Цифрлық телевизия хабары тегін таратылады

Цифрлық эфирлік телехабар таратуға (ЦЭТТ) көшу –«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясындағы әлеуметтік мемлекеттік жоба.

Оның басты мақсаты – қала мен ауылдың әрбір тұрғынына отандық телеарналарға тегін қолжетімділікті қамтамасыз ету.
Бүгінгі таңда цифрлық эфирлік хабар тарату қазірдің өзінде ел халқының 83 пайызын қамтып үлгерді. 446 радиотелевизиялық станция (РТС) салынып, жаңғыртылды. ЦЭТТ-мен қамтылмаған елді мекендер OTAU TV ұлттық жерсеріктік телевизия-
сына қосылады. Өткен жылдың күзінде Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының тұрғындары цифрлық хабар таратуға көшіп, қазіргі кезде отандық арналарды тегін көруде.
2019 жылдың маусымында жаңа пішімге Павлодар, Қостанай және Алматы облыс-
тары көшеді. 2020 жылдың аяғына дейін Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Атырау, Қызылорда облыстары қосылады. Ал, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облыстары, Астана және Алматы қалалары цифрлық хабар таратуға 2021 жылы өтеді. Осылайша мемлекет қала мен ауыл тұрғындары арасындағы ақпараттық теңсіздік проблемасын шешеді.
Бұл дегеніңіз, бұған дейін 4-5 қазақстандық телеарна көріп келген ауыл халқы енді 15 шақты телеарнаны тамашалайды деген сөз. Ал, облыс орталықтары мен оған жақын маңдағы елді мекендерде дыбыс пен бейнені цифрлық сапада көрсететін 30 шақты телеарна қолжетімді болады.
Бұл үшін халыққа қымбат тұратын жерсеріктік «тәрелкелерді» орнатып, абоненттік төлем төлеу қажет болмайды. Әркім өз теледидарын қарапайым дециметрлік антенна мен цифрлық сигнал қабылдайтын жабдықтың (ресивер) көмегімен цифрлық эфирлік хабар таратуға қосса, жетіп жатыр.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *