Ақын өлеңі киелі тасқа жазылды

Зеренді ауданының әкімі Берікжан Әбутәліпов Көктерек ауылының маңындағы Әулие тасқа ескерткіш тақта орнату рәсіміне қатысып, бұл Әулие тас жақында ғана өңірдің киелі жерлерінің тізіміне енгізілгенін айтты.

Киелі әулие тас Зерендіден Көктерекке тартқан жолдың сол жағында орналасқан. Осы жерде аудан әкімдігі бір игілікті жиын ұйымдастырып, оған ауыл тұрғындары көптеп қатысты. Ауыл балалары қасында ойнап, қастерлеп сүйіп өскен аяулы Әулие тастың қабырғасына Зеренді ауданының құрметті азаматы, ақын-жазушы Қорғанбек Аманжоловтың «Әулие тас» деген өлеңі мәрмәр тақтаға жазылып орнатылыпты. Осы игі істі қолдап қуаттаған аудан әкімі өз сөзінде ел мен жердің қасиет-киесі, кенен тарихы туралы салиқалы ойларын жеткізді. Ауыл тұрғындары Ұлы Отан соғысына аттанған ауыл азаматтарын аман-сау оралсын деп Әулие тастан шығарып салған екен. Кейін ұзақ сапарға шығатын жолаушылар мен отау құратын жастар да осы киелі жерде бата алатын болыпты. Жиылған көпшілік бұл жағдайды ду қол шапалақтап, қуана қарсы алды.
Осы жақсылық жағдайға ұйтқы, мұрындық болып, жүзеге асырған Көктеректің тумасы, көкшетаулық кәсіпкер, Зерендідей жер шұрайлысының тұлғалы азаматы Жұмағұл Жолдықовқа шын жүректен алғыс айтылды. Алда да халықтың алғысын арқалай бер деп алғаусыз ақ тілек білдірілді. Кәсіпкер Әулие тастың басына келуші туристерге арналған үй салуға кірісті. Байғабыл Сүлейменов киелі жерге шырақшы болып белгіленді. Қазақтың жерінің бәрі қасиетті, бәрі киелі. Салтанатта сөз сөйлегендер туған жерде толайым жақсылықтар бола берсін теген жүрекжарды тілегін білдірді. Қорғанбек Аманжолов өз сөзінде Зерендінің қасындағы туған ауылы Көктеректе бұдан 57 жыл бұрын, өзінің тоғыз жасқа қараған шағында қайтыс болған әкесі Қалымтай Аманжолұлының қабір басындағы ескі үйін қоршағанын, ертеректе шетінеп кеткен тұңғыш қызы Жанар екеуіне құлпытас орнатқанын, құран бағыштағанын, сөйтіп, көптен бергі күпті көңіл орнына түскенін айтты.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Әулие тас

Ауылымның қасында Әулие тас,
Аңызындай өткеннің кәрия тас.
Қадым заман қалдырған қасиеттей,
Қормалына жұртымның хан ие тас.

Әулие тастың көп еді әңгімесі,
Әлімсақтан аймақтың мәңгі иесі.
«Әулие тас-ай, жарықтық!» деп күрсінсе,
Ақсақалды тербейтін жан киесі.

Бала жастан жанында ойнап өстік,
Бал дәуреннің қызығын тойлап өстік.
Әулие тастан әлдебір тылсым ұғып,
Есейгенде ойыннан ойға көштік.
Сонау соғыс көп қайғы ала келген,
Тауқыметін ана мен бала көрген.
Азаматым аман-сау оралсын деп,
Әулие тастан шығарып сала берген.

Әулие тастың қасында қара жол бар,
Қара жолдың құзырын бала да аңдар.
Қара жолдың қыдырын жолдас қылған,
Қам көңілді қапасқа қамағандар.

Жас жұбайлар осында шат болады,
Әулие тастың басынан бақ табады.
Жолаушылап алысқа кеткен жандар,
Әулие тастан бата алып аттанады.
Көктеректе қалдырып көктем елін,
Әулие тастан аттанып кеткен едім.
Қазығыма байландым кіндікпенен,
Қара жолдан ешқашан шеттемедім.

Әулие тастың киесін ырым еткен,
Айналып-ақ кетейін құдіреттен.
Жан сабатын жайлаймын әлі де осы
Жүрегімнен өшпейтін сүгіреттен!..

Қорғанбек АМАНЖОЛОВ,
ақын-жазушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар