«Жайылымдар туралы» заңды орындау – уақыт талабы

Ата-бабамыздан қалған ұлан-байтақ жер бар болса да, ауыл тұрғындарының мал жаятын жеріміз жоқ деген сөздерін бұқаралық ақпарат құралдарынан да, өңір-өңірді аралаған кезде де жиі естіп, көріп жүрміз. Еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы жер көлемі 220 миллион гектар болса, соның ішінде 187 миллион гектары – мал жайылымдары.

Осы жерге, қазіргі уақыттағы 30 миллион мал басын қалай бақса да болар еді, алайда, айтылған жайылымдар көлемінің 43 пайызы ғана қолданыста немесе 80 миллион гектары ғана игерілген. Сол себепті ауыл халқына жайылым жерлер жетпей отыр.
Қазіргі уақытта малдың көбі қыстақ пен жайлау-дан гөрі ауыл маңында жайылады. Сондықтан, ауыл маңайындағы 15-20 шақырымға дейінгі жерлер азып-тозып, табиғи өнімділігі жыл сайын төмендеп келеді. Осының салдарынан, қолданыстағы 80 миллион гектардың 27 миллион гектары деградацияға ұшыраған. Мал жайылымы кезеңдері мен жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормаларын бұзу, мал жаю ережелерін мүлдем елеусіз қалдыру салдарынан ауыл маңайындағы жайылымдар тақыр жерге айналып отыр. Осыған байланысты,

Milch cow grazing on green grass pasture over blue sky

зоогигиеналық ахуал да шиеленісіп, мал арасында аурулардың көбеюіне әкеліп соқтыруда. Осының салдарынан қажетті және толыққанды мал өнімдерін алу мүмкіндігі азайды.
Осы жайттарды ескерген Елбасы 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жер өңдеу мәдениетін өзгертіп, жаңа ғылыми, технологиялық, басқарушылық жетістіктерді пайдалана отырып, мал шаруашылығындағы дәстүрлерімізді жаңғырту қажеттігін атап өткен болатын. Осы тапсырманы жүзеге асыруда, мал шаруашылығын дамытуда еліміздің жер қорының 70 пайызын құрап отырған жайылымдық жерлерді, оның ішінде шалғайдағы жайылым алқаптарын қолданысқа енгізудің маңызы ерекше екені белгілі.
Тарихқа бет бұрсақ, 1913 жылғы санақ бойынша елімізде жалпы саны 93 миллион мал басы тіркелгенін көреміз. Ал, қазір ауқатымыз артса да, жағдайымыз түзелсе де, мал-қорамыз көбейсе де, елімізде мал басы 30 миллионға жетер-жетпес. Мал басы өткен ғасырдың басында қазіргіден үш есеге артық болғанын көріп отырмыз. Оның себебі, жайылымдық жерлерді табиғатына сәйкес дұрыс пайдаланған. Арада бір ғасыр өтсе де территория-мыз кеңіп, болмаса тарылып қалған жоқ. Бұрын ата-бабаларымыз жыл мезгіліне сай көктемгі, жазғы, күзгі, қысқы жайылымдар жасаған. Мәселен, көктемгі жайылымның нақты бір аумағына дәрумендік шөптер, дала гүлдері гүлдеген кезде ғана шыққан. Осы жерге мал қарасын 10 күнге ғана жайған. Қазіргі уақыттағыдай, жаздай бір жерді таптап мал қайырмаған, керісінше, ауыспалы жер технологиясын малдың ыңғайы үшін пайдаланған. Енді бір ерекшелігі, жаз айларында малды жусанды жерге бақпаған. Ол кезде жусанның гүлдейтін мезгілі, мал еркін жайылмайды, сондықтан, мал таптамасын деп қыс басталғанға дейін сақтаған. Есесіне қыстың бас кезінде жусанды жайылымды малдың иммунитетін көтеру үшін қолданған. Тек қана қараша айында, бірінші ақ ұлпақар түскен кезде ғана малды осындай жусаны бар жерге баққан. Осыған байланысты ақ-қара жусанда бағылған төрт түлік қыстай ауруларға шалдықпай, күйі таймаған. Қысқасы, жыл он екі айды малдың жайына қарай бөлген. Нәтижесінде мал басы көбейіп, табиғаттың тепе-теңдігі сақталған.
Айтылғандарға байланысты жайылым жерді жүйелі пайдалану тәртібін енгізу және мал бағу дәстүрін жаңғырту мақсатында жайылым мәселесін түбегейлі зерттеп, зерделеп, бір топ Парламент депутаттары «Жайылымдар туралы» заң жобасын жазып шықты. Оған 2017 жылдың 20 ақпанында Елбасы қол қойып, Қазақстан Республикасының «Жайылымдар туралы» Заңы толық күшіне енді. Бұл заң бұған дейін өздігімен реттеліп келген жайылымның мәселесін ата-бабаларымыз қалдырып кеткен ізбен ресми түрде реттелуін көздейтін ең алғашқы заң болып отыр. Бұндай заң елімізде бұрын-соңды болмаған. Заңда жергілікті атқарушы биліктің тетіктері арқылы ұйымдастыру, жоспарлау, басқару жүйесіне қатысты іс-шаралар легі нақтыланып заң жүзінде реттелген.
Заңның ең басты жаңалығы, еліміздің 2 548 ауылдық округінің әрқайсысы өз жерінің табиғи-климаттық ерекшеліктерін, тарихи қалыптасқан мал жаю дәстүрін ескере отырып, ауылдық округ және аудандық әкімдіктермен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп, жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жос-парды жасайды. Жоспарда ауыл округінің мал жайылатын жайылымдарының көлемі анықталады, оның нормадан тыс пайдаланылатын жерлерін, жері бар, бірақ, мал бағылмай бос жатқан жерін иелерін анықтап, сол арқылы жайылымдық жерлерді, жайылымды пайдаланушылар мен жер иелері арасындағы жағдайды реттеп, нормативтік талаптарға сәйкестендіреді. Жоспар жергілікті өзін-өзі басқару органында және аудандық маслихаттың отырысында қаралып, бекітіледі. Бұл құжат әділет органдарында тіркелуден өткеннен кейін құқықтық акт болып саналады. Осылайша ауылдық округтердегі жайылымдық жерлерді игеруде әр өңірдің өз жоспарына сай заңнамалық нормалары жұмыс істейтін болады.
Заңға сәйкес әрбір жайылым пайдаланушы Жоспарды әзірлеуге қатыса алады, яғни, ауылдық елді мекендердің аумағында өзіне жетерліктей жайылымдық жерді пайдасына алу мәселесін шешу оның өз қолында деген сөз. Жоғарғы мемлекеттік органдарға, министрліктерге немесе Үкіметке алаңдаудың ешқандай қажеттілігі жоқ, барлығы жергілікті жерде, яғни, ауылдық округ және аудан әкімдіктерінің құзыреттерінде толыққанды қарастырылған. Ал, егер ауылдық елді мекендердің аумағында жайылымдар жетпей жатса, онда жайылымдар ауыл округінің шегінде беріледі. Бұл мәселе аудан әкімі шешімімен жүзеге асырылады. Сол сияқты жер, аудан көлемінде жетіспей жатса, бұл мәселе облыстық деңгейде шешіледі, қолданыстағы заңымыз оған нақты мүмкіндіктер береді. Яғни, ауданаралық мәселелерді облыс әкімдерінің араласуымен, ал, облысаралық жайылымның түйіні уәкілетті органның ұсынысымен Үкіметтің атсалысуымен тарқатылады. Заң жүзінде жайылымдарды пайдалануға беру қысқаша осылай жүзеге асады.
Жоспарда жоғарыда айтып кеткендей, үш деңгейлі жайылымдық жерлерді пайдалану қарастырылған. Біріншісі, ауылдық елді мекендердің аумағы шегінде орналасқан жерлерді пайдалану. Олардың жалпы көлемі қазіргі уақытта шамамен еліміз бойынша 23 миллион гектарды құрайды. Бұл жерлер ауыл тұрғындарына тек қана сауын мал басын ұстау бойынша мұқтажын қанағаттандыру үшін тегін беріледі. Дегенмен, бұл жайылымдарда жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормалары сақталуы қажет, яғни, жайылымдарда бағылатын малдың 1 гектарға шаққандағы үлесі нормативтен аспауы керек. Егер де нормадан тыс асса, мал екінші деңгейдегі жайылымға немесе ауылдық округтың жеріне шығарылады. Ал, қазіргі кезде дәл осы жерлерде еліміздегі мал басының 80 пайызы жайылуда. Бұл жағдай ауыл маңайындағы жайылымдардың тозуына себепші болып отыр. Оның себептері, малы бардың бағатын жері жоқ, ал, жері бардың малы жоқ. Осы теңсіздікті шешу үшін, ауылдың маңайындағы жерлер ұсақ малдардан қой ешкілерден, жылқылардан босатылып, тек қана сауын малға қалдырылады. Ал егер де, ауылдың маңайындағы жайылым сауын малдың жайылуына жетпесе, онда Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 84-бабы 4-1-тармағына сәйкес мемлекеттің мұқтажын қанағаттандыру мақсатында, жетпейтін жердің бөлігі толықтырылады.
Екіншісі, ауылдық округтер шегіндегі жерлерді пайдалану. Олардың көлемі шамамен 60 миллион гектарға жуық. Оларға ауылдық округтердегі жерлерді жалға алған түрлі ЖШС, АҚ, ӨК, орман және су шаруашылығы мен айрықша күзетілетін аймақтар кәсіпорындарының жерлері жатады. Бұлардың көбінде малы жоқ, бірақ, малы бар шаруаларды жоғарыда айтып кеткендей, өз жеріне жібермейді, өйткені, жерді 49 жылға жалға алған. Заң аясында бұл қарама-қайшылықты шешуге мүмкіндік берілген. Ол үшін, бұл жерлер жер заңнамасында көзделген тәртіппен реттеліп, жайылымдық жерлері жоқ, бірақ, мал басы бар ауыл тұрғындарына беріледі.
Үшіншісі, шалғайдағы жайылымдар. Олар толығымен мемлекет меншігінде. Олардың жалпы ауданы 100 миллион гектардан асады. Бұларға мал айдап апарып, шалғайдағы мал жайылымдары ретінде қолдануға болады. Алайда, оған мал айдауға әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты қарапайым шаруаның күші жетпейді. Сондықтан, заңға сәйкес жергілікті ауыл округі және аудан әкімдігі өзін-өзі басқару органымен бірлесе отырып, мәслихат бекіткен жоспарға сәйкес «жайылым пайдаланушылар бірлестігі» деген ұйымдар құрайды. Мәселен, бір ауылдағы бір отбасының 50 қойы мен енді бірінің 100 қойын, үшінші үйдің 70 қойын біріктіру арқылы бір отар жинақтау көзделеді. Басқа малдың түрлері де осылайша біріктіріліп зооветеринарлық талаптарға сәйкестендіріліп жасалады. Осылайша олар шалғайдағы жайылымдарға шығарылады. Бұл дегеніңіз, елді мекендерде кооперативтік ұйымдарды және шағын орта бизнесті жандандыруға жол ашады.
Қорытындылай келе, «Жайылымдар туралы» Заңының басты мақсаты ауылда қолда ұстаған малды (әсіресе, қой, ешкі, ұсақ ірі қара, жылқы және т.б.), сауын малдан басқаларын, шалғайдағы (отгон) шүйгін жерлерге сыртқа шығарып, қыстақ пен жайлауларда ұстауға бағытталған. Бұл шара еліміздегі жайылымдық жерлерді тиімді пайдалануға, олардың тозу процестерін болғызбауға, нәтижесінде жыл бойы сапалы мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді. Бұған қоса, жайылымдарды ұтымды пайдалану үшін заң шеңберінде оларды түбегейлі жақсарту мәселесі қарастырылған. Ол үшін шығымдылығы жоғары көп жылдық шөптердің сорттарын егу арқылы жаңа шалғын өсіру көзделген. Сонымен қатар, екпе жайылымдарының көлемін ұлғайтып, шығымдары жоғары шалғын өсіріп, оларға ұтымды агротехникалық іс-шараларды қолданып, ғылыми негізделген жүйесін дамытуға жол ашады.
Депутаттар заңды қабылдап қана қоймай, оның орындалуын қатаң қадағалауда. Мәселен, 2017 жылғы 20 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелерін орындау жөніндегі шараларды қабылдау қажеттілігі туралы депутаттық сауал жарияланды. 2017 жылғы 30 қарашада Ауыл шаруашылығы министрлігінде заңның нормаларын түсіндіру бойынша облыстардың атқарушы органдарының өкілдерімен кездесу өткізілді. 2017 жылғы 7 желтоқсанда «Нұр Отан» партиясының алаңында «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты партияның сайлауалды бағдарламасының «Аграрлық сектор» комиссиясының отырысында облыс әкімдері орынбасарларының, облыстық ауыл шаруашылығы басқармалары басшыларының, әртүрлі деңгейдегі мәслихаттар депутаттардың қатысуымен селекторлық отырыс өткізілді.
Дегенмен, заңды орындау бойынша уәкілетті орган – Ауыл шаруашылығы министрлігінің және жергілікті атқарушы органдардың (ауыл, аудан әкімдігі) тарапынан заңның нормаларын орындау формальды сипат алған. Оны депутаттардың өңірлерде сайлаушылармен кездесу нәтижелері, көбінесе, ауыл халқы жергілікті өзін-өзі басқару субъектісі ретінде өзінің аталған заңнан туындайтын құқықтары мен мүмкіндіктері туралы білмейтіндігін көрсетеді. Оның себебі, бүгінге дейін заңнаманың нормаларын іске асыру бойынша тиісті әдістемелік, консультативтік іс-шаралар өткізілмеуі, халық арасында заңды түсіндірудің жоқтығы болып отыр. Бұл дегеніңіз, уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың құлықсыздығынан орын алуда деп түсінеміз.
Өкінішке орай, «Жайылымдар туралы» Заң қолданысқа енгеніне екі жылдан астам уақыт өтсе де, ауыл тұрғындары арасында жайылым жетпегендіктен, көптеген түсінбеушілікті тудырып отырған өткір мәселе ретінде қалып отыр. Осы орайда, заң мал басының өсуіне, өзіндік құны арзан әрі экологиялық таза мал шаруашылығы өнімдерін шығаруды арттыруға, ауыл шаруашылығына арналған жерлердің тозуын тоқтатуға, ең бас-тысы, еліміздің байлығы болып табылатын 187 миллион гектар жайылымдық жерлерді ұтымды пайдалануға бағытталғанына қарамастан, тиісті деңгейде толыққанды жұмыс істемей отырғандығы алаңдатады. Сондықтан, құзыретті органдар заңда бекітілген міндеттерін дер кезінде орындап, ауыл халқы алдында жауапкершіліктерін арттырса деген ой туындайды.

Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының кандидаты

Астана.

 

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *