Тағылымды кеш

Елордада Оқушылар сарайында «Ана тілім – ардағым» атты рухани-тағылымды кеш өтті. Шара барысында Алаш арыстары – Міржақып Дулатовтың, Ғұмар Қараштың және Халел Досмұхамедұлының ХХ ғасыр басында қазақ тілінің болашағына алаңдап жазған монологтары оқылды. Әсіресе, Міржақыптың «Ауыл тілі» монологындағы «тілмәштар тілімізді шұбарлап, бұзып жатыр. Газет-журналдың бәрі қарапайым ауыл тілімен шықса ғой» деген секілді ойлары залда жиналған көрерменге ойтүрткі болды. Бір ғасыр бұрын Алаш қайраткерлері күңірене айтқан ойлар, олардың тіл болашағына алаңдап жазған хаттары, мақалалары әлі күнге дейін өзекті.

Соңғы жылдары Елордада ашылған мектептер саны аз емес. Солардың дені – мемлекеттік тілде оқытатын білім ошақтары. Алайда, қалада қазақ мектебінде оқыса да, сабақтан тыс уақытта, тіпті мектепте үзіліс кезінде дәлізде орысша сөйлейтін балалар көп. Осы келеңсіздік қысқаша сахналанып, ұлттық рухта тәрбиелеп жүрген ақсақал мен немересінің диалогы ұсынылды. Немересінің бойына ұлттық патриотизмді дарытып, оған туған тілінің болашағын аманаттап, көркем ой, көшелі сөз айтатын қарияның образын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының актері Болат Ыбыраев әсерлі сомдады. Бұл көрініс көпті толқытпай қоймады.
Кеш үстінде Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы өткізген «Менің көшем» жобасының қорытындысы жарияланды. Басқарма басшысы Тілеуғали Қышқашбаевтың айтуынша, елордада қазіргі таңда 1500-ден астам көше бар, солардың 950-інің аты қазақша екен. Алайда, кейбір көшелердің атауы қайдан шыққанын немесе көшеге есімі берілген тұлғалардың кім екенін жақсы білетін азаматтар аз. «Менің көшем» жобасы осы кемшіліктің орнын толтырып, тарих пен тұлғаларды дәріптеу мақсатында елордадағы болатын осы акция кезінде белсенділік танытқан Гаухар Қақболқызы, Сүйіндік Серікұлы, Базарбек Темірұлы басқарманың Алғыс хатымен және сый-сияпатпен марапатталды.
Эстрада жұлдыздары Мөлдір Әуелбекова мен Ибрагим Ескендір тіл, ел жайлы патриоттық сарындағы әсем әндерімен кештің көркін кіргізді.
Нәзира БАЙЫРБЕК.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар