Ел ардақтысы – Баубек батыр

Ұлы Абылай ханның ұрпақтары: Кенесары-Наурызбай сұлтандардың қазақ даласындағы арпалысқа толы өмірлері талай ақын-жазушыларды, тарихшыларды сан толғантқан тақырып. Соның ішінде олармен қатар өмір сүрген қанды көйлек қазақ азаматтары көп болғаны анық. Бұл туралы белгілі ғалым әрі тарихшы Ермұқан Бекмаханов, ұлы жазушы Ілияс Есенберлин көңіл аудартар көп дүниелер қалдырған.

Қарауыл елінің хас батыры Баубек жайлы ел аузында көп әңгімелер сақталып қалды. Кенесарының сүйікті батырларының ішінде Баубектің орны ерекше аталады. Жас азамат Кенесары сұлтанның қарауында өскесін еларалық шараларға көп араласты.
Қырғыз Алатауында болған ұрыста, кейбір қазақ батырлары мен төрелерінің сатқындығынан, ағайынды сұлтандар жау қолына түсіп қалып, содан елдеріне оралмағандары белгілі. Қырғыздың қаскүнемдігі өз алдына, қазақтың алакөз бақталастары ұлтазаттық көтеріліс кезінде одан бетер сатқындық әрекеттерге барған. Бұл теперішті жау қолынан құтылған Баубек Арқаға оралғанда бәрінен де көп басынан кешірді. Сол себептен ол, қазақ байсымақтарының көрсетуімен, Сібірдің Түмен қаласы төңірегіне жер аударылады. Топырақ та сол жақтан бұйырды.
2018 жылы Жақсы ауданында ұлы батыр құрметіне ғылыми-практикалық конференция және мәдени-спорттық шаралар өткізілген-ді. Бұл орайда, Көкшетау қаласының Мәлік Ғабдуллин атындағы
музей ұжымының атқарған ісі орасан екендігін айта кету орынды болар. Белгілі қазақ ақыны, аталмыш музейдің
жетекшісі Құдайберлі Рахымбекұлы Мырзабектің (суретте) ұйымдастыруымен «Баубек батыр өнегесі: Аңыз бен Ақиқат» атты ғылыми конференция өтіп, «Жақсының жақсысы – Баубек батыр» кітабының тұсауы кесілді.
Құдайберлі ақын сол үшін Омбы, Түмен мұрағаттары мен музейлерінде арнайы зерттеу жұмыстарын да жүргізіп еді.
Алқалы жиында көрнекті мемлекет қайраткері, «Ақмола-«Тіршілік» ЖШС директоры Жабал Ерғалиев батырдың өнегелі өмірі, бастан кешкен сындарлы шақтары, жалпы Кенесары көтерілісі туралы толымды пікірін айтқанын жұртшылық әлі ұмыта қойған жоқ.
Ресейдің Түмен шаһары маңындағы Қызылтау деген төбеде Баубек батырдың зираты орналасқан. Орыс-қазағы «Әулие тау» деп атап кеткен мекен көпшіліктің баратын қасиетті жері.
Ал, бүгінгі Жақсы ауданының жерінде Баубек батырдың құрметіне тұрғызылған кесене бар. Оны ұрпақтары «батырдың бармағы жерленген жер» деп түсіндіреді. Кесене тұрғызу себептері де соған байланысты екен. Аяқ-қолына кісен салынған кезде Баубек батыр елге қайтып оралмайтынын білгендей, бір саусағын өз ниетімен кесіп тастап кетті деген аңыз ертеден айтылып келеді.
Қазақстанның Нұр-Сұлтан шаһары іргесіндегі Қосшы ауылында да батыр есімі берілген көше бар. Ел тұрғындарының саны 50 мыңнан асқан бұл қалашықта ұлы баһадүрдің ұрпағы, қоғам қайраткері Қабиболла Шаяхметұлы Шаяхметов жиі болып, мәдениет және оқу ордаларында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, жиі игі шаралар өткізіп тұрады. Тарихи тұлғаның өміріне қанық жастар, студенттер мен кітапхана қызметкерлері Қабекеңнің айтқан әңгімелерін тыңдауға құмар.
Уақыт өткен сайын ұлы тұлғалардың ерліктеріне, өз уақыттарында атқарған ерен істеріне біз үлкен сүйіспеншілікпен қараймыз. Елім деп еңіреп өткен ерлердің ұрпақтары да сондай жаужүрек, биік рухты азаматтар болса екен деп армандайтынымыз тағы да бар.
Өткенді білген адам ғана болашақты болжай алады. Іргесі берік, көңілі шат елдер бұл мәселені үнемі назарында ұстайды. Қазақ та ұлы бабаларын үнемі мақтан тұтып келеді. Елдің іші-сырты мығым, ісі ілкімді болсын десек – бұл қағиданы әрдайым есімізден шығармағанымыз абзал.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның құрметі журналисі.

Нұр-Сұлтан қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар