Уақыт тынысымен тыныстап, мәселелерді назарда ұстаймыз

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында жергілікті жерлердегі өкілетті органдарға, яғни, мәслихаттарға да үлкен міндеттер жүктелген. Оны біз, халық арасынан сайланған депутаттар жан жүректерімізбен жақсы сезінеміз. Арғы жылдары, сондай-ақ, былтыр халық қалаулыларының облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді шешуде атқарған жұмыстары бір төбе деп айтқым келеді.

Бүгінгі таңда елді толғандырған көптеген мәселелер біртіндеп шешіліп, тұрмысымыз бен әл-ауқатымыз жақсарып келе жатса, онда атқарушы органдармен бірге, осы өкілетті билік иелерінің де еңбегі бар екендігі даусыз. Мұны мәслихаттардағы әр қызметкер мен депутатқа байланыстыра отырып, ауыз толтырып айтуға болады. Осы ортақ іске азды-көпті үлесімді қосып келе жатқан мен де Ақмола облыстық мәслихатының депутаты ретінде облыстық мәслихатта депутаттық әдеп, заңдылық, экология және табиғатты пайдалану мәселелері бойынша тұрақты комиссияның төрағасы болып табыламын. Менің төрағалығыммен өткен уақыт аралығында комиссияның төрт мәжілісі өткізіліп, онда экология және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері сөз болды.
Тұрақты комиссияның бірінші мәселесі Сілеті су қоймасының экологиялық жағдайына арналды. Соның ішінде нақтырақ айтсақ, аталған су қоймасындағы балық ресурстары мен жан-жануарлар әлемінің жайы талқыланды. Тұрақты комиссия мүшесі Жанболат Кәмелиденовке Сілеті су қоймасы бойынша Степногорск қаласының тұрғындары бірнеше рет хабарласып, балық аулау мәселесіне қатысты сауалдар қойған болып шықты. Осыған байланысты мен депутат ретінде Сілеті су қоймасын өнеркәсіптік балық аулау аймағынан жоғарыдағы қала мен оның айналасын сумен жабдықтау мақсатында рекреациялық балық аулау аймағына айналдыру жөнінде сауал жолдадым. Осы мәселе бойынша су қоймасының өзіне сапар шегіп, қоғамдық жұртшылықпен және мемлекеттік органдармен аталған мәселені талқылауға қол жеткізілді. Одан әрі осы қалада жергілікті атқару органдарын, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдерін тарта отырып, көшпелі мәжіліс өткіздік. Осындай жұмыстардың нәтижесінде қазіргі уақытта Сілеті су қоймасы өнеркәсіптік балық аулау аймағынан шығарылды.
Сол жолы осы мәжілісте Ақмола облысындағы экологиялық жағдай және табиғат қорғау шараларын іске асырудың жайы туралы мәселе де қаралды. Жалпы, әңгіме қоршаған орта туралы болғандықтан, үшінші мәселе ретінде Аршалы ауданының осыған қатысты проблемалары да талқыланбай қоймады. Оның барысында тұрақты комиссия бұл ауданда экологиялық жағдайға тиісті бақылау жасалмайтындығын атап өтті. Әсіресе, аудан орталығында қиыршық тас өндіретін карьерлердің өнімдерін тасымалдайтын ауыр көліктердің қозғалысына байланысты әттеген-айлар көп. Атқарушы және өкілетті органдардың өзара жеткіліксіз іс-қимылынан жолдар сапасыз күйге душар болуда.
Біздің тұрақты комиссияның мүшелерін облыс аумағындағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу және онымен күресу мәселелері де толғандырмай қоймайды. Кезекті бір отырысымыз осы мәселеге арналуы тектен-тек болмаса керек. Айталық, 2018 жылдың 11 айында облыс бойынша жол-көлік оқиғалары өткен жылмен салыстырғанда, 11,7 пайызға артқан немесе былтырғы 436 оқиғадан 487 оқиғаға дейін көбейген. Бұларда қаза тапқандар саны 107 адамнан 85 адамға немесе 20,6 пайызға азайғанымен, жарақат алғандар саны 675 адамнан 687 адамға немесе 1,8 пайызға өсіп отыр. Республикалық маңыздағы жолдарда жол-көлік оқиғаларының 25 пайызға көбейгендігі, соның ішінде қаза тапқандар саны былтырғыға қарағанда 5 адамға көбейгендігі тағы алаңдатпай қоймайды. Айта берсе, жол-көлік оқиғаларының көп жасалатындығы, одан қауіп-қатердің де молайып отырғандығы туралы мұндай мысалдарды әрі қарай да келтіре беруге болады.
Осының бәрі халықтың өзге бөлігімен бірге, депутаттарды да алаңдатпай қоймайтындығы анық. Ал, енді мұның себебіне келсек, жүргізушілер арасында тәртіп пен біліктіліктің төмендігі, жылдамдықты шамадан тыс арттыру, алды-артына қарамай, қарсы бағытқа шығып кету, ең сорақысы, арақ ішіп алып көлікке отыру сияқты факторлар мен мұндалап тұр. Комиссия отырысы алдында анықталған деректерге сәйкес, 2018 жылы жол қозғалысы ережелерін бұзудың 93595 оқиғасы тіркелсе, оның 2230-ы жоғарыда біз айтқан сол ішімдік ішіп рөлге отырудан болған екен. Ал, 1496 жол ережесін бұзу оқиғасы жаяу жүргіншілерді өткізбеуден орын алған.
Тұрақты комиссияның мәжілісі өтпестен бұрын құрамында облыстық, аудандық мәслихат қызметкерлері, депутаттар және облыстық полиция департаментінің инспекторлары болған арнайы жұмыс тобы Көкшетау қаласы мен Біржан сал, Бурабай аудандарындағы жолдарға шығып, осы мәселелердің төңірегінде біраз жайларға қанықты. Онымыз отырыс барысында да көп олқылықтардың бетін ашып, осал тұстарымызға көзімізді жеткізе түсті.
Жоғарыда атап өткенімдей, Ақмола облыстық мәслихатының сессияларында Мемлекет басшысының Жолдауларында және басқа да бағдарламалық мақалаларында алға қойылған міндеттердің орындалуы-
на көп көңіл бөлінуде. Айталық, есепті кезең ішінде барлығы 9 сессия өткізіліп, оның барысында 120-дан астам шешім қабылданды. Оның ішінде денсаулық сақтау, білім, елді мекендерді көгалдандырып, көркейту, жергілікті полиция қызметінің жұмысы, жер реформасы, елді мекендер мен көшелердің атауын өзгерту сияқты көптеген өзекті мәселелер бар. Жер демекші, сессияда өндірістік ресурстарды неғұрлым тиімді пайдалану үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдері мөлшерінің жоғары шегі белгіленді.
Тұрақты комиссияның төрағасы ретінде тағы бір айтарым, жеке адамдарды қабылдау мәселелеріне де жауапкершілікпен қарауға ұмтылдық. Өткен кезеңде осылайша 12 адамды қабылдап, оған қоса, 12 жазбаша өтініште айтылған жайларды оң шешуге күш салдым. Соның бірі – өз жеке қаражатымыздан Көкшетау қаласы тұрғындары үшін 3 workout алаңды орнатып беруіміз болды. Осы ретте, өзімнің тікелей депутаттық өкілеттіктерімді атқарумен бірге, бірқатар консультативті қоғамдық органдардың құрамына кіретінімді де айта кеткім келеді. Олардың арасынан «Нұр Отан» партиясы сайлау алдындағы платформасының «Білім» бағыты бойынша сараптамалық тобының аймақтық кураторы, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау және дамытудың Бірыңғай бағдарламасының Ақмола облыстық әкімдігі жанындағы аймақтық үйлестіру кеңесі комиссиясының мүшесі, Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесінің төрағасы, облыстық жер комиссиясының мүшесі сияқты қоғамдық жұмыс түрлерін атап өтуге болады.
Біздер, депутаттар мүмкіндігінше қоғамдық шаралар мен қайырымдылық акцияларына да қатысып, тұрмысы төмен отбасыларына, балалар үйлеріне, мектептер мен бала бақшаларына да қолымыздан келген көмегімізді көрсетіп тұрамыз. Осы тұрғыда көрсетілген қаржылай көмек өткен жылы 20 миллион теңгеден асып кетті. Бұл көмек-қолдау алда да көрсетіле бермекші. Өйткені, заман ағымымен тыныстап, қоғамның, халықтың ортақ шаруасының бір жағынан шығысу біз үшін басты парыз.

Әсен ЖАҚСЫЛЫҚОВ,
Көкшетау қаласындағы №2 сайлау
округі бойынша Ақмола облыстық
мәслихатының депутаты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *