Жанкүйерлерін қуантты

Өткен сенбі күні Көкшетау қаласында жергілікті «Оқжетпес» футбол командасы Ақтөбелік «Ақтөбені» қабылдап, қонақтарды 4:0 есебінен ойсырата жеңді.

Футболдан Қазақстан чемпионатының 20-шы туры шеңберінде өткен кездесудегі маңызды жеңіс қос команда үшін де ауадай қажет болатын. Жеңілістен көз ашпай турнир кестесінің соңында тұрған «Ақтөбе» үшін Премьер-Лигадан шығып қалмау болса, «Оқжетпес» үшін үздік бестіктен көріну. Сол себепті де ойын тартысты өтті.
Кездесудің алғашқы минутынан шабуылға шыққан қонақтардың Көкшетауға тек жеңіс үшін келгені сезіліп-ақ тұрды. Алайда, ойынның небәрі 7-ші минутында «Оқжетпестің» жартылай қорғаушысы эстондық Артем Дмитриев қонақтардың қақпасына алғашқы допты салып, алаң иелерін алға шығарды. Осыдан кейін жерлестеріміз шабуылын одан сайын үдете түсті. Бірақ та, қонақтар дес бермеді. Алғашқы кезеңде есеп айырмасында өзгеріс болмады.
Екінші таймда алаң иелері ширақ ойнап, қонақтардың қақпасын торауылдаумен болды. Кездесудің 54-ші минутында осындай шабуылдан туындаған ұтымды сəттердің бірінде Жасұлан Молдақараевтың шірене тепкен добы қақпаға дарыды. Ал, 76-ші минутта Дмитриев осы кездесудегі екінші добын соғып, есепті еселей түссе, кездесу аяқталар 83-ші минутта черногорлік жартылай қорғаушы Дарко Зорич ойынның соңғы нүктесін қойды.
Осылайша сүйікті командасының жеңісіне қуанған жергілікті жанкүйерлердің тілімен айтқанда өз алаңында 4:0 есебімен басым түскен оқжетпестіктер 24 ұпаймен турнир кестесінде 8-ші орынға жайғасса, жеңілістен көз ашпай келе жатқан ақтөбеліктер ең соңғы орынға сырғыды. Ал, футболдан Қазақстан чемпионатын 41 және 39 ұпайымен «Астана» мен «Тобыл» командалары көш бастап тұр. Одан кейінгі үшінші орында Алматының «Қайраты» келеді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар