Өнердегі өшпес із иесі

 

Моңғолияның батысын мекендеген Баян-Өлгей қазақтарының ішінен қаншама дарын иелері туып шықты. Ел бастаған көсемдер, қол бастаған батырлар. Социалистік Еңбек Ерлері, Еңбек сіңірген қайраткерлер, сөз бастаған шешендер және өнер қайраткерлері. Солардың бірі өнер қайраткері, Моңғолия қазақ жазба әдебиетінің, ұлттық театрдың негізін салушыларының бірі, жазба және айтыс ақыны, драматург Ақтан Бабиұлы деп жазады моңғолиялық зерттеуші-ғалым журналист Шынай Рахметұлы. Ақаңа ақындық өнер бала жасынан қоныпты, нағашы ұлы атасы Төлебай Бөжекұлы осы жиенім келешекте керемет ақын болады деп еркелетіп өзінің өлеңдерін жаттатып жүрсе, өз шешесі Кәріпжан Жақияқызы суырып салма ақын болыпты. Оның дәлелі 1915 жылы Қара Оспанның ауылында үлкен той болып, сол тойда Семей жерінен келіп сауда жасап жүрген Әттембет деген ақын домбырасын қолына алып менімен айтысатын ақын бар ма? – деп жар салады. Бұл сөзді естіген Оспан Буыршынның Көксін тауының бөктеріндегі Ақшағылда отырған немере келіні Кәріпжанды қос ат жіберіп алдыртады.

Әттембет: – Семейдің шықтым биыл қаласынан,
Дәм таттым ұлы Керей баласынан.
Сауда жасап ала жаздай таныс болдым,
Керейдің Оспан деген данасына
Отырған ұлы Алтайда Абақ керей,
Бақ қонған азаматқа үлкен мерей.
Кәріпжан ақын болсаң бері келші,
Аңсап жүр Әттембетің айтыс көрмей.
Кәріпжан: – Әттембет молда емес дуанасың,
Көргенде қыз қатынды қуанасың.
Күндіз түні қыз-қатынға жүгірем деп,
Бұтыңнан тоз құрақтай суаласың.
Әттембет сайтанбысың, сағымбысың?
Бұл жерде сайтанға ұқсап неғып жүрсің?
Шариғат ойда дейсің, құран қолда,
Қылжақтап қыз-қатынды бағып жүрсің.
Әттембет: – Өлеңнен жұтаған ба Керей елі?
Айтысар ақыныңды әкел бері.
Алашқа атым шыққан Әттембетпін,
Арғынның алға ұстаған ардагері.
Кәріпжан: – Арғы атам бақыт қонған Абақ керей,
Бақ қонса азаматқа үлкен мерей.
Арғыннан керей өлең сұрамайды,
Баса ки, бөрігіңді едіреймей.
Әттембет: – Әріптес сөз аяғын отыр тосып,
Келеді көмейімнен өлең жосып.
Керейдің жарыстырар аты жоқ па?
Бәйгеге отырғаны байтал қосып.
Кәріпжан: – Әттембет сұм екенсің құдай ұрған,
Құшақтап қу ағашты өлең қуған.
Байталды сен қалайша кемітесің,
Байталдан арғымақта, тұлпар туған.
Әттембет жүрген болсаң ажал айдап,
Өлеңмен қол аяғын берсем байлап.
Болсаңда жеті тілді жеңбей қойман,
Өлеңім жаңа келді Опатайлап.
Әттембет: –Анадан жасырмаймын туғанымды,
Өлеңді ақындықпен қуғанымды.
Шырағым кім боласың жөніңді айтшы,
Шақырдың Опатайлап ұраныңды.
Кәріпжан: – Әттембет қырт екенсің ақын десем,
Опатай өлеңші екен ұлы шешем.
Ағасы аты шыққан ер Құнанбай,
Тобықты руы екен сұрай берсең.
Баласы Құнанбайдың Ибраһим,
Артықша зейін берген бір құдайым.
Жауындай өлең жырын нөсерлетіп,
Тамызған таңырқатып сөздің майын.
Қаласың мен сөйлесем жүйең босап,
Тартыппын нағашыма менде ұқсап.
Арғынның ардагері ақын десем,
Арбаның аты екенсің сабан құрсақ.
Бұдан шешесінің керемет ақын екенін аңғаруға болады.
Ақаң бала күннен өзі өлең шығарып айту мен қатар Абай, Төлебай, Бықыш, Бұтабай және басқа да ақындардың жыр термелерін жаттап жиын тойда айтып жүретін болыпты. Сол кездегі қоғамдағы қолайсыз жәйттерді, алым салықтың көбеюін жырына арқау етсе керек. Он төрт жасында Ұмсұмдық деген әйелмен айтысып жеңгені үшін әйелдің туыстары намыстанып соққыға жығады. Бұдан болып жүрегі мұқалмайды ширай түседі. Ақаңның ақын болуына байланысты мынандай бір аңыз бар деседі, бала күнінде көшіп келе жатып далаға түнейді ұйықтап кетсе керек, үлкен ақ киімді кісі көген аласың ба? Өлең аласың ба? – деп сұраса ойланбастан өлең аламын деп ояна келсе ешкім жоқ, жол бойында дем алып жатыпты. Тәуекелшіл өз қажыр-қайратын бағалай білетін намысшыл адам екен. 15 жасында Біләл деген ноғайға жалданып жүріп, одан арабша хат таниды, байлар мен билер шақырып хат оқытып, өлең айттыратын болған. Бір үзілісте атын суарып ағаштың тасасында отырса өзеннің арғы жағынан су алуға екі қыз келеді, біреуі суын алып екіншісін күтеді, келмеген соң Хазиза жүр кетейік, бүгін күйеуің келмекші ме еді – дейді. Мұны естіп қалған Ақтан:
– Шөбің қурай Кендірлік, жерің құмай,
Сылдыр суың сарқырап аққан құлдай.
Екі жастың тілегін берер болса,
Шын тілегім қосар ма саған құдай.
Хазиза: – Әлде пер құдай-ау, әлде жын ба?
Адам болсаң бұл айтқан сөзің шын ба?
Дидарласу адамға бір ғанибет,
Алтын жүзің көрейін келші мұнда.
Ақтан: – Қалам алдым қолыма қара сия,
Мәуелі ағаш басына бітер ұя.
Дидарыңды көруге менде құмар,
Екі ортамыз қайтейін граница.
Хазиза: – Келе алмаған бұл керей, кете алмаған,
Жалғыз аттам бұлақтан өте алмаған.
Қыз да болсам сертіме жетер едім,
Жігіт болып сөзіне жете алмаған.
Қыздың сөзіне намыстанған Ақаң судан киімшең өте шығады, бұл екі елдің шекарасы екен күзетте тұрған әскерлер ұстап алып түрмеге қамап мән жайды тексереді. Мәселе анықталған соң арнайы төрешілер сайлап ақындарды айтыстырады, «Қиғай-ау қалқаш, Хазиза-ау» әні сонда шыққан деп Ақтанұлы Мәдениет айтып еді. Бұдан бірнеше жыл өткенде Мардан деген жігітке күйеу жолдасқа еріп барып Ақбала деген қызбен айтысады бұл жөнінде жазушы Махфуз Құлыбекұлы айтыс Алтайдың шығысындағы Жайыр деген жерде Мамырбек төренің ауылында болған еді, Ақбала арабша көп оқыған, ойы алғыр, сөзге шешен, суырып салма ақын екен деп жазады. Өлеңге жаны құмар Ақаң өз өлеңдерін 1913 жылдан бастап төте жазумен қағаз бетіне түсіріпті дейді баласы Айман және өмір бойы әкесіне хатшылық жасап арабшадан кириллицаға аударып отырғанын айтады. 1925 жылы шешесі Кәріпжан, Ақтанды Қонтыбай молданың қызына үйлендіреді. Алтайдан Қобда бетіне көшуі біріншіден байларға жалданып сауда жолымен Моңғол жерін көрген болса екіншіден қуғынға түсуі себеп бопты. Ел ішінде болған қолайсыз жайларды өлең етіп халыққа жариялап отырған, осы қылығы үшін Әз залың Гоминданға ұстап беріп түрмеге қаматып көзін жоймақ болады және де залыңның екі өгізін ұрлады деген жала қосады. Бұл сөзді естіп қалған туыстары саған қауіп төнді енді көшкеннен басқа жол жоқ дейді. Қырықтай қара шобыр түнде жүріп, күндіз тығылып шекараға жеткенде қуғыншылар қуып жетіп, адамдарын өлтіріп, үйлерін өртеп кетеді. Ақаң ауыр жаралы әйелімен бір баласы аман қалады. Бұлақ басына тынығып жарасын таңып біраз күн аялдап ұрланып шекара асып Моңғолдағы туыстарына жетеді. Мұнда тәртіп қатты екенін айтып заставқа апарып тапсырады олар тексере келе еліне қайтару дұрыс деп көріп шекараға әкеліп Қытай еліне асыңдар деп қайтады. Онда барғанмен жақсылық болмасын біліп, үш дүркін келіп, үш дүркін қуылып жүріп Дайын көлінің жағасымен асып келіпті. Жағдайды түсінген ауыл адамдары біраз уақыт тығып ұстайды. Ақыры ақылдасып арыз жазып өз еркімен берілсін деген ұйғарымға келеді. Өз еркімен барса да қатаң бақылаумен 250-дей шақырым Қобда аймағына атпен жеткізеді, мұнда біраз тексеріп мың жарым шақырым алыс ел ордасы Уланбаторға ПЛУ деген машинамен жеткізіп мән жайды толық тексереді, арасында бір рет шекара асып тапсырма орындап келеді, осы күрделі жолдарды бастан өткізіп Моңғол елінің азаматы атандым деп тарихында баян етіп «Отыз бес» деген өлеңін жазыпты. Яғни, Моңғолияға келіп орналасқан жасы. Шынай Рахметұлы «Ғұмыр-тарих» кітабында Аққол, Уланхус, Өлгий, Өмөнголды мекендеп 1935 жылы Шеруші әулиетінде сауат ашу үйірме меңгерушісі, 1936 жылы Аққолда 4-бақ әкімі, 1940 ж. аймақтық клубты орнатып, меңгерушісі, драматург, режиссер, актеры болған деп жазады. ҚСЭ 1-томында Ақтан МХР-ның Еңбек сіңірген қайраткері 11 жасынан өлең жазуға әуестенген. Өлеңі 1940 жылдан Баян-Өлгий аймақтық «Өркендеу» «Жаңа өмір» газеттерінде, «Жаңа талап» журналында жариялана бастаған, 1957 жылы баспадан қазақ тілінде, Уланбаторда моңғол тілінде шықты. 1960, 1965 жылдарғы «Бүркіт» поэмасы мен «Жамал», «Ермалай» пьесалары шығармасының елеулі табысы, туындысының басты тақырыбы – әйел теңдігі, туған жер, Отан, жаңа заман, Халықтар достығына арналған. МХР Үкіметі «Алтын жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және басқадай орден, медальдармен марапаттағаны баяндалады. Ақаңмен Нұрхия ұрпағы өскен үлкен орда. Балалары Тәуелсіздік алған жылдары Ата-жұртқа оралып, Ақмола облысының аудандарын қоныстануда. Өзі 76 жасында, ал, Нұхаң одан кейін дүниеден өтеді. Ақынның хаты өлмейді демекші артында мол мұра қалдырған ақын, «Бүркіт», «Жасыл шың», «Өлеңдер поэмалар», «Өмір өткелдері» қатарлы кітаптың авторы, еңбегі моңғол, орыс және басқа ұлт тілдеріне аударылыпты. Саятшылық өнері де болған қыс айларында күрең атына мініп, бүркітін алып тауға шығу дағдысы дейді көз көрген жолдастары. Ақынның шығармасына Д.Сэнгээ, Л.Түдэв,
Л.К Герасимович, Х.Тастанов, Б.Бааст, Қабидаш Қалиасқарұлы, Махфуз, Ж.Қуанған қатарлы көптеген ақын-жазушылар өз лебіздерін білдірген. Б.Явуухулан «Бүркіт» поэмасы монғол поэмасының Жасыл шыңдарының бірі екені күмәнсіз деп жазған. Ақаң көптеген ұлы тұлғалармен дидарлас болыпты, МЖО одағының басшыларымен, 1966 жылы академик жазушы Сәбит Мұқановпен Өлгий қаласында кездесіп ұзақ уақыт кеңеседі. 1969 жылы Қазақстан ЖО-ның бастығы Жұбан Молдағалиев Баян-Өлгий аймағына келген сапарында Ақаңа Сәкен Сейфуллиннің 75 жылдығына арналған бейнесі бар медаль тапсырыпты. Құрманхан Мұхамәдиұлы екеуі жас айырмасы болса да көп жыл шығармашылық салада бірге қалам тербегендер, бұл жөнінде Ақаң:
Уа қарағым Құрмашым,
Ақылдасым сырласым,
Қалаулысы халықтың,
Мың менен тең бір басың –
деп жоғары бағалаған. Баян-Өлгий аймағындағы музыкалық драма театрына М.Құрманханның есімін берсе, сол қаладағы Орталық кітапхананы Б.Ақтанның атымен атауға шешім шыққаны еңбегі сіңген азаматтарын еске сақтаудың бір жолы болмақ. Ақаң артында өшпес ізі қалған өнер қайраткері.
Әдебиет Байдолдаұлы.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар