Шырайлы шаңырақ

2014 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Мерейлі отбасы» республикалық конкурсына көптеген отбасылар қатысып келеді. Биылғы астаналық бас қалада өткен конкурсқа жетпіске тарта отбасы қатысты. Конкурстық комиссияға лайықты үздік отбасын анықтау зор қиыншылық туғызды. Соған қарамастан, комиссия әрбір отбасын салмақтап қарап, ашық та әділетті қорытындысын шығарып, оны мамыр айының соңында жария етті. Осы шешім бойынша Дәуешовтар отбасы (суретте) жүлделі екінші орынға ие болды. Мұндай жетістікке жету елу алты жылға жуық уақыттағы отбасылық қажырлы еңбектің жемісі.

Отағасы Еркін Дәуешұлы өткен ғасырдың отызыншы жылдарының аяғында Ақмола облысының Ақкөл ауданының Амангелді ауылында шаруа отбасында дүние есігін ашып, қазақ мектебін бітіріп, педагогикалық институтты тәмамдағаннан кейін еңбекке араласты. Еңбек өтілі алпыс екі жыл. Осы уақытта алты елді мекенде еңбек етіп, мектеп директорының орынбасарлығынан аудандық білім басқармасының басшысына дейінгі дәрежеге жетті. Он жылға тарта уақыт аудандық партия комитетінің идеология бөлімін абыроймен басқарып шықты.
Отанасы Хамила Құлбекқызы Қарағанды қаласында туып, сонда мектепті де, институтты да бітіріп, жас ұрпаққа білім беріп, оларды тәрбиелеу сияқты қиын да абыройлы еңбек жолынан өтті. Сөйтіп, жұбайының қызмет орындарының ауысуына байланысты бұл кісі де алты мектепте елу екі жыл жемісті қызмет атқарды. Математика пәнінен сапалы білім беріп, сынып жетекшілігіне баса көңіл бөлуге тырысты. Бұл еңбегі ескерусіз қалған жоқ, «Қазақстан Республикасы білім саласының үздік қызметкері» атағына ие болды. Хамила Құлбекқызы сонымен бірге, күміс алқа иегері.
Ерлі-зайыпты Еркін аға мен Хамила тәте осылай бірге қызмет атқара жүріп, алты бала тәрбиелеп өсірді. Балалары Алматы, Қарағанды, Қазан қалаларының жоғары оқу орындарын ойдағыдай бітіріп, халық шаруашылығында жемісті еңбек етуде. Бірі ғылым докторы, екіншісі ғылым кандидаты. Әрқайсысының отбасы бар, ата-аналарына он немере мен бір шөбере сүйгізіп отырған бақытты жандар.
Еркін Дәуешұлының ел үшін еселі еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Бұл кісі «Құрмет» орденінің иегері, білім саласының үздік қызметкері, Ақкөл ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Мамандығы физика мен математика мұғалімі болса да, журналистика саласы сүйікті ісіне айналған. Басқа жұмыстардан қалт еткенде, қолына қалам алып, өмірдегі керек мәселелерді қаузайды. Ал, ол мақалалары, суреттемелері мен өзекті ойлары республикалық, облыстық және аудандық басылымдарда үзбей жарияланып, елдің көңілінен шығып келеді. Оның айғағы, Ерекең төрт естелік кітаптардың авторы. Онымен қоса, бұл кісі соғыс кезінде ұжымшарды басқарып, оны Ақмола облысындағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтың санатына қосып жүрген кезінде жалған жаланың құрбаны болып, он жылға сотталып, сол жақта қаза тапқан асыл азаматтың ақталуы туралы құжатты алуға да біраз еңбек сіңірді. Жерлесі, сталиндік жүйенің қуғынына ұшыраған жазушы-шежіреші Жайық Бектұровты еліне таныстыру және ол кісінің есімін мәнгілік есте қалдыру мақсатында Ақкөл қаласының бір көшесі мен қазақ орта мектебіне есімін бергізу жолында да он жеті жыл жұмыс жүргізіп, оң нәтижеге қол жеткізді.
Ерекең сексен жасқа тақап қалса да, әлі қоғамдық жұмысын тоқтатқан жоқ. Бүгінде Ақмола облысының мақтанышы, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың туған ауылының батырдың атына сай болуы жолында аянбай еңбек етуде.
Зайыбы Хамила Құлбекқызы да осы істерде жұбайына көмек жасай отырып, немерелерін ұлттық негізде тәрбиелеуге барынша ат салысып жүр. Тек қана осы жоғарыда аталып өткен істерінің өзімен бұл отбасы мерейлі отбасы атануға лайық екені байқалып тұрған жоқ па?! Сол жағы әділ түрде ескеріліп, осы бір өнегелі де мәуелі шаңырақтың «Мерейлі отбасы» байқауында мерейі үстем болғанына қуанамыз.
А. БАЗАРБАЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар