Шілденің аптап ыстығында өрт қауіпті бола түсті

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғаныс полковнигі Манарбек Шапағатов жаз айларындағы өрт қаупі жөнінде айтып берді.

Департамент бастығының айтуынша, қауіпті маусым 12 сәуірде басталыпты. Дегенмен, биыл көктем мен жаз айының басы салқын болып, өрт сөндірушілер әбігерге көп түспеген екен. Бұл маусымға дайындық кезінде орман өртінің алдын алу және онымен күресу шараларының жоспары бекітілген екен. Биылғы жылы космостық мониторинг қызметін алу үшін «GeoSat» серіктестігімен келісім-шарт жасалыпты. Манарбек Шапағатовтың айтуынша, өңірдің орман қоры аумағындағы өрт қауіпсіздігін орман шаруашылығының аумақтық инспекциясы мен орман иелері бақылайтын көрінеді. Мемлекеттік өрт қызметінің бөлімшелері жоқ жерде өртті бақылайтын бекеттерді ұйымдастыру және оның елді мекендерде материалдық-техникалық жабдықталуы жергілікті биліктің міндетіне кіреді екен. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы орган өз аумақтарында дала өртін сөндіреді.
– Осы маусымда облыста 28 орман өрті болды. 56 рет даланың құрғақ шөбі жанды. Орман өртінің көбеюі қауіпті өрт жағдайына ықпал етті. Осы күндері облыс аумағында күн ыстық болды. Шілде айының онкүндігінде жауған жаңбыр автокөлік пен темір жолдың бойында, орман мен далада шөптің қаулап өсуіне жағдай туғызды. «Бурабай» ұлттық табиғи паркіндегі Жекебатыр тауында шөп пен ағаш өртеніп, біраз шығын әкелді. Бұл өрт арнайы тікұшақпен сөндірілді. Жалпы 177 адамнан тұратын 55 жедел топ құрылды. Бүгінгі күнге дейін бақыланбайтын оттың алдын алу үшін 401 рейд жүргізілді. Нәтижесінде 47 адамға ескерту жасалды. Шалғайдағы елді мекендерде 28 өрт бекетін құру Ақмола облысы аумағын дамыту бағдарламасына енгізілді. Қазір бұл өрт сөндіру бекетінің 21-і құрылды. Биылғы жылы тағы 6 бекет салынады деп жоспарланған,– деген азаматтық қорғаныс полковнигі келесі жылы тағы 5 өртті бақылау бекеті салынатынын айтты.
Облыста 208 ерікті өртке қарсы құрылым дайындықтан өтуде. Оның құрамына 1141 адам тартылған. Өрт қаупі туындайтын маусымға 183 арнайы техника, 3 су сорғыш станциясы, 506 ранцелік өрт сөндіргіш, 13 мотопомпа дайындалыпты. Брифинг соңында өрт қауіпсіздігі ережесі жөнінде айтылып, журналистер сауалына жауап берілді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар