Көктемгі қар суы тасқынының зардабын болдырмау қажет

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин кезекті жұмыс сапарымен Атбасар ауданында болып, көктемгі су тасқынының алдын алу шараларының

жүзеге асырылу барысымен танысты.

Атбасар ауданы облыстағы көктемгі су тасқынының қаупі жоғары өңірлердің бірі болып саналады. Бүгінгі таңда негізгі күш осында жұмылдырылып отыр. Облыс басшысы алдымен Атбасар қаласындағы Жабай өзені арқылы өтетін «Алматы-Екатеринбург» жолының бойындағы көпір маңында жүргізіліп жатқан мұз жару жұмыстарын бақылап көрді.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Алексей Советовтың айтуынша, ауданның 9 елді мекенінде су тасқынының алдын алу шаралары жүргізілген. Өткен жылы Жабай өзенінің арнасында ұзындығы 3 мың метр аумақта қамыс пен шөптен тазарту жұмыстары атқарылды. Аудан бойынша барлығы 54 мың текше метр қар сыртқа шығарылған.
Бұдан кейін, облыс әкімі қаладағы №1 шағын ауданда жаңадан салынған 45 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарына назар аударды. Бұл туралы аудандық құрылыс басқармасының басшысы Галина Мороз айтып берді. Оның сөзінше, бұл салынып жатқан тұрғын үйлердің он біріне 2017 жылы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар қоныстанатын болса, біреуі аудан әкімдігінде баспана кезегінде тұрғандарға берілмек. Сонымен қатар, қауіпті аймақта орналасқан №1 орта мектептің маңы құм толтырылған қаптармен қоршалып, арықтар мен су жіберу нысандары тазалануда.
– Биыл өңірде қардың көп түскені байқалады. Сол себепті, су тасқынының қаупі де жоғары. Алдыңғы жылдардағы жағдай қайталанбас үшін алдын алу шараларын бір сәтке де кешіктірмей жүргізуіміз керек, – деді облыс басшысы.
Облыс әкімі Жабай өзенін бойлай тұрғызылған бөгеттің беріктігіне назар аударып, су басу қаупі бар тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандар мен көшелердің, арықтар мен су жіберу нысандарының дер кезінде қардан тазалануын да естен шығармауды ескертті.
Жалпы, қазіргі кезде облыс аумағындағы өзендердегі мұз қатпары қалың. Кейбір тұстарында ғана сәл жібігені байқалады. Яғни, қалың қар мен мұз еріген кезде су тасқыны қаупі де күшейе түсері анық. Сондықтан, апатты болдырмау шараларын уақыт өткізбей ұтымды жүргізу қажет. Облыс әкімі құзырлы орган басшыларына осы жайды қатаң тапсырды.

Аслан Оспанов.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *