып, жүлделі орыннан көрініп жүр. Мәселен, Дөңгілағаш ауылының 90 жылдық мерейтойында Оралбай Серғазинов асық ату жарысынан бірінші орынды, екінші орынды Науан қажы Мүтәлұлы жеңіп алды. Сондай-ақ, Науан қажы Мүтәлұлы осы тойда жілікті қаққа бөліп, 150 мың теңге жүлдеге ие болды. Оның 50 мың теңгесін садақа ретінде ауыл мешітіне бергенінің куәсі болған едік.

Тоғызқұмалақ жарысында көкшетаулық команда алға шықты. Целиноград пен Ерейментау аудандары екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Гир спортына 12 команда қатысып, сандықтаулықтар жеңімпаз атанды. Көкшеліктер мен целиноградтықтар екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Армреслингке 18 команда қатысты. Олардың арасында көкшеліктер мықты болды. Сандықтау ауданы мен Степногорск қалаларының командалары кейінгі орындарға жайғасты. Городки ойнында көкшелік команда басым түсті. Ойынның бұл түрінде Бурабай мен Аршалы аудандары жақсы көрсеткішке қол жеткізді.

Қазақ күресінің халықаралық дәрежедегі төрешісі Марат Қойшиннің айтуынша, екі күнге созылған қазақ күресі жарысына Егіндікөл ауданынан өзге Көкшетау мен Степногорск қалаларының, он алты ауданның командалары 55, 60, 66, 74, 82, 90,100 және жүзден жоғары салмақ дәрежесі бойынша қатысты. Әртүрлі салмақ дәрежесінде көкшетаулық Нұрыш Оралбек, ерейментаулық Ерхан Ғаббасов, ақкөлдік Нұржан Гирмеденов, сандықтаулық Рамазан Қуандықов, көкшетаулық Данияр Темірханов пен Әсет Жүнісов, аршалылық Бекзат Алтынбаев, целинонрадтық Бекбол Нұрланұлы бірінші орыннан көрінді. Қазақ күресінен жалпы командалық жарыста Көкшетау қаласының командасы бірінші орынды, Астрахан ауданының командасы екінші орынды, целиноградтық команда үшінші орынды жеңіп алды. 70 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі түйе палуандар жарысында көкшетаулық Данияр Темірхановтың мерейі үстем болды.

Қалалар мен аудандар арасындағы жалпы командалық жарыс қорытындысында 297 ұпай жинаған Көкшетау қаласының командасы жеңімпаз атанып, 6 кубокты қанжығасына байлады. 249 ұпай жинаған Зеренді мен 248,5 ұпай жинаған Целинорград ауданының командалары да екінші, үшінші орыннан көрініп, грамота мен кубоктарға ие болды. Сөйтіп, үш күнге созылған облыстық спартакиада ұлттық және халықтық спорттың қандай деңгейде екенін анықтап берді.

Рамазан ТІЛЕУОВ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

 

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *