Әр салада нақты нәтижеге қол жеткізілуі керек

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік мәжілісінде облыстың 2019 жылдың бірінші жартыжылдығындағы

әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттің орындалу қорытындылары шығарылып, алдағы міндеттер белгіленді.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аудан және қала әкімдері, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Әкімдік мәжілісінің күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев баяндама жасады. Ол экономиканың көптеген салалары бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілгендігін атап өтті. Әсіресе, облыс ауыл шаруашылығы саласындағы жеке көлем индексі бойынша республикада көш бастап тұр. Мұндай өсім өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларында да байқалады. Бөлшек сауда, көлік қызметі мен байланыс жүйелерінде де ілгерілеушілік бар.
– Өнеркәсіпте өндіріс көлемі 352,8 миллиард теңгені құрады. Азық-түлік өнімдерін өндіруде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім көрсеткіші артып, нақты көлем индексі 115,3 пайызға артты. Оның ішінде ет және ет өнімдері 96,1 пайыз, сүт 7,6 пайыз, ұн 15,2 пайызға өсті. Өнеркәсіп саласында подшипник, жүк автомобильдерін құрастыру, алтын, құрамында алтын және мыс бар кендерді өндіру көлемі ұлғайып отыр, – деді Қанат Дүзелбаев.
Сонымен қатар, басқарма басшысы кейбір өңірлер бойынша өнім, жаңа жұмыс орындарын ашу, негізгі қорға инвестициялар салу және құрылыс жұмыстары көлемінің кемуіне жол берілгенін атап өтті. Оның ішінде Бурабай және Астрахан аудандарында жалпы өнім көлемінің төмендегені тіркелсе, Бұланды, Ерейментау, Есіл, Жақсы аудандары мен Степногорск қаласында негізгі қорға инвестициялар салу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Ал, Ерейментау, Қорғалжын, Есіл, Ақкөл, Атбасар және Бұланды
аудандарында құрылыс жұмыстары сылбыр жүргізілуде.
Сол себепті, облыс әкімі Ермек Маржықпаев мәжілісте жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріндегі олқылықтар үшін бірқатар аудандар мен қала әкімдерін, басқармалардың басшыларын тұрғызып, себебін сұрады және әрқайсысына жіберілген кемшіліктердің орнын толтыру бойынша биылғы жылдың үшінші тоқсанында жұмысты күшейтуді тапсырды.
Облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасына аудандық және қалалық әкімдіктермен бірлесіп, әлеуметтік маңызды тауарларға бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде инвесторлар тарту бойынша жұмысты ширату да тапсырылды. Облыстық құрылыс, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының басшыларына өңір әкімдерімен бірлесіп, тисті салалар бойынша көрсеткіштерді жақсарту қажеттігін ескертті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен өңірлердің әкімдерінен шөп шабу жұмыстарының мерзімінде жүргізілуін талап етті.
Нұр-Сұлтан қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуін дамыту бойынша қолға алынған жалпы сомасы 10,3 миллиард теңгені құрайтын 10 жобаны жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді.
Ал, бюджеттің орындалуы туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтенов айтып берді. Оның айтуынша, бюджет көлемі 111 718 миллион теңгені құрады. Бюджеттің шығыс бөлігі 99,6 пайызға орындалды. Бұл – республика бо-йынша оныншы көрсеткіш. Дегенмен, кейбір әкімдіктер мен салалық департаменттер және басқармаларда бюджет қаржысының толық игерілмегені тіркелген.
Жиынды қорытындылаған Ермек Маржықпаев айтылған барлық мәселелер бойынша қолға алған жұмыстарды ширатуды, сондай-ақ, аудан, қала әкімдеріне, департаменттер мен басқармалардың басшыларына Үкіметтің кеңейтілген отырысында алға қойылған міндеттерді орындау бағытында әр сала бойынша нақтылы нәтижеге қол жеткізуді тапсырды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар