Жемқорлық қылмыс жасағандарға жұмсақтық болмайды

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының кезекті отырысында «Ақмола облысындағы жемқорлық қылмыстардың алдын алу шаралары туралы» мәселе қаралды. Іс-шараға қала, аудан әкімдері мен облыстық басқармалардың басшылары қатысты.

Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің басшысы Қуаныш Бекбасов осы саладағы атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндап берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы 7 міндетті белгілеп, құзырлы органдардың алдына нақты тапсырмалар қойған еді. Департамент өз жұмысында осы 7 міндетті басшылыққа алады. «Сыбайлас жемқорлықпен күрес қазір мемлекеттік маңызы бар мәселе болып отыр. Өйткені, жемқорлық адамдардың наразылығын туғызып, әлеуметтік жағдайды шиеленістіреді» дей келе, департамент басшысы жемқорлық қылмыс жасаған адамдардың лауазымы мен қызметіне қарамай, заң алдында қатаң жауапқа тартылатынын атап өтті. Мәселен, өткен жылы Зеренді ауданының әкімі М.Мұстафин өзінің орынбасарлары Мұқашев және Жақыповпен бірлесіп, 5 миллион теңге көлемінде пара алған жерінде ұсталды. Осы әрекеті үшін аудан әкімі 3 жылға, орынбасары Мұқашев 1 жылға бас бостандықтарынан айырылса, Жақыпов айыппұл төлеу түріндегі әкімшілік жазаға тартылды. Департамент басшысының айтуынша, өткен бір жылдың ішінде 83 жемқорлыққа қарсы қылмыс тіркелсе, олардың 73-і ауыр қылмыстар дәрежесіне жатады. Сондай-ақ, 72 көлеңкелі бизнесті қолдау фактісі анықталған.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесінің әрдайым назарда ұсталатынын, бұл салада босаңсуға болмайтынын атап өтті. Отырыс соңында оған қатысушылар әкімшілік ғимаратының бірінші қабатынан ашылған «Ақмола – адалдық алаңы» бөлмесін көріп, оның жұмысымен танысты.
«Ақмола – адалдық алаңы» биылғы жылдың қаңтар айынан бері қызмет етіп келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастамасымен құрылған бұл жобаның мақсаты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған жол бермеу. Мемлекеттік қызметшілер тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қатысты әрекет байқалған жағдайда кез-келген азамат осында келіп немесе телефон арқылы байланысып, хабарласуына болады. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы байланыс та жолға қойылған. Жыл басынан бері мұнда 278 адам хабарласып, жемқорлық әрекеттерге қатысты шағымданған және құқықтық кеңес алған. Барлық аудандар мен қалаларда жемқорлыққа қарсы күрес топтары құрылып, жұмыстар жүргізуде.
Қалкөз ЖҮСІП,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар