Шаруасы берекелі Күлжан

Үкімет тарапынан түрлі жеңілдікті дұрыс пайдаланып, кәсібін өркендетіп жүрген шағын шаруашылықтардың бірі – Күлжан Баянаева жетекшілік ететін «Қара найза» шаруа қожалығы. Азат ауылының аумағында орналасқан шаруа қожалығы өз жұмысын 2002 жылы бастаған.

«Мал баққанға бітеді» дегенді бұрынғылар бекерге айтпаса керек. Оның төркіні қыс айларында күннің ызғарына қарамай, жаз айларында малдың ауру-сырқауымен алысатын бақташы тірлігінің қиындығын тұспалдайтындай. Соңғы жылдары шалғай ауылдардағы ағайынның еңсесі көтеріліп, етек-жеңін жинай түскендігі көпшілікке мәлім. Олар мемлекет тарапынан берілетін барлық мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысуда. Біреу мал бақса, екіншісі құс өсіріп, дәнді дақылдар өсіретін шаруа қожалығы шаруасының өрге басқаны көңілге қуаныш ұялатады.
2002 жылдан бері шаруашылық өз күшімен бірқатар ауқымды жұмыс атқарды. Қирап қалған мал қораларын қалпына келтірді. Астық сақтайтын қойма, автотұрақ, шеберхана, су жылытатын қондырғы, қоймалар тәрізді қажетті өндірістік нысандар мен шаруашылықта еселі еңбек ететін 8 отбасы үшін тұрғын үйлер салды. Алғашында шаруалар 200 гектарға дәнді дақылдар сеуіп, мол өнім алды. Қожалық басшысы еңбеккерлердің қыс айларында жұмыссыз отырмауы үшін 2005 жылы мал шаруашылығымен айналыса бас-тады. Қазір шаруашылықта ет бағытындағы 290 бас ірі қара, оның ішінде Әулиекөл тұқымдас 80 бас ірі қара, 500 қой мен ешкі, 190 бас жылқы бағылады. 7 мың гектар жайылым жер мал басын көбейтуге мүмкіндік беріп отыр. Мұнда жеткілікті көлемде азықтық және өзге де дақылдар өсіріледі. Еттің сапасын арттыру мақсатында мал азығын дайындайтын арнайы орын ұйымдастырылды. Сағатына 1,5 тонна бидай үгітетін қондырғы сатып алынды. Сондай-ақ, бір күнде 10 бас ірі қара соятын қазіргі заманғы қасапхана салынды.
2009 жылы шаруа қожалығы «Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» бағдарламасы бойынша екі мемлекеттік грант ұтып алып, модульдік қасапхана үшін тоңазытқыш пен арнайы автокөлік сатып алды, астық қоймасының құрылысын жүргізді. Осы жылы «Қара найза» шаруа қожалығы Азат ауылындағы 5 шаруа қожалығының басын қосып, ауылдық тұтынушылар кооперативін құрды.
Мұндағы мақсат – мүліктік және пай жарналарын біріктіру арқылы оның мүшелерінің материалдық және өзге де қажеттілігін қанағаттандыру. Бұл кәсіпорынның артықшылығы «Аграрлық несиелік корпорация» акционерлік қоғамының жеңілдікпен несие беруінде болып отыр. Несие есебінен механикаландырған қырман салынды. Қостанайда жасалған астық тазалайтын машина, екі астық үрлегіш, астық өңдейтін кешен, егіс алқабын химиялық әдіспен өңдейтін қондырғы, трактор, комбайн және өзге де техника сатып алынды. Астық тазалайтын алаңның аумағы қоршалды.
Егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысу шаруа қожалығын банкротқа ұшыратпайды. Астық шықпаған жылдағы шаруашылық жағдайын мал шаруашылығы құтқарады. Астық мол шыққанда мал басын да көбейтуге болады. Шаруа қожалығы жыл сайын мал бордақылап, 10 тонна ірі қара, 15 тонна қой, 25 тонна жылқы етін сатады. Күлжан Баянаева ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, Азат ауылындағы әртүрлі шаралар мен спорт жарыстарына демеушілік жасайды.
Мал басы төлі есебінен көбейген жеке шаруашылықтың тұрмыс-тіршілігі ойдағыдай десек болады. Бүгінгі таңда мал қыстату науқаны ойдағыдай өткізілуде. Арқадағы саршұнақ аяз бен алай-дүлей боранның қамын жайдары жазда күйттеген «Қара найза» шаруа қожалығы бұл тұрғыда барынша ыждаһаттылық танытуда. Қожалықта Азат ауылының 20 тұрғыны тұрақты еңбек етеді. Еңбекақы уақытында төленеді. Еңбеккерлерге арзан бағамен ет, ұн, шөп, отын мен көмір төленеді. «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. Қаншама жылдық бейнеттің зейнетін көріп, адал еңбегінің несібесін татып отырған «Қара найза» шаруа қожалығының жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Ақкөл ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *