«Мемлекеттік тіл – менің тілім!»

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева «Мемлекеттік тіл – менің тілім» тақырыбында

Көкшетау қаласының белсенді жастарымен кездесу өткізді. Шараға жергілікті жоғары және арнайы орта білім беру орындарының оқытушылары мен студенттері, белсенді жастар қатысты.

Жиынды ашқан Гүлжанар Шөкеева жас-тар арасындағы тіл саясатын жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
– Елбасы өзінің Жолдауында: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді», – деп айтқан болатын. Өткен жылғы Жолдауында «Әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы» жөнінде нақты айтылып, бөлек тармақпен белгіленген. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді», – деген еді Елбасы. Демек, қоғам санасының оянып, жаңа заман ағымына бет бұруы байқалуда.
Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына ауыстыру «Рухани жаңғырудың» ең негізігі бағыты деп айтуға болады. Себебі, латын әліпбиі – Ұлы дала елін әлемдік өркениетпен қабыстыратын алтын көпір, – деді басқарма басшысы.
Жиында Жастар жылы Ақмола облысында бірқатар жобалар жүзеге асырылатыны айтылды. Осы орайда, мемлекеттік саясатты халықаралық, республикалық жəне жергілікті деңгейде жүзеге асырудың басты бағыты мен жастардың жан-жақты дамуы туралы Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы жастар саясаты мәселелері бойынша бөлім басшысы Дамир Іргебаев айтып берді.
Ол жастардың əлеуметтік мәселелерінің шешілуі мəселесіне тоқталды.
– Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға ұдайы назар аударып келеді. Биыл Жас-тар жылының жариялануы соның айғағы іспеттес. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында еліміздің келешек жас-тарын тарих, халқымыздың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі сияқты құндылықтарды бо-йына сіндіре отырып патриоттық және отан-сүйгіштікке тәрбиелеуге назар аударылған.
2018 жылы тиімді жұмыспен қамтуды және жаппай кəсіпкерлікті дамыту бойынша 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламаға 5615 адам қатысты. Жыл ішінде еңбекпен қамту органдары арқылы 4830 жас жұмысқа орналасты. Көкшетау қаласында «Ақмола жастары» бағдарламасы бойынша 424 жас отбасына арналған 6 тұрғын үй салынатын болады, – деп атап өтті Дамир Іргебаев.
Бұдан бөлек, жиында биылғы жылы Зеренді ауданында Елбасының қатысуымен жастардың жазғы демалыс лагері өтетіні, Ақмола жастарына арналған кітап шығарылатыны және «Zhas project» жастар корпусын дамыту жобасы жүзеге асырылатыны да айтылды.
Сонымен қатар, кездесуде жастар тарапынан белсенділері сөз алып, өңір жастары арасында мемлекеттік тілді кеңінен қолдану туралы өз ойларын ортаға салды.
Көкшетау техникалық институтының курсанты Әділет Серік, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары колледжінің жастар мәселесі комитетінің төрайымы Рәзиха Қарбаева мен осы колледждің студенті Егор Тихонов, «Жаңа толқын» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жайнагүл Қаппасова, Көкшетау қалалық №1 орта мектептің ұстазы Олжас Жеңіс және Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Ботагөз Әбсадық мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту туралы өз ұсыныстарын білдірді.
– Қазақ тілі өзге тілдермен салыстырғанда өте бай тіл. Бірақ, өкінішке орай соңғы кездері тіліміз шұбарланып барады. Бұған әрине, өзге тілде сөйлейтін өзіміз кінәліміз. Сондықтан, тіліміздің мәртебесін көтеру үшін, ең алдымен өзіміз бір-бірімізбен қазақша сөйлесуіміз керек, – дейді Әділет Серік.
Жиынды қорытындылаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева еліміздің келешегі білімді жастардың қолында екенін айта келе, осы күні сөз болған жастардың әрбір ұсыныс-тілектері ескеріліп, алдағы уақытта сол бойынша жұмыс істелетіндіктерін атап өтті.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *