Шөбі көптің – малы тоқ

Өткен маусым айындағы нөсер жауын пішеншілеріміздің жұмыс ырғағына сәл-пәл іркіліс келтірсе де, «Көктен иіп, жерден берсін» дегендей, топыраққа сіңген мол ылғал қоры табиғи шөптің ойлағандай жетілуіне жақсы септесті.

Сонымен қатар, жайылымдағы түлік қоңын да, шабындықтағы шөп қорын да барынша арттырды. Міне, шілде айы аптап ыстықпен басталса да, жаймашуақ ашық ауа райы фермерлерімізге, жекеменшік аула иелеріне қысқы мал азығын жиып алуға барынша мүмкіндік беріп тұр.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Владимир Мясниковтың ақпарына құлақ түрдік.
–Жалпы жоспарлы меже – 131020 тонна. Бүгінгі күнге, яғни, 11 шілдеге дейін 23900 тонна шөп әзірленді. Ауданымызда ірі қара ұстауға маманданған шаруашылық серіктестіктері мақсатты жұмысын қарқынмен жүргізуде,–дейді ол. Енді жекелеген құрылымдарға тоқталайық.
Ақсуат ауылдық округіндегі «Айзет Фармс» серіктестігінің иелігінде еттік бағыттағы 6500 бас қара мал күтіледі. Екі бригадада бүгінде шабындыққа шалғы түсірген. Белгіленген жоспары – 6000 тонна. Әзірленгені – 2000 тонна. Оған қосымша пішендеме мен сүрлем үйіп алуға ниеттеніп отыр. Маяға тасылған шөппен ішінара қолда күтілетін, бордақыдағы түлік те азықтандырылады.
Шалғышылар бригадасының иелігінде «Джон Дир» маркалы бір комбайн, тіркемелі төрт жатка, шөпті жинайтын, іле рулондап буатын 4 қондырғы, маяға таситын К-700 маркалы қуатты үш трактор, тіркемеге тиеп беретін екі шөп әпергіш бар. Алдағы тамыз айында алқап басынан фермаға пішендеме мен сүрлем тасуға КамАЗ маркалы 10 көлік те қосылады. Материалдық-техникалық әлеует көздеген мақсатқа жетуге толығымен мүмкіндік берері анық.

***
Ауданымыздағы жақсы санаттағы Новомарковка ауылдық округінің шаруалары да игі істен шет қалмауға, мал азығын уақтылы қамдауға ден қоюда. Негізінен, симментал тұқымды сүтті сиыр ұстауға ықылас танытқан «Жалғас Агро» серіктестігі, «Хамзе» шаруа қожалығы жалпы 700-800 тонна шөп үйіп үлгерді. Жуырда пішендеме дайындауға кіріспек ниетте. Алда 300 гектар алқаптың сүрлемдік жүгерісіне де кезек келеді. Алқаптың арамшөбін химиялық әдіспен өңдеу де назарда ұсталуда.
Осы округтегі тағы бір іргелі шаруашылық – «Жаңа Береке» серіктестігінде де маусымдық жұмыс қарқыны көш ілгері. Мал қыстатылатын орынға 800 тонна шөп үйілген. Игі іс әлі де жалғасуда. Сонымен қатар, 811 гектар пішендеме алаңы мен 200 гектар жүгері егістігінің түсім жиналымы алдағы кезеңнің еншісіндегі іс.
Жанар-жағар май және қосалқы бөлшекпен, еңбек құралдарымен қамтылым ретін жер-жердегі басшылар қауымы өздері ойластырып отыр. Әзірше бұл мәселе жағынан іркіліс, түйткілді мәселе сезілмейді.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Ерейментау ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *