Кітапты сүй, кітаппен дос бол!

Көкшетау қаласының 195 жылдығына орай қалалық үлгілі балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен орталық саябақта «Әдебиет әлеміндегі демалыс» атты тағылымды іс-шара өтті.

Шараның негізгі мақсаты – қала тұрғындары арасында кітап оқуды насихаттау, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру. Балаларға шара аясында Серік Жетпісқалиев, Қуаныш Оспанов, Альбина Байковская сынды жергілікті ақын-жазушылармен кездесу ұйымдастырылып, жас өрендер сүйікті қаламгерлерімен әңгіме-дүкен құруға, олардың шығармашылығымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Сәбитова мен қалалық «Көкшетау» газетінің бас редакторы, ақын Серік Жетпісқалиев сөз алып, кітап оқу адамға рухани азық беретінін, жан дүниесін байыта түсетінін айта келе, шараға жиналған балауса балғындарды кітап оқып, жазғы демалыстарын тиімді өткізуге шақырды.
Целиноград ауданы №3 Талапкер орта мектебінің бастауыш сынып оқушысы Айбын Талғат ақын Қуаныш Оспановтың «Ауылдың баласымын» өлеңін жатқа айтса, облыс орталығындағы «Қарлығаш» балабақшасының тәрбиеленушісі Айғаным Ғалихайнар ақын Қайырбай Төреғожаның балаларға арнап шығарған «Балалы үй» атты өлеңін мәнерлеп айтып берді. Балғындар «Қойнауы тарих киелі мекен Көкшетау» атты көрмені тамашалап, көтеріңкі көңіл- күймен үйлеріне тарқасты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар